Карантиндегі ерікті дәрігер-интерндердің оқиғасы.
Дүниені дүрліктірген індетпен бүкіл әлем күресіп жатқанда, адам баласы өмірдің, қауіпсіздік пен денсаулықтың қадірін ұғынып, медицина саласын дамытудың өте қажет екенін түсінген секілді. Қиын кезеңде адам жанының арашасы болып жүрген еліміздің ең ірі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіндегі еріктілердің карантин кезіндегі оқиғаларын бөлісуді жөн санадық.
«Жақындарымның өміріне алаңдаймын...»
Өзін Азиза Құрмашева деп таныстырған С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің дәрігер-интерні коронавируспен күресте дәрігерлерге көмектесіп, науқастарды қалай сабырға шақырғандығы жөнінде бізге ерекше тебіреніспен жеткізді.
– Мен мектепті аяқтап, 1 курсқа оқуға түскеннен бері еріктілікпен айналысамын. Түрлі еріктілер ұйымдарында болғанмын. Осы жылдың басында құрылған «Медициналық еріктілер» ұйымының жедел штабының құрамында әлі күнге дейін жұмыс істеп келемін, – деді дәрігер-интерн Азиза.
(Суретте: "Медицина жастары" қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы еріктілерінің жұмыс барысы)
24 жасар студент елімізде карантин жарияланып, еріктілер қажет деген күннен бастап, аталған ұйымға өз еркімен кіріпті.
– Медициналық көмек қажет болған кезде, әртүрлі ұйымдар еріктілерден көмек сұраған еді. Соның ішінде біздің оқу орнының атынан шет мемлекеттен ұшып келген рейстерді қабылдап, алдын ала коронавирусты тасымалдау мен таралуына жол бермеу мақсатында мен де бардым, – деді студент.
Азиза Құрмашева наурыз айының 20-31 аралығында Алматы қаласындағы уақытша карантин орталығында кезекшілік етіпті. Ол жерде нақты вирус жұқтырған және байланыста болған науқастар емес, шет елден ұшып келген рейстерден міндетті түрде тексерістен өту керек адамдарды қабылдапты.
(Суретте: Алматылық ерікті дәрігер-интерн Азиза Құрмашева)
Студент вирус Қазақстан аумағына еніп, ең алғаш көрсеткіштер пайда болған кезде, іштей үрей пайда болғанын да жасырмады.
– Ауылдан Алматыға әжем келген болатын. Коронавирус қарт адамдар үшін қауіпті дегеннен кейін ең бірінші сол кісі үшін уайымдағаным рас. Себебі, әжемнің созылмалы аурулары бар еді. Әлі күнге дейін тек әжемнің ғана емес, анам мен әпкеме, барлық жақындарыма алаңдаймын. Таңертең жұмысқа жиналып, бірге таңға асқа отырғанда, олар үнемі өзіме қарап, күтініп жүруімді сұрайды. Бірақ «бұл сенің дәрігерлік міндетің екенін білеміз», – деп ешқашан қарсылық көрсеткен емес. Олардың жанарларында уайым бар екенін сеземін. Өзім де әрбір жұмыс күнінен үйге қайтқан сайын, барлық сақтық шараларын қолданып, үйге келгенде өзімді антисептикпен залалсыздандыруды әдетке айналдырғанмын. Қазір сол антисептиктен және қолымды қайта-қайта жуғаннан алақаным жарылып кеткен, – деді.
Тазалық пен сақтық – басты назарда
Одан кейін студент-интерн бізге уақытша карантиндік орталық туралы толығырақ айтып берді.
– Біз көмек көрсеткен карантиндік орталықтарға С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің №8 студенттік үйі, №1 клиникалық ауруханасы, «Көктем», «Аққайың» шипажайы және Балалардың денсаулығын оңалту орталықтары жатады. Олардың барлығы Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен карантиндік аймақ болып, төтенше жағдайға байланысты ауыстырылған болатын. Біз медицина университетінің шәкірттері болғандықтан өзіміздің оқу орнының студенттік үйінде жұмыс істедік, – деді Азиза.
