KazMessage – қазақ баласы ойлап тапқан жаңа қосымша
KazMessage – қазақ баласы ойлап тапқан жаңа қосымша

 

Атыраулық оқушы Эльдар Құрмашев жаңа KazMessage мобильді қосымшасын іске қостыWhatsApp әлеуметтік желісінің баламасы саналатын бұл бағдарлама смартфондарға арналған Android операциялық жүйесінде қолданылады. Жаңа жобаның ерекшелігі, ол телефондағы мәліметтердің өзгенің қолдануына мүмкіндік бермейді.

Жас өнертапқыш Эльдар Құрмашев қаладағы Ә. Жангелдин атындағы орта мектептің оқушысы. Ол тынымсыз ойдың нәтижесінде ойлап тапқан жаңа қосымшаны жуырда ғана Playmarket-ке орналастырды.

– Жобамның атауын KazMessage деп атадым. Бұл атаудағы «Kaz» сөзін елімді шартарапқа таныту үшін әдейі қолдандым. KazMessage 55 тілге ауысады. Түнгі режимінен өзге бұл қосымшада әрбір адамның байланысы үшін бөлек-бөлек әуен қоюға болады. Қазір оннан аса қоңырау әуені бар. Бір топқа 250 адамды тіркеуге мүмкіндік берілген. Алдағы уақытта аталған қосымшаны бүкіл қазақстандық пайдаланса деп армандаймын. ІТ саласынан білімім болмағандықтан жаңа қосымшаның қолданыс аясын кеңейтуге әзірге мүмкіндігім болмай тұр. Енді жаңа қосымшаның App Store, Windows бағдарламаларына қолданатын нұсқасын қарастырудамын. Мақсатым пайда табу емес, қазақ баласының мұндай бағдарламаларды ойлап табуға мүмкіндігін дүйім елге паш еткім келеді. Енді қосымшаның арнайы сайтын ашып, кең қолданыста болуына бар күшімді саламын. Бұл үшін жаңа қосымшаның авторлық құқығын алуым керек, – дейді Эльдар Артурұлы.

Эльдар Құрмашев өзі іске қосқан KazMessage мобильді қосымшасының авторлық құқығын анасының атына тіркеді. Авторлық құқықты растайтын куәлік 15 сәуірде берілген.

Оның айтуынша, бастапқыда авторлық құқықты өз атына тіркеуді көздеген. Алайда, бұған Эльдарда электронды цифрлы қолтаңбаның болмауы  кедергі келтірген. Сол себептен, авторлық құқықты анасы Алмагүл Құрмашеваның атына тіркеуіне тура келді.

– Авторлық құқықты тіркету үшін халыққа қызмет көрсету орталығына хабарластым. Ондағылар электронды цифрлы қолтаңбаның қажеттігін айтты. Бірақ, дәл қазір маған электронды цифрлы қолтаңбаны алу мүмкін болмай тұр. Себебі, қазір бұл орталық қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен. Ал, қолтаңбаны алу үшін камера арқылы жеке куәлікті, өзіңді көрсету керек. Үйдегі компьютерімде камера болмағандықтан, әзірге авторлық құқықты анамның атына тіркеуге ұйғарым жасадым. Кейін карантин мерзімі аяқталып, бәрі қалпына келген кезде өз атыма қайта тіркетуді көздеп отырмын, – дейді жас өнертапқыш Эльдар Құрмашев.

Сәуірдің 15-де Эльдар Құрмашевтың  KazMessage мобильді қосымшасын іске қосқанына 1 ай болды. Ол 15 наурызда мобильді қосымшаны Playmarket-ке енгізген еді. Содан бері KazMessage-ні  2500 адам жүктеп алған. Оның 2400-і – қазақстандық. Қазір жаңа қосымшаны 1500 адам белсенді қолданып жүр.  

– Статистиканы күн сайын қарап отырмын. Әсіресе, өз отандастарымның қызығушылық танытқаны қуантады. Жаңа мобильді қосымшаны қолданатындардың арасында Қырғызстан мен Өзбекстанның, Оман Сұлтанаты мен Германия, Иордания елдерінің азаматтары да  бар, – дейді атыраулық 11-сынып оқушысы Эльдар Құрмашев.

Egemen.kz және aikyn.kz материалдары бойынша дайындалды.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1442
0 пікір
Блог туралы