Арақ пен темекіден бас тартқан 60 үйлі ауыл бар – ШҚО (Фоторепортаж)
Арақ пен темекіден бас тартқан 60 үйлі ауыл бар – ШҚО (Фоторепортаж)

Ұлан ауданында Жанұзақ деген 60 үйлі  ауыл бар.  Altaynews сайтының тілшілері береке-бірліктің, тынымсыз еңбектің арқасында өзгелерге үлгі болып отырған Жанұзақтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

300-ден астам тұрғыны бар ауыл  Өскеменнен 50-ақ шақырым жерде орналасқан.

- Өзім 40 жыл мұғалім болған адаммын. Ұстаз болған соң оқушыларымызды ауылда қалып, шаруашылық жүргізуге үгітттедік. Соның арқасы деп ойлаймын, Жанұзағымыз әлі күнге дейін ынтымағы бар, берекелі ауылдардың бірі болып отыр. Кәсіпкерлеріміз, мектебіміздің беделді түлектері ауылды дамытуға ат салысып келеді, - дейді ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Мағауянов.

Марат Мағауянов

Мысалы, осы ауылдың тумасы қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембиновтің тікелей жетекшілігімен футбол алаңы салынған. Жасанды газон төселген  жасыл алаңда ауыл бүлдіршіндері асыр салып жүр. Футболдан турнирлері де жиі ұйымдастырылып тұрады.

Қазір ауыл халқы мектептің жанынан балаларға арнап өз қаражаттарына хоккей алаңын салып жатыр. Идеяның бастамашысы – мектеп күзетшісі Базарғали Қожамсейтов. Идеяны ұсынып, оның жүзеге асуына тікелей мұрындық болған азаматты бүкіл ауыл тұрғындары қолдап, ортақ қазанға ақша жинап, жұмысқа білек сыбана кіріскен.

-Өзім осы мектепте оқыдым, қазір мектепте жұмыс істеймін. Балаларға жақсылық болсын, хоккей ойнап үйренсін деп осындай игі істі қолға алдық. Өзіміздің ауылдың да, басқа ауылдардан да, қаладан да адамдар келіп, болысып жатыр, - деді Базарғали Қожамсейітов.

Базарғали Қожамсейітов

Мектеп демекші, биыл Шөки Башиков атындағы негізгі мектепке 50 жыл толады. Осыған орай мемлекеттік бюджеттен мектеп ғимаратын жөндеуге қаражат бөлінген. Ал білім ордасының түлектері мектептің бүкіл жиһазын жаңартып бермек.

- Мектебімізге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандар келіп жатыр. Аудан тарапынан оларға жақсы қолдау көрсетілуде, - дейді мектеп директоры Бибігүл Қасымова.

Бибігүл Қасымова

- Мектебіміз шағын болғанымен ауданның үздік бестігіне кіріп отыр,-дейді ақсақалдар кеңесінің мүшесі Тұрсынбек Сағындықов.

Тұрсынбек Сағындықов

Ауылдың тағы бір ерекшелігі - мұндағы той-томалақ, жиындар  ішімдіксіз өтеді екен. Дүкенде арақ-шарап, темекі сатылмайды. Себебі мүлдем сұраныс жоқ. Ауыл халқы соңғы үш жылдың көлемінде зиянды әдеттің бәрін қойған. Жасы да, жасамысы да салауатты өмір салтын ұстануға тырысады.

- Сұраныс жоқ, сұраныс болмағаннан кейін алкоголь және темекі тауарларын ауылға әкелмейміз, - дейді Жанұзақтағы жалғыз дүкеннің иесі Зинаят Сабырова.

Зинаят Сабырова.

Айтпақшы, ауылда интернет жоқ. Орталыққа жақын орналасқанымен, ғаламтор желісі әлі тартылмаған. Есесіне, ауыл тұрғындары телефонға тәуелді емес. Айтуларынша, балалар да үлкендер де бос уақыттарында футбол ойнайды. Қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісіп кетеді.

Ауыл халқы осы тұста тұрғындарды, әсіресе, жас буынды имандылыққа тәрбиелеп отырған мешіттің жұмысын ерекше атап өтті. Тұрғындар жұма намазынан қалмайды екен. Жақын арада ауылда медресе ашылмақ. Бұл – ауыл имамының бастамасы.

 - Шағын медресеміз ашылғалы жатыр. Балалар келіп, медреседен білім алса дейміз. Адамдар мешітті құлшылық ететін, садақа беретін орын деп қабылдайды. Бірақ жақсылықтың барлығы осы мешіттен басталу керек, мешіт адамдарға үлгі болуға тиіс,-дейді Жанұзақ мешітінің имамы Нұрлан Харласаласхан.

 

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
23 күн бұрын 795
0 пікір
Блог туралы