Уақытша карантин орталығы студент қыздың айтуынша, 9 қабаттан тұрады. Жатын орындары 512 адамға арналған. Жалпы саны үш рейсті күтуге жарайтын уақытша карантин орталығының әрбір қабаты блоктарға бөлініпті. Әр қабатта екі, үш және төрт адамдық төсектен тұратын бөлмелер орналасқан. Ортаңғы бөлігінде ортақ асхана, әжетхана және жуынатын орындары да бар екен. Күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген уақытша карантин орталығы қажетті заттардың барлығымен қамтылған.
– Медициналық маска, респиратор барлығы жеткілікті болды. Әр екі сағат сайын, тіпті кейде буланып кетсе, бірден ауыстырып отыратынбыз. Бірінші күннен арнайы қорғаныш киімдерін де киген едік, – деді ерікті.
Азиза жұмыс істеген уақытша карантин орталығында вирус анықталған бірнеше адам болған.
– Біздің негізгі міндетімізге Алматыға ұшып келген әрбір рейсті міндетті түрде тексерістен өткізу кірді. Біз 20-31 наурыз аралығында жұмыс істеп жүргенде 10-12 адамнан коронавирус анықталған болатын. Ондай сәтте біз тез арада жедел жәрдем қызметін шақырып, вирус анықталған науқастарды профизорлық орталыққа жіберетінбіз. Одан ары қарай олардың кіммен байланыста болғанын анықтап, карантинге жатқызады.
Бұл орталық Алматыға әр мемлекеттен ұшып келген рейс сайын біз адамдарды жайғастырмас бұрын олардың шағымын жинаған.
– Одан кейін дене қызуын тепловизор арқылы өлшедік. Кейін бөлмеге жайғастырып, демалып алғаннан соң, олар туралы мәлімет жинастыруға кірістік. Олардың аты-жөндерін толықтай тіркеп, қай мемлекеттен ұшып келгенін, ұшу барысында транзит болған-болмағандығын және өзі тұратын қаладағы қай емханада тіркелгендігін, қанша адаммен байланыс жасағанын жазып алдық. Ары қарай телефон нөмірлерін енгіздік. Бізге олар туралы барлық ақпарат маңызды еді, – деді А.Құрмашева.
Одан кейін студент келген адамдарды электрондық жүйеге тіркеп, тексеріс мәліметтерін жинап болғаннан кейін, оларды төменгі қабатта орналасқан лабораторияға жібергендігін айтты. Ал онда адамдарға жедел тест сынамасы жасалынады. Ол науқастардың мұрындарынан жағынды алу арқылы жүзеге асқан. Тест нәтижесі 6-7 сағатта немесе одан да ұзақ мерзімде дайын болуы мүмкін екен. Коронавирус анықталған адамдарға вирус анықталғаны туралы жеткізу Азизаға оңай болмапты.
– Коронавирус анықталаған науқастар болды. Ондай кезде біз адамдарға өзіміздің коммуникативтік дағдыларымызды қосып, сабырлы түрде, түсіндірдік. Ең бірінші кезекте оларды тыныштыққа шақырдық. Әрине, кімге болса да қиын. Бірақ маған өзім білім алып жүрген медициналық оқу орнындағы «коммуникативті дағды» пәнінің үлкен көмегі болды. Ол жерде бізге қиын, қаралы хабарларды науқасқа қалай жеткізу керек екендігін, өз-өзіңді ұстау туралы үйреткен. Соның арқасында мен және жанымда болған еріктілер қиындықты сезінбедік. Кейбір науқастар қиын қабылдады. Ол кезде бізге де қиын болды. Бірақ, барынша сабырға шақыратынбыз.
