Индонезияның Джакарта қаласынан 19 шақырым жерде ең ірі Bantar Gebang қоқыс полигоны бар. Мұнда әр түрлі өнеркәсіп қалдықтарын әкеп тастайды. Күн сайын полигонға 9000 тонна қоқыс тасталады.
Бұл ірі қоқыс алаңы мыңдаған отбасының мекені. Мұнда өмірге келген балалар қоқыстан басқа ешнәрсе көрмеген. Фотограф Александр Сеттлер қоқыс мекенін суретке түсірді, деп жазады stan.kz порталы Daily Mail ақпарат көзіне сілтеме жасап.
«Мен қоқыс алаңына келгенде көп отбасының тұрып жатқанын көрдім. Бір таңқалғаным – біреулер үшін қажетсіз заттар басқалар үші керекке жарайды. Біреулердің тастаған жемісі мен көкөністері -олар үшін тамақ», – дейді фотограф.
«Мұнда өмір сүру мүмкін емес. Иіс қолқаны алады, тазалық болмаған соң адамның денсаулығына зиян келеді. Балалары бар аналар суы жоқ, медициналық орталығы жоқ тамдарда өмір сүреді. Бір әйел маған баласының аяғындағы беті ашық жараны көрсетті. Мен сол кезде өзімді дәрменсіз сезіндім».
«Мұндағы балалар өздерін бақытты сезінеді, бұл олардың өздерінен жақсы тұратын балаларды көрмегендігінен шығар», – дейді фотограф.
Реза Бонард бұрын осы қоқыста тұрған. Ол көршілерінің жағдайын жақсартуға тырысып жүр. Реза полигон сыртындағы мектепте білім алып, осында қайтып келген. Енді мұндағы кедей халықтың көзін ашқысы келеді.
Бонард британдық досы Джон Девлинмен BGBJ ұйымын құрып, оқу-ағарту ісімен айналысады.
Олар жергілікті халықтың балаларын оқытып, қазіргі өмірге үйретуге болады деп сенеді.
«Балаларға әр адам көмектесе алады. Ластану – бұл әлемдік проблема. Ол барлық жерде өзекті. Бұл қоқыстағы халыққы көмектескісі келген жандар жергілікті ассоцияцияға хабарласа алады. Осылайша су, гигиена, тамақтану мәселесін шешіп, балалардың мектепке баруына көмектесе алады».