Жүгіңді таста да өтіп кет
Жүгіңді таста да өтіп кет

Бір күні марқұм әкем (әкемнің аты Қыпшақбай Аханұлы, жаны жәннатта болсын) аяқ астынан дүние уайымынан айырылып, еш нәрсемен шаруасы болмай қалды. Қолына Құранын алып, оңашада өзімен сырласатын хәлге өтті.

Әкемнің бұл қылығын ағайын-туыс, балалары түсінбей қалды. Содан мен оңашада сұрақ қойдым. «Әке шаруаның бәрін үйлестіріп жүретін едің, не болды Сізге дүниеден безіп?» дедім балалықпен.

Сонда әкем мына хикметті айтып берді: «Бір күні ағаштың астында дем алып отыр едім. Сол кезде бір құмырсқаға көзім түсе кетті. Өзінен бірнеше есе үлкен нан қиқымын арқалап, сүйретіп апара жатыр екен. Егер алдынан жиналған су шықса, айналып өтеді. Шөптерге тіреліп қалған нанын тартып шығару үшін бар күшін салып тырысып жатты. Не болса да нанын тастамады. Көтеруге жеңіл болу үшін  нанды бөлшектеуге де разы емес сияқты кейіп танытқандай.

Осылай ыстық күнде сол нан қиқымын ұзақ уақыт тасыды. Ақыры илеуіне келді. Бірақ илеудің аузы мен дәлізі тар, нан қиқымы үлкен болатын. Мыңдаған қиыншылыққа төзіп, көтеріп әкелген нанын қайтсе де ішке кіргізе алмады. Қиқымның айналасын төрт айналса да, оны ары-бері аударып, тартса да нан қиқымын илеуіне кіргізе алмады.

Бұл көрініс мені өз халімді ойлауға жетеледі, балам. Өмір бойы теріп-жиған дүниемізді қабірдің есігінен кіргізуге қалай тырысып жатқанымды ойладым.

Мәңгілік дүниеге жақындадым. Жеңіл болу үшін дүние деген жүкті тастадым», – деді де, Құранын қолына алып, күбірлеп кетті.

Алла жаныңызды жәннаттық етсін!

Жарас АХАН

kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
3 жыл бұрын 1892
0 пікір
Блог туралы