Азғындықтың алты терезесі
Азғындықтың алты терезесі

Шыныңызды айтыңызшы, сіз нені елестеттіңіз? Үйіңізде жалтырап тұрған пластикалық терезені ме? Жо-жоқ, біз басқаша, сәл қорқынышты Овертон терезесі туралы  айтпақпыз. Дүниедегі ең сорақы, тұрпайы деген ұғымдарды біраз уақыт өткен соң жақтап шығуға болады екен. Бұл теорияның тұсауын америкалық әлеуметтанушы Джозеф мырза 1990 жылы кесіп беріпті.

Сөздің қысқасы, азғындықты ақтап алу үшін Овертонның алты терезесінен өтуіңіз керек.

Бірінші терезе – «Ақылға қонымсыз» кезең

Қазіргі дамыған да, дамушы да мемлекеттердің әлеуметтік проблемасының бір тұмсығы транссексуализмге тіреліп тұр. Бірақ, олардың ешқайсысы «жынысын ауыстырғандарды» оп-оңай қабылдай алған жоқ. Бұл құбылысты психикалық ауытқу, ауру деп бағалап, ол жайында мүлде жақ ашпауға тырысты. Өзінің табиғи жынысынан бас тарту жындының сандырағы сияқты көрінді. Оларды қоғамнан аластатты, ата-анасы бас тартты. Сондықтан, бұл кезеңдегі азғындықтың үлесі  0%-ды ғана құрады.

Екінші терезе – «Радикалды» кезең

Солайша еркектен әйелге, әйелден еркекке айналғысы келетіндер бұл тұста ашық шабуылға шыға бастайды. Өздерінің өзгелермен тең құқылы бола алатынын, оларды кемсітпеу, шеттетпеу керектігін алға тартып, алаңдарда аттан салады. Қоғам назарын осындай жолмен аударып, трансексуалдар тарихын құлақтарға тықпалайды. Сол кезде социумда «Оказывается, ең алғашқы жынысын ауыстырған адам Даниялық суретші екен. Ол жайлы фильм де түсіріліпті», «Білесің бе, Ким Кардашянның өгей әкесі 66 жасында әйелге айналыпты» деген әңгімелер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай түседі. Оған қатысты арнайы психологтар мен медицина мамандарының да пікірлері құлаққа шалынады. Бұрын ол тақырыпты жиіркенішті санайтын халық енді оған қызыға бастайды. Жайлап-жайлап олар жаңалықтардан жылтыңдап көрініп, сайттарда сайран сап жүреді. Сөйтіп сенсация қуған телебағдарламалардан да бой көрсетеді. Сонан соң ел ішінде «Масқара, «Әйел бақытына» трансвестит келіпті», «Астанада бір трансексуал қыз полицияға түсіп қалыпты, КТК-дан көрсетті» деген әңгімелер жайылып, «Шок! Жаға ұстатты! «Өз ойым» бағдарламасында жынысын ауыстырған Гаяне атты жігіт отыр» деген фразалар фейсбукта жарыса жазылып жатады. Жұрт оларды жек көрсе де, қарап, тыжырынса да тыңдап отырады. Азғындықтың аты жайылу үшін оны үздіксіз айтып отырса жеткілікті. Ең бастысы, бұрын ақылға қонымсыз болған ол екінші терезеден де осылай оп-оңай өтіп кетеді. Үлес салмағы 10% !

                  

Үшінші терезе – азғындықты түсінуге ұмтылдырушы кезең

Сол бағдарламаларға келген транссексуалдар өзінің бақытсыз балалық шағы, ересектердің жасаған зорлығы, айналасындағы қиындықтар туралы аянышты әңгімелерін үзіп-үзіп айтып береді. Сөз арасында «Кішкентай кезімде өзімнің басқаша екенімді сезіне бастадым. Қатты қиналдым. Әлемде жалғыз қалғандай болдым. Өз-өзіме қол жұмсағым келді. Мен де осындай болам деп ойлағам жоқ. Тағдыр шығар. Маңдайыма жазылса, қайтем?!» деп көз жастарын бір сығып алады. Содан кейінгісін «Мен сияқты өзін жалғыз сезінетіндер көп. Біз де адамбыз ғой, біздің де өмір сүруге құқымыз бар» деп түйіндейді немесе «Не істесем де, өзім білем! Маған жұрттың пікірі маңызды емес! Ақыл айтпаңдар» деп агрессиясын көрсетеді. Оны көрген адамдардың пікірі екіге жарылады.

Бірі: «Бұларды құрту керек! Олар қоғамды, ұрпақтың санасын улайды», «Молдаға көрсетіп, жынын қағып алса ғой», «Мұндайларды насихаттайтын арналарды тоқтатпаса, азғындықтың аты шыға береді!» десе, екіншісі:

«Оларды да түсінейік! Бала кезінде зорлық көрген соң, осындай болған ғой», «Бұларды емес, кішкентайлардың тағдырын ойрандайтын педофилдерді жазалау керек!», «Шынымен, әркім қалай қаласа, солай өмір сүреді», «Адам өлтірмесе болды, жүре берсін» деген адвокаттық ақтау сөздер айтады. Оппа! жасасын, түсіністік! Енді оларды жазғыратындар азайып, жақтайтындар артты.  Жетістік–20% !

