Әлем лидерлерінің резиденциялары қандай?
Әлем лидерлерінің резиденциялары қандай?

Ресми жаңалықтардан күнде көретін Ақорданы жақсы білеміз. Ал әлемді билеп-төстеп отырған лидерлердің резиденциясы қандай екенін біле бермеуіміз мүмкін. Білгіңіз келсе, Nege.kz сараптамасына назар салып көріңіз. 

Ақ үй, АҚШ

Жобасын ирландиялық архитектор Джеймс Хобан жасаған. Құрылысы 1792-1800 жылдары жүргізілді. Ең алғаш Ақ үйге 1801 жылы АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон көшіп келді. Содан бері АҚШ-тың барлық президенттері отбасымен Ақ үйде тұрады.

Әлемнің тағдырын шешетін түрлі шешімдер осы Ақ үйдің ішінде қабылданып жатыр.

Ақ үй алты қабатты. Екі қабаты жер астында. Тағы екі қабатында қоғамдық қабылдаулар жүреді. Қалған екі қабатында президент отбасымен тұрады.

Чжуннаньхай, ҚХР

Пекиндегі «Тыйым салынған қаланың» іргесіндегі қолдан жасалған көлдің жағасында орналасқан. Чжуннаньхай – «Орталық және Оңтүстік теңіз» деген ұғымды білдіреді екен.

Қытайдың кіл қаймақтарының резиденциясы орналасқан аумақ болған соң, бұл жерді «Тыйым салынған жаңа қала» деп атайды.

«Тыйым салынған жаңа қала» деп аты айтып тұрғандай, сыртқы келбеті ғана болмаса, ҚХР-дің қазіргі төрағасы Си Цзиньпин сұлу әйелімен бірге қандай резиденцияда тұратынын тап басып айту мүмкін емес.

Кремль, Ресей

Ресей президенті Владимир Путиннің жұмыс резиденциясы Кремльдегі Сенат ғимаратында. Сенат ғимаратын 1779-1787 жылдары архитектор Матвей Казаков салған. 1995 жылы қайта жөнделген.

Ресей президентінің резиденциясы іскерлік және парадтық бөлімнен тұрады. Президенттің жұмыс кабинеті резиденцияның іскерлік бөлімінің қақ ортасында екен.

Кремльдің 14-корпусында, Спасскі қақпасының жанында президенттің тағы бір кабинеті бар. Бұл кабинет мемлекет басшысы жыл сайын жолдауын оқитын Марамор залға жақын.

Даунинг-стрит 10, Ұлыбритания

Бұл мекен-жай 1905 жылдан бері Ұлыбритания премьер-министрлерінің тұрақты ресми резиденциясы саналады. Лондонның тарихи ауданы Вестминистрдегі Даунинг-стрит көшесінде орналасқан.

1721-1742 жылдары британияның бірінші премьер-министрі болған Роберт Уолпол архитектор У.Кентуге өзіне бөлінген үш ғимаратты қосуға тапсырған. Үш ғимараттың бірі сэр Джордж Даунингтің резиденциясы болған екен. Кейіннен көше соның атымен аталған.

Үш ғасырлық тарихы бар ғимаратта жүзден астам бөлме бар. Мұнда премьер-министр Борис Джонсонның кабинеті, өзге елдердің басшыларын қабылдайтын бөлме, үкімет отырысы өтетін зал орналасқан. Ішкі алаң мен террссадан 2000 шаршы метрлік бақ көрінеді. Бір қызығы, резиденциядағы есіктердің барлығы тек ішінен ашылады.

Елисей сарайы, Франция

Елисей сарайы – Франция президенті Эмманюэль Макронның резиденциясы. Сондай-ақ мұнда Франция министрлер кеңесінің отырысы өтеді.

Бұл сарайда президент Макрон өзге елдердің басшыларын Республикалық гвардияның салтанатты қарауылымен қабылдайды.

Ғимаратты 1718-1722 жылдары архитектор Арман Клод-Молле граф Эвреге арнап салған екен. Наполеонға дейін ғимаратты түрлі графтар мен король туыстары иеленген. Кейінірек Наполеон Елисей сарайын үкімет жұмыстарына пайдаланған.

1848 жылдан бастап Наполеон Бонопарттың ресми резиденциясына айналды. 1853-1867 жылдары императордың бұйрығымен архитектор Жозеф-Эжен Лакруа сарайды қайта салып шықты. Содан бері сырт келбеті өзгерген жоқ.

Мезеберг сарайы, Германия

Германияның федералды президентінің ресми резиденциясы – Берлиндегі Белвью сарайы. Бірақ біз Германия канцлері Ангела Меркельдің мәртебелі қонықтар қабылдайтын Мезеберг сарайы туралы сөз етеміз.

Сарай Берлиннен 70 шақырым жердегі Гранзе қаласында орналасқан. Бір қызығы, Гранзеде бар-жоғы 150 адам тұрады екен.

Сарайды граф Герман фон Вартенслебен 1739 жылы салдырған. Түрлі графтар мен ханзадалар иелік еткен сарай 1945 жылы мемлекеттің қарауына өтіп, азық-түлік дүкені, балабақша болған. Соғыстан кейін екі бөлініп қалған Германия қайта қосылған соң сарай біраз уақыт бос тұрыпты.

1995 жылы сарайды Мессершмид қоры сатып алып, қайта жөндеген. 2004 жылы федералды үкіметке символикалық 1 еуроға 20 жылға жалға берілді.

Бұл сарайда Ангела Меркель Ресей президенттері Д.Медведевпен және В.Путинмен кездескен.       

Орталық Азия көшбасшылары қалай тұрады?

Орталық Азияда өзара бәсекелес елдер жоқ емес. Қай елдің әлеуеті қандай екенін сарайына қарап білуге де болады...

Ақорда, Қазақстан

Ақорда – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұр-Сұлтан қаласында, Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан резиденциясы.

Ақорда 2004 жылы салынып бітті. Жалпы көлемі – 36 720 шаршы метр. Ғимарат жер бетінде 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады.

Бұған дейін Тұңғыш президент Н.Назарбаев, ал қазір  Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев шетелдің басшыларымен осы Ақордада кездеседі.

Көксарай, Өзбекстан

Өзбекстан президенті Шафкат Мирзиеевтің басты резиденциясы Көксарай саналады. Маңызды кездесулер мен қабылдаулар, жиындар осында өтеді.

Тоқсаныншы жылдары Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов Әмір Темірдің Самарқандтағы Көксарайының құрметіне осы сарайды салдырып, Көксарай деп атаған.

Көксарайдың ерекшелігі сол, аты айтып тұрғандай, жасыл желекке оранған. Күзетінің күштілігі соншалық, президенттің жеке күзеті, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі, ІІМ және Ұлттық ұлан Көксарайдың төбесінен құс ұшырмайды.

Ала-Арча, Қырғызстан

Салыстырмалы түрде қарағанда, Орталық Азиядағы ең қарапайым «ақ үй» Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың резиденциясы болуы мүмкін.

Ала-Арчада президент шетелдік қонақтарды қабылдайды, мемлекеттік маңызы бар кездесулер өткізеді және отбасымен бірге тұрады.

Түрлі кездесулер, конференциялар өткізу үшін Ала-Арча резиденциясының бөлмелерін жалға алуға да болады. Құны 4 мың мен 50 мың сом аралығында.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1707
0 пікір
Блог туралы