Балықтар да биттейді
Балықтар да биттейді

Тұқы балық биті немесе тұқыжегіш паразит шаяндар түрі «тұқыжегіштер» (Branchiura) отрядына жатады.

Биологиялық сипаттамасы бойынша олардың дене тұрқы 3-8 мм, пішіні жалпақ, сорғыштарымен балықтың терісіне жабысып, қанын сорады. Бір балықтың қанын сорып тойған соң, оны тастап, екінші балыққа жабысады. Тұқы балық биттерінің 60 түрі белгілі, деп жазады farmers.kz.

Олар көбіне тұщы сулар мен теңіз суларында тіршілік етеді. Тұқыжегіш шаяндардың денесі алдыңғы және артқы бөлімнен тұрады. Алдыңғы (баскөкірегі) бөлімін тұтанша қалқанша қаптап тұрады, басындағы бір жұп күрделі көздерінің арасында 3 жай көздері бар.

Бас көкірегінде 4 бунақтың әрқайсысында бір жұптан аяқтар орналасқан. Ұшы екіге тармақталған аяқтары жүзу қызметін атқарады, құрсағы өте қысқа. 2 жұп қысқа мұртшалары болады. Қанға әбден тойған тұқы балық биті 3 аптаға дейін қоректенбейді. Оның жүрегі болмайды, қан дене қуысындағы ішіктері мен құрсақ бөлімінің бұлшық еттерінің жиырылуынан қозғалады. Тұқы балық биттері балықтан басқа тритондарға, бақаның дернәсілдеріне де зиян келтіреді.

Аналығы шөпке, тасқа жабыстырып 20-дан 250-ге дейін жұмыртқа салады. 3-5 апта өткен соң ұзын мұртшалы жас шаяндар дамиды. Олар мұртшаларының көмегімен жүзеді де, алдыңғы мұртшаларымен балықтың желбезегіне жабысады. 8 күнде 2 рет түлеген соң артқы мұртшалары қысқарып, жүзу аяқтары дамиды. Үшінші рет түлегенде сорғыштары пайда болады. Әрбір 3-4 күнде түлеп, бесінші рет түлегеннен соң ересек битке (шаянға) айналады.

Тұқы  балық биті – (Argulus foliaceus) тұқы және басқа тұщы су балықтарының паразиттері, кейде балық өсіретін шаруашылықтарда балықтардың жаппай қырылуына алып келеді.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 4062
0 пікір
Блог туралы