Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған дәрігердің ұлы жанайқайын жеткізді
Ақтөбеде пневмониядан көз жұмған дәрігердің ұлы жанайқайын жеткізді

Ақтөбе қалалық №1 емхананың бөлім меңгерушісі Сәния Мұсиева кеше облыстық аурухана төсегінде пневмониядан көз жұмды. 48 жастағы дәрігер өмірінің соңғы бір аптасына дейін жұмыста болған

Жалғызбасты ананың артында 16 жастағы жалғыз ұлы қалды.  "Қазір әлеуметтік желіде неше түрлі сөздер жазылып жатыр. Өтінемін, "жетім қалды" деген сөздерді айтпаңыздаршы. Жазбаларды оқып жүрегім ауырды. Менің анам 1997 жылдан бастап, өмір бойына дәрігер болған адам.  Өзім болған жағдайға, анамнан айрылғаныма сене алар емеспін! Анам жансақтау бөлімінде оншақты күн ғана жатты. Ауруханаға кеткелі көрмек түгілі телефонмен де сөйлесе алмадым. Соңғы рет тек үйден шыққанда тілдестім. "Бәрі жақсы болады, жазылып шығамын" деп айтып кеткен.  Ем дұрыс жасалмады деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министріне де хат жаздым. Біз ауруханаға анамның жағдайын сұрап барғанымызда сөйлесетін дәрігер таба алмадық. Ауруханаға жатқаннан кейін хабар алу мүмкін емес болып кетті. Анамның даусын да ести алмадым", - дейді марқұмның ұлы Аман Айдынғалиев. Марқұмның әпкесі де бауырым ауруханада қараусыз қалды деп отыр. "Өкініш бар. Бұлай боларын білгенде үйден емдер ме едік?! Қант диабеті болған соң қорықтық. Ауруханада жатқанын сенімді көрдік. Кейін таныстар арқылы науқастардың қараусыз жататынын білдік. Өзегіміз өртеніп тұр", - дейді марқұмның апасы Жәния Мамутова.  Сәния Мұсиева емханадағы жұмысымен қатар жәрдем қызметінде де кезекшілік еткен. Жұмыстағы анасына жалғыз ұлы тамақ тасыған. Дәрігерлер әріптестерін індет құрсауынан шығара алмағандарына қиналады.  "Әріптесіміз өмір бойына жүйке аурулары диспансерінде еңбек еткен адам. Соңғы екі жылында қалалық емханада жасады. Өте еңбекқор, сыйластығы мол, науқастармен байланысы да ерекше, ақкөңіл жан болатын. Негізінен жүйке ауруына шалдыққан науқастармен жұмыс жасағандықтан қызметі ауыр. Ол бөлімде қашықтықтан жұмыс жасау деген болған жоқ. Сондықтан карантинге қарамастан емханада отырып қабылдау жүргізді. Осы соңғы бір аптада ауырып қалды", - дейді №1 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Сара Ыбыраева.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1754
0 пікір
Блог туралы