Бағдаршам туралы қызықты деректер
Бағдаршам туралы қызықты деректер

Әлемдегі ең алғашқы бағдаршамның қашан және қай жерде орнатылғанын білесіз бе? Ол осыдан тура 105 жыл бұрын, яғни 1914 жылы 5 шілдеде Американың Кливленд қаласында орнатылған. Алайда ол жартылай ғана автоматтандырылғандықтан, бағдаршамды жанындағы арнайы күркеде отырған полицей басқарған екен. Stan.kz бағдаршам туралы қызықты деректерді ұсынады. 

Жол қозғалысын реттеудің түрлі әдістері бұрын да қолданылған. Кейбірі бағдаршам 1968 жылы Лондонда ойлап табылды деген пікірде. Алайда құрылымы бойынша заманауи бағдаршамдарға ұқсамайтын бұл құрылғылар қолданыста қала алмаған. Оған аса үлкен әрі күрделі болуы себеп. Сонымен қатар қауіпсіз болмаған. Тіпті, мұндай бағдаршамдардың бірі жарылып кетіп, жанында тұрған полицей айтарлықтай ауыр жарақаттаныпты. Сондықтан қазір біз көріп жүрген бағдаршамдар 1914 жылы Джеймс Хог ойлап тапқан бағдаршамның жалғасы болып табылады. 

Сол уақытта жаңа өнертабыс бірнеше жылға ұмыт болған. Сеьебі жол қозғалысы бағдаршамды қажет ететіндей айтарлықтай күрделі болмады. Тек арада 6 жыл өткеннен кейін Детройттағы трафик артып, жол қозғалысын реттеу үшін тиімді құрылғы қажет болғанда Хогтың бағдаршамы еске түскен. Сонда Вудворд және Мичиган көшелерінің қиылысына екінші бағдаршам орнатылды. Оның біріншісінен айырмашылығы – сары түстің қосылуы. Алғашқы бағдаршамда тек қызыл және жасыл түстер болған. 1923 жылы Гаррэт Морган автоматтандырылған алғашқы бағдаршамды ұсынып, ол 5 тамызда патенттелді. 

Бағдаршамдар әлем бойынша тез тарады. Ресейде алғашқы бағдаршам 1930 жылы Ленинград және Мәскеуде пайда болды. 

Ал кейбір елдерге бағдаршам өзгертілген түрде жеткен. Мысалы, Жапионяда ондаған жылдар бойы жасылдың орнына көк түсіп қолданылып келді. Мұнда бағдаршамдардың дәстүрлі түріне ауыстырылғанына қаншама уақыт өтсе де, «көк түс жанғанда жүр, қызыл белгісіне тоқта» деген аксиома әлі де туристерді таңғалдыруда. 

Бағдаршам туралы қызықты деректер:

  • Лондонда бағдаршамға арналған ең үлкен ескерткіш орнатылған. 
  • Мегаполис тұрғыны орташа есеппен өмірінің шамамен 6 айын бағдаршамның жасыл белгісін күтумен өткізеді. 
  • 2005 жылдан бері Рио-Де-Жанейрода түнгі уақытта бағдаршамның қызыл белгісіне назар аудармауға ресми түрде рұқсат етілген. Бұл жүргінші тоқтаған жағдайда оны тонап кету қатерінің артуымен байланысты.
  • ҚХДР астанасы Пхеньянда тек 2010 жылы бағдаршамдар жаппай тарай бастаған. Оған дейін аталған құрылғыны жол қозғалысын реттеуші қыздар алмастырған. 
  • Берлинде 13 белгісі бар бағдаршам бар. Арнайы дайындығы жоқ адамдарға оның белгілерін түсіну мүмкін емес. Сондықтан жанында отырған полицей бағдаршамның жол қозғалысына қатысушылардан не талап ететінін түсіндіріп отырады. 

Жүзден аса жыл ішінде бағдаршамдар айтарлықтай өзгеріп, жоғарытехнологиялы және қуатты үнемдейтін түрге жетті. Олардың кейбірін интеллектуалды көлік жүйесіне қосуда. Бұл бағдаршам қозғалыс трафигіне байланысты жұмысн тәртібін өздегінен өзгерте алуы үшін жасалған. 

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты технологиялар мұнан әрі де деми бермек. Кореялық дизайнер Ханьюн Ли бағдаршамдарды голограммалармен толықтыру туралы идея ұсынды. Оның идеясына сәйкес, жаяу жүргіншілер жолдан өтіп бара жатқанда, жүргізушілер жолдан өтіп бара жатқан адамдар бейнеленген үлкен қызыл голограмманы көруі тиіс. 
Мұндай технология қолданысқа сіңіп кете ала ма, әлде одан да тиімді құрылғы ойлап табыла ма, оны уақыт көрсетеді. Алайда барлық бағдаршамның атасы 105 жыл бұрын Кливлендте орнатылған алғашқы бағдаршам болып қала береді.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 5004
0 пікір
Блог туралы