 

Төртінші терезе – Ақылға қонымды кезең

Бұл кезеңде азғындық толығымен ақталып шығады. Оларды қолдайтындар саны күннен күнге артады.

«Әр тәуелсіз адам өз тағдырын өзі шешеді»

«Еуропада ЛГБТ-лар (лесби, гей, бисексуал, транс) еркін өмір сүреді  ғой. Олардың құқығын заң да қорғайды»

«Кім қалай өмір сүрсе де өзі біледі. Біруді айыптайтындай, кінә тағатындай біз кімбіз?» тәрізді пікірді екінің бірі айтып жүреді. Ал оған әлі де түбегейлі қарсы адамдар артта қалған, тым «старомодный» саналады. Бұрын қоғамнан тек мазақ пен агрессия көретін транссексуалдар енді емін-еркін жүріп тұратын болады. Өйткені, оларға бағдаршамның жасыл түсі жанып тұр. Азғындықтың дәурені осылай салтанат құра бастайды. Қоржында 30% !

 

Бесінші терезе – азғындықты танымал ету

Сонымен не десең де, трассексуалдардың айы оңынан туып тұрады. Бірақ, қоғам айдаладағы Берік пен Серіктің жынысын ауыстырғанын не қылсын?! Олардың назарын аудару үшін танымалдық керек. Жайлап ел сүйетін жұлдыздар, спортшылар,  әртістер каминг-аут жасай бастайды (өзінің жынысын ауыстыру туралы ашық айтады). Олардың жай өмірінің өзін күнде талқылап жататын жұрт одан сайын қызыға түседі. Транссексуалдар жайында айту модаға айналады. Одан кейін,

«Білесің бе, Еуропаның ең танымал модельдері жынысын ауыстырғандар екен»

«Оны қойшы, «Матрица»деген фильм бар еді ғой. Соның сценаристері, апалы-сіңілі Вачовскилер бұрын еркек болыпты ғой»

«Тайландта трассексуалдар арасында сұлулық байқауы өтеді екен» деген әңгіме айтылса, ешкім таңғалмайтын болады. Әлемнің ең танымал адамдары оп-оңай еркектен әйелге, әйелден еркекке ауысып жатқанда, Серік пен Беріктің бойжеткен болғысы келетіні кімді таңырқатсын.

Солайша, трассексуалдық төрге шығады. Оларға жұрт қызыға қарайтын жағдайға жетеді. Сары басылымдар мен шоу бағдарламалардың «жұлдызды» қонақтары да солар болады. Жетістіктің үлесі–50%. Міне, көрсеткіштің көкесі!

 

Алтыншы терезе – Азғындық саясатта!

Әбден танылып алған олар өздері сияқты «жалғызсырап» жүргендерді қорғау үшін саяси билікке ұмтыла бастайды. Өздері көрген азапты кейінгі «ізбасарлары» көрмеу үшін олар барын салып бағады. Транссексуалдардың құқығын қорғау, оларды сайлауға қатыстыру, жынысын ауыстырғысы келетіндерге қолдау көрсету сияқты «маңызды» мәселелер енді мінбелерде айтылып, конференцияларда талқыланады. Одан кейін «өзін басқаша сезінетін», «еркек болуға ата-анасы қарсы», «өзінің жынысын жек көретіндер» күрт көбейе бастайды. Егер арыз-тілектері орындалмай жатса, Америкадағы ЛГБТ-лардың құқығын қорғайтын ұйымдарға шағымданады. Міне, осы тұста Овертонның алтыншы терезесі айқара ашылады да, азғындықтың аты аспандайды. Одан кейінгі көрсеткіштің қалай шарықтайтынын айтудың өзі қорқынышты. Бұрын олардың атын естісе тыжырынатын жұрт енді көшеде кездескен жауырынды бойжеткен мен биязы бозбала көрсе, таңғалмайтын боп алады.

P.S. Қазақ бұрын жаманатты айтса, көбейеді деп, азғындықты ауызға алмайтын болған. Ал қазір айтсаң да, айтпасаң да арамызда транссексуалдардың бары рас. Овертонның алты терезесін ашпасақ та, төртіншісінен сығалап тұруға шамамыз жетіп тұр. 2009 жылдан бері елімізде жиырмадан аса қыз-жігіт жынысын ауыстырған.  Олардың ішінде интимдік қызмет көрсетіп, пайда тауып жүргендері де жоқ емес. «Ауруын жасырған өледі». Бақытымызға қарай азғындық танымал болатын, ол саясатқа араласатын кезең елімізге келе қойған жоқ. Сол терезелерді ешкім тықылдатып қақпау үшін не істейміз?! Ендігі сауал осы болса керек!

Әсем Құлманова

Abai.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
6 жыл бұрын 3154
0 пікір
Блог туралы