"1,5-2 миллионнан басталады": Алматының бай-бағландары шариғатқа қарсы болса да зиратта күмбез көтеруден қалай жарысады
"1,5-2 миллионнан басталады": Алматының бай-бағландары шариғатқа қарсы болса да зиратта күмбез көтеруден қалай жарысады

Биік күмбездер, мәрмәр тастар, ескерткіштер... Бұл саябақ немесе мұражай емес, Алматыдағы ең атақты қорым Кенсайдың бейнесі. Бай-бағландар мен зиялы топ өкілдері жатқан Алматыдағы бұл зиратқа екінің бірі жерленбейді. Тек қалтасы мен беделі көтергендер ғана. Қалталылар қабірі бір-бірінен асып түседі. Мұсылман моласы барынша қарапайым болсын деген шариғатта айтылған өсиет жайына қалған сыңайлы. Stan.kz тілшісі Алматыдағы ең атақты зират басына барып, онда қызмет ететіндермен тілдесіп қайтты. 

Қорымға барсаңыз, бір сәтке зират басында жүргеніңізді ұмытып қаласыз. Бәрін шариғат шеңберінде істеп жатырмын деп ойлайтын марқұмның туыстары шырақшылар айтатын ескертпені елемейтін көрінеді.  

Stan.kz тілшілері Кеңсай зиратына барып, қабіршілермен тілдесіп, мұндай қымбат қабірлердің қанша тұратынын білуге тырысты. Бағасын естіп, жағамызды ұстадық. Камерамызды көріп сескенді ме, әлде журналист болғасын жасқанады ма, әйтеуір, қабіршілер бәрі келісіп алғандай жұмған ауыздарын ашпады. Бәрінің айтатыны: "Туысымыздың моласы, тегін істеп жатырмыз". Тек Марат (есімі өзгертілді - ред.) есімді қабіршіні сөзге тартуға мүмкіндік болды.

"Істеп жатқаныма 12 жыл болды. Мола басына көктас койып қоршаймыз. Нысанның көлеміне қарай ақша аламыз. Шаршы метріне 6-7 мың. Айына 300-400 мың ақша шығады", - дейді ол істеген жұмысына алатын ақысы туралы. 

Құрылысшыларға кімнің күнәға батып жатқаны қызық емес, өз жұмыстарын уақытында өткізіп, келіскен ақысын төлесе болды. 

"Көк тасты арнайы шет елден алдыратындар бар. Бірақ басым бөлігі осы Қазақстаннан шығатын тастарға тапсырыс береді. Олардың ең арзаны шаршы метріне 7-8 мыңнан басталып, 25-30 мыңнан асып кете береді. Шет елден келетін тастардың бағасы 200-300 доллардан басталады. Біз бұлай жасауға болмайды деп естіп жатамыз. Тапсырыс берушіге де ескертеміз. Бірақ біздің айтқанды тыңдамайды. Жұмысымызды тиянақты істеп, уақытында өткізсек болды", - дейді ол. 

кеңсай

Қабірдің жыры мұнымен бітпейді. Көтерілген күмбездің тазалығы мен қауіпсіздігі де жіті назарда. Кейбірі камера, "сергек" қойып күндіз-түні бақылауға алған. 

Зират шырақшысын сөзге тартпақшы болғанымызда ашылып ештеңе айта қоймады. Журналист екенімізді естіп, диктофон қосуға да рұқсатын бермеді. Бірақ бай-бағландар қабірдің қарапайым болғанын қаламайтынын, барынша зәулім етіп салатынын айтты. Шырақшылар мұның дұрыс еместігін айтқанымен, тыңдамайтын көрінеді. 

"Шариғат пәтуәсі бойынша бақилық болған адамның моласы барынша қарапайым болуы керек. Аты-жөні мен туған-қайтқан күні жазылса, жеткілікті. Бірақ қазір абыройлы адамдар қарапайым болғанын қаламайды. Барынша зәулім етіп салады. Оның дұрыс еместігін айтамыз, ескертеміз. Алайда тыңдайтын құлақ жоқ, айтқанын істейді", - дейді ол. Тек ілуде біреуі жөн-жосыққа ден қойып, шариғат шеңберінен аспайтын көрінеді.

