Жер дауы: Екі жыл бұрын бас көтерген халықтың талабы орындалмаған
Жер дауы: Екі жыл бұрын бас көтерген халықтың талабы орындалмаған

Қазақтың жері шетелдіктерге бәрібір жалға беріліп, сатылып кетпей ме? Бүкіл жұрттың көкейіндегі осы сауал бүгін Астанада өткен қоғамдық тыңдауда қызу талқыланды. Жанашырлар Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдап жіберген «Жер туралы» заң жобасын шикі, тіпті қарапайым халыққа түсініксіз,  жүрегі мен жаны жоқ деп баға берді. Екі жыл бұрын митингке шыққан халықтың талабы орындалмаған деді.

Астанадағы жер туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға билік өкілдері мен еліміздің әр аймағындағы белсенділер түгел жиналыпты. Алғашқы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі  құжат төрт сұрақ шеңберінде әзірленгенін айтты. Шенеунік, заң жобасында жерді шетелдіктерге жалға беретін бір де бір норма қарастырылмаған. Құрамында өзге ел азаматтарының үлесі бар компанияларға да телімді беру тыйым салынған деп түсіндірді. Бұл туралы stan.kz, 31 арна хабарлады.

“Егер Қазақстан компанияларының құрамында тіпті 1 пайыз болса да шетелдік тыйым салып отырмыз. Бұл жерде ешқанда норма қарастырылмаған”,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Алайда, бір жылдан бері қызу талқыда жүрген ең шулы құжаттағы нормаларды қарапайым жұрт әлі түсінбеген сынды. Бұған себеп, Қазақстан заңдарының адам ұқпайтын тілде жазылуы екен. Саясаттанушы Дос Көшім «Жер туралы» заңды тіпті Қытайдың иероглифтеріне теңеп, түсіну үшін бес институт пен бес жүз заңгер керек деп сынға алды. Құжатта екі жыл бұрын көшеге шыққан халықтың талабы орындалмағандықтан баға бере алмайтынын айтты.

“Ең болмаса екі-ақ нәрсе ғой жер ешкімге сатылмайды. Жер басқа шетелдік компанияларға берілмейді деп. Оны халыққа көрсетіңдер болды. Барлық денесі бар басы жоқ жүрегі жоқ, жаны жоқ”,- деді саясаттанушы Дос Көшім.

“Бұл заңнан пайда да зиян да көріп тұрған жоқ. Өйткені бұл заң уақытша ғана. Мораторий туралы заң бар ғой. Соны күшіне енгізу. Соның ара жігін ашып берген үш төрт жылға ғана”,- деді қоғамдық белсенді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Белсенділер болашақта жерімізді әскери мақсаттағы полигонға беруді де тоқтатайық деген ұсыныс тастады.

“Әлемдік тәжірибеде бірде бері тәуелсіздік мемлекет жерін полигонға беріп қойып, сынақ жүргізбейді. Бұл сұмдық жағдай”,- деді қоғамдық белсенді Абзал Құспан.

Жиналғандар мораторий мерзімі біткеннен кейінгі жердің тағдыры қалай болады деген сұрақты қайта қайта қойып отырды. Бірақ, билік өкілдері де, осы жиынды ұйымдастырушы белсенді Мұхтар Тайжан да жер шетелдіктерге сатылмақ түгілі, жалға берілмейді, оған қауіп жоқ дегенді кесіп айтты.

“Бұл жерді ешкім сата ала алмайды да, шетелдіктерге жалға бере аламйды да. 2022 жылға дейін. Ара қарай не болады, ол бізге байланысты”,- дейді қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан.

“Осылайша, Жер туралы заң жобасын мәжілісмендер келесі аптада екінші оқылымда қайта қарайтын болды. Бірақ, бүгінгі талқылауға келген депутаттар құжатқа ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Қабылдап, сенатқа жібереміз деп тарқасты”,- дейді тілші Гүлбану Әниятқызы.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
6 жыл бұрын 2649
0 пікір
Блог туралы