Қазір елімізге ұшып келетін рейстер тоқтатылуына орай, Азиза өзінің штабтағы жұмысына оралған. Ол жерде де еріктілер қол қусырып отырмай, Алматы қаласы бойынша азық-түлікке мұқтаж болған адамдарға көмектесіп, сұраған дәрі-дәрмегін алып береді. Көмекке зәру жандарға қажет болған заттарын жеткізіп отырады.
– Медицина саласын таңдап, осы мамандыққа келуіме себепкер болған адамдар көп. Олардың әрқайсысына ерекше алғысымды білдіремін. Солардың қатарында менің апайым, анамның әпкесі де бар. Ол кісі мен кішкентай кезде дәрігер офтальмолог болып жұмыс істейтін. Мен бала күнімнен сол апайымның жұмысына баруға сұранатынмын. Науқастардың көзін тексеріп, олардың жаудырған алғыс сөздеріне іштей қуанып, өскенде мен де дәрігер болсам деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Дәрігер мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Еріктілер бірлестігінің мүшесімін. Қолыма дипломымды алып, болашақта медицина саласының дамуына одан әрі өз үлесімді қосқым келеді, – деді ерікті А. Құрмашева.
Әңгіме соңында ерікті дәрігер-интерн барлық адамдарды сақтық шараларын ұстанып, тек ерекше қажеттілік туындамаса, үйден шықпауға кеңес берді.
«Адам өміріне араша түсу– дәрігердің ең басты міндеті»
Біз тілдескен екінші ерікті Астана медицина университетінің жалпы медиицина мамандығының студенті, болашақ дәрігер – Едіге Шаймерден.
– Карантиндік орталық мен жүрген МГБ3-тің қамқорлығына кіретін «Ramada Plaza» қонақ үйіндегі карантиндік стационар болып табылады. Бұл жерде мен карантин орталығының ашылуынан бері жұмыс істеп жүрмін. Жалпы, вирус пайда болғанда қорқыныш сезімі болды. Бірақ біз өзімізді келе жатқан эпидемияға алдын-ала дайындадық, – деді студент.
Едігенің карантин орталығындағы жұмысы бір тәулікке жалғасады екен. Соған қарамастан ерікті өз қызметіне беріліп, шын жүрегіммен жасап келеді.
– Біздің карантин орталығындағы жұмыс уақыты таңғы сағат 8:00-ден келесі күнгі таңғы сағат 8-ге дейін жалғасады. Осылайша біз бір тәулік кезекшілікті өткіземіз. Жұмыс барысында киім қабылдау, уақытты алатын болғандықтан, науқастар туралы ақпаратты алдын ала алу үшін таңғы сағат 7:30-да келіп, өзімізге тиісті орынды қабылдаймыз. Біздің орталық карантиндік стационар болғаннан соң, біз бұл жерде ең бірінші науқастардың жағдайын қарап, денсаулықтары нашарлаған жағдайда, ол науқасты келесі дәрежелі стационарға жіберіп отырамыз. Ол провизорный стационар болып табылады.
(Суретте: Нұр-Сұлтандық ерікті, Астана медицина университетінің студенті Едіге Шаймерден)
Едігенің отбасында медицина саласында тер төгіп жүрген жандар көп. Оның болашақ мамандығын таңдауына да сол жанұядағы жандар себеп болса керек. «Дәрігер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адамның тек мамандықты игеріп қана қоймай, адам өміріне бей-жай қарамайтындығы, адалдығы мен адамдығы да маңызды», – дейді ол.
Нұр-Сұлтан қаласындағы карантиндік стационар болып жабдықталған «Ramada Plaza» қонақ үйі 8-23 қабатқа дейін науқастарға арналған. Орталық 1500 орынға есептелген.
– Біздің бұл жердегі негізгі жұмысымыз инкубациалық аралықтағы науқастарды қарап, олардың жағдайын тексеріп, анализдерді алу. Протокол бойынша коронавирусқа екі рет сынама алынады. Содан соң жаңа симтоматикалардың пайда болуы мен болмауын анықтау үшін 14 күн күтеміз, – деді студент.
