Антрополог ғалым "Қазақ деген халық жоқ" дейтіндерге жауап берді
Антрополог ғалым "Қазақ деген халық жоқ" дейтіндерге жауап берді

Оразақ Смағұлов, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог. Фото: qazaquni.kz

Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов "Қазақ деген халық жоқ" дейтіндерге жауап берді. Бұл туралы ғалым Тимур Балымбетовке Balu KZ арнасында берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ғалымның айтуынша, "Әлемде қазақ деген халық жоқ" деген сөзді ХVIII ғасырдың басында ғалымдар айтқан. Бірақ дәлел келтірмеген.

"Қазақ халқы "самозванец", қағазда ғана бар. Бұлар моңғолдардың, қалмақтардың, қырғыздардың бөлшектері" деген. Осы айтудан басқа, келтірген ғылыми дәлелі жоқ. Ал енді біз 5 ғылыми сала бойынша зерттеп келсек, салыстырып келгенде барлығынан айырылады. Сондықтан босқа, дәлелсіз айтқан сөзге біз бас ие алмаймыз. Қазақтың өзінің биологиялық тарихы мен нәсіл ерекшеліктеріне байланысты, қытай халқының деректерін айтты, араб-парсы деректерін айтты, орыс деректерін айтты, Византия деректерін айтты - онда біздің жұмысымыз жоқ", - деп келтірді дәлелін ғалым. 

Смағұловтың айтуынша, архивтегі кез келген дерек - субъективтік тұрғыдан жазылған дерек. Ол өз заманына, мемлекетіне байланысты. Ал биологиялық ерекшелік - табиғи даму сатыларымен ғана қалыптасқан. Онда ешқандай субъективтік көзқарас жоқ. 

"Сіз осындай фактіге ғана жүгіне аласыз. Осы тұрғыдан келгенде қазақты жоқ деп айтуға ешкімнің ешқандай бұдан былай құқығы жоқ. Қазір еңбегіміз қытай тіліне аударылып жатыр. Ал егер осы кітап құнсыз болса, ғылымда ешқандай пайдасы болмаса, бір миллиард халық не үшін осы еңбекті өз тіліне аударып жатыр? Олар қазақтың осындай ерекшелігін білгісі келеді. Антрополог мамандары қалай дәлелдеді екен деп қарайды. Өздерін де, әлемдегі ерекшелігін, даму, өрбу жолдарын сондай жолмен дәлелдегісі келеді", - дейді антрополог ғалым.

"Сондықтан, бағым - құдай маған бұл өмірді берді, мен өмірді құр өткізгенім жоқ. Халқымның игілігіне пайдаландым. Бүгінгідей қазақтың 50 ғасырлық биологиялық тарихы барын ешкім аузын ашып, қағаз бетіне жазған емес", - дейді өмірін осы ғылым саласына арнаған академик.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік "Первый канал" эфирінде Мемлекеттік Дума депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан туралы айтқан сөзі желіде тараған еді. Депутат эфир барысында Қазақстан деген ел болмады деген. 

"Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде қоныстанбаған. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы", - деген еді Никонов "Большая игра" бағдарламасында.

Кейін ҚР СІМ ресейлік депутаттың Қазақстан аумағы туралы мәлімдемесіне жауап берді.

Даулы мәлімдеме жасаған ресейлік депутат өз сөзін былай түсіндірген:

"Қазақ КСР шекарасын бекітуде Қазақстан мүддесі толықтай ескерілді. Кейін Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болды. Мүмкіндікті пайдалана отырып, бауырлас Қазақстан халқына ыстық ілтипатымды білдіріп, "Большая игра" бағдарламасында мен дәл осы нәрсені айттым", - деп жазды ресейлік депутат Telegram-каналында.

Ал кейінірек, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин дума депутаттарының мәлімдемесіне пікір білдірген

"Елдеріміз арасындағы шекара келісіммен бекітілген. Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының күн тәртібінде жерге қатысты шағымдары жоқ. Мүлдем жоқ. Әрине, Ресей Қазақстан егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын құрметтейді", - деген еді Бородавкин.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
3 жыл бұрын 2352
0 пікір
Блог туралы