кеңсай

Кеңсай зиратында жұмыс істеп жүргеніне 20 жылдан асқан қабіршінің айтуынша, танымал адамдардың қабірінің тасы ең кем дегенде 1,5-2 миллионнан басталатын көрінеді. Қабірге көбіне қазақстандық тастарды қолданады екен, дегенмен керек болса арнайы тастарды Қытай, Германия, Италиядан алдырту түк емес.

Кеңсай әкімшілігінен зираттың бүгінгі хәл-ахуалы жайлы пікір сұрамақшы болып барғанымызда, өкінішке орай, жұмыс орнынан таба алмадық. Зираттағы қымбат қабірлер мен жердің сатылатыны туралы ел арасында жүрген әңгімелерге жауап есту бұйырмады. 

Адамдар ойына келгенді істеп, дінді аяқ асты етпес үшін ҚМДБ өкілдері 2017 жылы "Жаназа мен жерлеу рәсімдері" пәтуәсін жасаған. Оған сәйкес мұсылман қабірі барынша қарапайым болуы керек. Мүсін тұрғызып, сурет салуға рұқсат жоқ. Бұл тек бізде ғана емес, мұсылман елдердің бәрінде осы дәстүр сақталған. 

"Шариғатымызға сай марқұмың қабірі түйе өркешіндей биік болуы керек. Сырттан топырақ салуға болмайды, міндетті түрде өз топырағына көму керек. Зират қоршалған болса, қабірді қоршамаса да болады.  Ал зираттың айналасы қоршалмаған болса, аяқасты болып кетпес үшін қоршап қояды. Басына белгі ретінде қойылған көк тасқа суретін салуға болмайды", - дейді ҚМДБ-ның пәтуа бөлімнің өкілі Қайрат Дабылов.

кеңсай

ҚМДБ өкілі Кеңсайдың қазіргі сиқының шариғатқа сай келмейтін тұстары жайлы жасырмайды. 

"Көпшілік шариғат бойынша қалай жерлеуді дұрыс атқарамыз деп сұрап жатады. Дегенмен халық арасында шариғатқа томпақ келетін дүниелерді де көзіміз көріп жүр. Оның бірі қабірді шектен тыс әшекейлеу, сурет салу. Бұның барлығы шариғатта тыйым салынған істер. Шариғатымыз жерлеу рәсімінде барынша шектен шықпауға тырысады. Өйткені бұл ысырапшылдыққа жол ашады. Халқымыз шариғат жолынан алыстамаса екен", - деген ол марқұмның артынан қайырлы болатын істер туралы да атап өтті. 

ҚМБД өкілі қайтқан адамның артынан қабір салып жарысқанша, дұға тілеп, садақа берген әлдеқайда сауапты іс екенін айтады. 

"Ағайын-туысына міндет болатын парыздар бар. Қайтқан кісінің қарызын өтеу, қалдырған өсиеті болса орындау. Сондай-ақ ол кісі үшін дұға тілеу, артынан тек жақсы сөз айту, шамамыз келгенше сол кісілердің атынан садақа беру - біздің міндетіміз. Құрбандық шалып, умра немесе үлкен қажылығын өтеуге болады. Марқұмға пайдасы тиетін нәрселер осылар", - дейді Қайрат Дабылов.

"Жаназа" пәтуасында мақтану, бәсекелесу, байлығын көрсету үшін кесене тұрғызу – харам іс екені айтылған. Өйткені қабір уақыт өте келе жермен тегістеліп кетуі тиіс. Қыруар қаражатқа тұрғызылған мұндай кесененің марқұмға пайдасы мен сауабы тимейді, жай ысырап дүниеге айналады. 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1807
0 пікір
Блог туралы