Барлық медициналық қауіпсіздік шаралары сақталған карантин орталығына тікелей байланысқа түскен І-ІІ дәрежелі COVID-19 анықталаған елдерден ұшып келген адамдар жатқызылған.
– Біз олардың инкубациялық аралығын күтіп, анализ аламыз. Үй жағдайындағы байланысқа түскен науқастар бір жанұя болатын болса, бір палатаға, ерлі-зайыптылар мен балаларын бір палатаға жатқызуға тырысамыз. Сыймаған жағдайда, қасындағы қосымша орындарға орналастырамыз. Бұл оларды бір-бірінен алшақтатпаудың жолы болып табылады. Науқастарды тексеріс күнделікті таңертең және кешкі мезгілде жүзеге асырылады. Әр үш күн сайын бөлім басшысымен тексеріс болады, – деді Едіге.
Едіге Шаймерден еріктілікпен медициналық оқу орнына түскен кезден бастап айналыса бастапты. Еріктілерге университет қорынан көмек ретінде қаражат бөлінеді екен. Едіге медицина мамандығының студенттерімен бірге зейнетке шыққан дәрігерлерге, қарт кісілерге үнемі көмектесіп отыратынын айтты.
– Коронавирус анықталғанда науқастарға толық түсіндіріп айтамыз. Олардың көбірек уайымдайтыны – бірге байланысқа түскен жақынь жандары. Мұндағы тазалық жағынан бізде еш шағым жоқ. Медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілгенбіз. Әр жұмысшыға, төменгі медициналық қызметкерден бастап, жоғарғы медициналық қызметкерге дейін маскалар, қолғаптар, антисептикалық құралдар беріледі, – деді.
Карантиндегі науқастардың көпшілігі стационардағы күндерін әрең өткізіп, шыдамсыздық танытса, кейбірі барынша сабарлық сақтауға тырысып бағатын көрінеді.
– Бұл жерде жату оңай емес. Кейбір адамдарға екі аптаға оқшаулау өте қиын түседі. Бізде кейбір науқастар бір палатаға түскен болса, жақынырақ танысып, бірге үстел ойындарын ойнап көңіл көтеруге тырысады. Қажет болған заттарын туыстары жіберіп отырады. Төменгі қабаттағы күзет қызметіндегі адамдар ол заттарды толық залалсыздандырып, өңдеп бізге жібереді. Біз туыстарына жолдаймыз, – деді ерікті Е. Шаймерден.
Студент барлық адам бірігіп, күш жұмсаса, осы індеттен тезірек айығып қалыпты өмір сүру жағдайына келетінімізге үлкен сенім білдірді.
(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ramada Plaza» қонақ үйіндегі карантиндік стационардағы еріктілер мен Қытайдан келген дәрігерлер)
– Әрине, ата-анамыз уайымдайды. Бірақ, мен медициналық тұрғыдан барлығын түсіндіріп, өз үлесімізді қосуға міндетті екенімді айтқан соң, көңілдері жай табады. Елімізде карантин басталмастан бұрын оқудан бөлек, қосымша жұмысым ретінде, кешкі уақытта жедел-жәрдемде жұмыс істеген болатынмын. Бірақ эпидемиялық жағдайларға байланысты көмек көрсетейін деп алғашқы күндерден бастап еріктілер қатарына бірінші болып жазылып, осында жұмысқа келдім. Бүгінде ол жұмысым сақталған, – деді Астана медицина университетінің студенті.
Едіге бүгінде карантин орталығында науқастармен бірге тұрып жатыр. Сақтық үшін стационарда медициналық қызметкерлерге арнайы бір қабат бөлінген екен.
«Дертпен күрес–ортақ парыз»
Шымкенттік ерікті Қайрат Иембердіев Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығының 4-курс студенті. Ол бүгінде бітіруші курста білім алып жатыр.
