Дінімізде рухани толқу бола ма?
Дінімізде рухани толқу бола ма?

Сұрақ: Тақуалықта рухани толқу бола ма?

Жауап: Дінімізде илаһи толқу кезіндегі рухани күйді «уәжд» деп атайды. Араб тілінде «әл-уәжд» сөзі «жоғалтқанын табу», «тілекке жету», «күш-қуаттың жетуі», «махаббатқа мас болу», «қатты толқу» мағыналарын білдіреді.

Ал, ихсан ілімінде «уәжд» деп – «Алланың рухани сый-сияпатының жүрекке орнығуын» (Кушайри, 190 б), сондай-ақ, Алла Тағаланың бар екеніне бұлтартпас күйде көз жеткізіп һәм сезініп, жүрегіне Алладан басқа ештеңе сыймаған және көңіл түкпіріне ерекше сезім тасқыны ұялаған рухани сәт – уәжд деп аталады.

Алла Тағала уәжд халі туралы Құран Кәрімде: «Одан Алладан қорыққандардың түктері үрпиеді. Сосын олардың терілері, жүректері Алланың зікіріне жұмсайды», («Зұмар» сүресі, 23 аят) – дейді. Алла Елшісі де (с.ғ.с.) мұсылмандардың Құранды оқып жатқанда және тыңдағанда уәжд халіне енетіндігін ескертен (Бұқари, «Фәза-й-лул-Құран», 33). Яғни, «уәжд» дегеніміз ерекше тақуалық деңгейіне көтерілгенде адамның еркінсіз жүректе қылаң беретін илаһи сырлы сезімі.

«Уәжд» хәлін – көңіл түкпірінде жатқан илаһи уайым мен қуаныштың үнін жүректің естуі, көруі және толқуы, сол арқылы пенденің Хаққа жақындауы, сондай-ақ, нұрлы сезім мен илаһи сәуленің жүрекке шағылысуы, оның тұла бойыңды тітіретуі. Иегің кемсеңдеп, жанарыңнан жас төгілгенде оның нұрлы бұлаққа айналуы, кейде терең күрсініп, кейде қалтырау һәм рухани елтумен шын махаббат иесі – Алла Тағала мен Оның Елшісі екеніне көз жеткізу (Сәрраж, 293 б) деп түсінеміз.

Ихсан ілімінде рухани елтушілік дәрежелерін үш түрге бөледі:

Біріншіден, адамның еркінен тыс емес рухани хал – тәуажуд;

Екіншіден, адамның еркінен тыс рухани халге ену – уәжд;

Үшіншіден, уәждтің ең жоғарғы күйі – уужуд (табу) деп аталады.

Ал, уәждтің антонимін – «фақд» (қолда бар нәрсені жоғалтып алу) деп айтамыз.

Сәрраж рухани күйлерді жіктей отырып, Хаққа сапар шеккен салихалы муминнің өз ісін ізгі ниетпен бастайтынын, ізгі ниетті дәруіштің салиқалы амалымен илаһи табысқа кенелуді көздейтінін, осылайша тынымсыз ұмтылыспен тәуажуд хәліне енетінін, бірте-бірте өзінің еркінсіз (Алланың қалауымен) уәжд күйіне көтерілетінін, бұл хәлге иек артқанында илаһи табысқа ие болумен сырға қанығатынын, илаһи сырға қанығумен Жаббар Хақты табатынын, Хақ Тағаламен қауышқан ихсан иесінің әуелі фәна (менмендікті жоқ ету), сосын бәқа (еру) хәліне иек артатынын, бәқа дәрежесінде сахб (ақылдан кетпеу) мақамына ие болатынын алға тартады.

Десе де, дін ғұламалары рухани елтушілік кезінде шариғатқа қайшы іс-әрекет жасауды уәжд хәлінен ауытқушылық деп түсіндіреді. Сол үшін рухани кемелдену жолына бет бұрған жан тақуалардың (ұстаз) бақылауында болғаны абзал. Рухани сапар шегуші Алла Тағаланы ұдайы еске (зікір-құлшылық) алып, руханияттың жоғары дәрежесіне көтерілген шақта, ақыл-естен айырылып қалмау керек. Себебі, ақыл-естен айырылған адам кез келген уақытта шариғатқа қайшы амал жасауы кәдік. Ал, шариғатқа қайшы іс-әрекет жасаған адамның рухани кемелденуі мүмкін емес. Сол себепті, сахб (ақылдан ауытқымау) мақамына берік орнығу аса маңызды.

Мұхан ИСАХАН

 kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1870
0 пікір
Блог туралы