(Суретте: "Медицина жастары" еріктілер ұйымының Шымкент қаласындағы төрағасы, ерікті студент Қайрат Иембердіев)
– Мен «Медицина жастары» еріктілер ұйымының Шымкент қаласындағы төрағасымын. Құрылғанына көп болмаса да, біз өз тарапымыздан халыққа медициналық көмек көрсетіп келеміз. Соның бірі – былтырғы жылы Арыста болған жағдай. Карантин уақытында Шымкент қаласы бойынша еріктілермен бірігіп, маска таратып, халыққа алдын-алу, сақтану және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Вирус пайда болғанда кез келген адамда қорқыныш сезім болады. Елде тыныштық болып, отбасың мен жақындарыңның амандығын қалайсың. Шынымды айтсам, осы індетпен күресте әлем бойынша қаншама адам өмірден өтіп, кейбір мемлекеттерде вирустың салдарынан мыңдаған адамдар қырылып жатыр. Сондықтан біз алдын-алу сақтық шараларын қолдануымыз керек. Бұл вирус біздің елде жеңіл түрде өтсе екен деймін, – деді Қайрат.
(Суретте: «Медицина жастары» еріктілер ұйымының Шымкент қаласындағы еріктілері )
Ерікті студент бүгінде оқуымен қатар №8 Шымкент қалалық емханасы мед аға қызметін атқарып келеді.
–Тікелей байланыс болған науқастар қазіргі таңда үй жағдайындағы карантинде жатыр. Біз оларды тіркеп, бақылауда ұстаймыз. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының жүзден астам резиденті, Жұқпалы аурулар ауруханасында, №13 емхана, Балалалр ауруханасында және клиникалық ауруханаларда вирусқа қарсы жұмыс жасауда. Сонымен бірге еріктілердің біршамасы блокпосттарда жұмыс істеп жүр, – деді шымкенттік ерікті.
«Мақсатымыз– медициналық еріктілікті дамыту»
2019 жылы Жастар жылы аясында, Алматы қаласында өткен Қазақстан барша медицина университеттерінің көшбасшылары форумында ерікті белсенді студенттер ақылдаса келе «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігін ашуға бел буған болатын. Ал мамыр айында ол ұйым ресми түрде республикалық қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген болатын.
– Сол жылы Арыс қаласында апат болған кезде, біздің бірлестіктің Шымкент қаласындағы 110 еріктіміз, апаттан зардап шеккен адамдар шоғырланған пункттерде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазіргі таңда республика бойынша 400-ге жуық еріктілеріміз бар. Негізігі мақсатымыз – Қазақстандағы медициналық еріктілікті дамыту. Тек бұл ғана емес, еліміздің медицина жастарының құқығын қорғап, мәртебесін көтеріп қана қоймай, мемлекетіміздегі барша тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыру. Сонымен бірге, халыққа аурулардың алдын алуды, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйретуді басты міндетіміз деп санаймыз,– деді республикалық «Медицина жастары» қоғамдық бірлестігінің басшысы Абылайхан Әбдікерімұлы.
(Суретте:«Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш)
Абылайхан Әбдірәш қазіргі таңда «Астана медицина университетінің» 7 курс студенті, интерн-хирург. Медицина университетінің 2016-2018 жылдары студенттік кеңес президенті болған ол бүгінде қоғамдық бірлестікті республика бойынша басқарып, еріктілердің басын қосып, қарқынды жұмыс атқарып келеді.
– Нұр-Сұлтан қаласынада «Астана медицина университеті», Алматы қаласында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Шымкент қаласында «Оңтүстік Қазақстан медицина» академиясының студенттері ерікті ретінде өте белсенді жұмыс атқарып келеді,– деді Абылайхан Әдірәш.
Еріктілердің қоғамда рөлі қашанда ерекше. Себебі, олар істеген жақсылығы үшін қаражат талап етпейді. Үнемі айналасындағыларға көмектесуді парыз санайды. Азаматтық қоғамды нығайтуда ерекше орын алып келе жатқан еріктілердің алдағы жұмыстарына да сәттілік тілейік!
(Суреттер: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды)
el.kz