Жындысүрей Калигула қазынаны әбден сарқып бітіп, шарасыздықтан - теңіз айқұлақтарын ақша деп жариялапты деген аңыз бар. Бірақ жағада шашылып жатқан "байлыққа" ежелгі Ұрым жұрты онша ықылас танытпапты. Сөйтіп, ақшаның құны түптің түбінде сенімде екеніне көз жеткіземіз. Ал соңғы апталарда тақырып болған криптовалюта - кәдімгі ақшадай сенімге ие бола ала ма?
Әлемде қағазға басылған барлық ақшаның сомасы 60 трлн долларды құрайды. Электронды карталардың айналымға енгеніне ширек ғасырдан асса да, сауда-саттықтың 85 пайызы әлі күнге дейін қағаз ақшамен жүреді. Мұндай консервативті, қаржы-қаражат ісіне келгенде әлі де қасаңдау адамзат, оның ішінде Қазақстан - криптовалюта идеясына қалай қарауы мүмкін? Жалпы, криптовалюта дегеніміз не?
Криптовалюта деген не?
Криптовалюта түсінігін танымдық деңгейге түсіру қиын. Күтілгендей, көп оқырмандар оны кәдімгі электронды картадағы ақшамен шатастырып, мәселенің онсыз да бұлыңғырлау бейнесін тұмшалап жіберді. Дегенмен, игіліктің біздің оны түсінген-түсінбегенімізден тәуелсіз өмір сүре беретіні бар. Ендеше ең болмаса түсінуге тырысып көрелік.
Криптовалюта - виртуал еңбекпен табатын виртуал ақша. Оның шын өмірдегі ақшаға еш қатысы жоқ. Шын өмірдегі ақша - адамның қол немесе ой еңбегі шығынының куәлігі болса, криптовалюта - компьютерлердің есептеуге кеткен шығынының куәлігі. Шатасып кетпеу үшін, әрі қарай да шынайы өмірмен аналогияны жалғастыра берейік.
Шын өмірде алтынның құны неліктен бар? Себебі оны өндіру қиын. Сайып келгенде алтынның кәдімгі құймасы - оны өндіруге кеткен жанар-жағармайдың, тас қопарғыштар, жарылғыштар, жуғыш-шайғыштардың, адамдардың қандай да бір жұмыс істегенінің, энергия шығынының куәлігі. Қағаз ақшамыз - сол алтын құймасының бар екендігі туралы куәлік (классикалық жағдайда). Ендеше тап осындай жүйенің виртуал нұсқасын елестетіңіз. Қандай да бір математикалық жүйе бар. Онда белгілі бір шектеулі қазына бар (мысалы Bitcoin криптовалюта жүйесінде тек 21 млн биткойн-теңге бар). Ол қазынадан үлес алудың шарты - компьютердің есептеулер жүргізіп отыруы. Компьютер де адам сияқты - әлсіз немесе күшті жұмысшы болуы мүмкін. Соған орай, виртуал қазынаны да сәйкесінше көлемде табады. Криптовалютаның жалпы кескіні осындай.
2010 жылдарға дейін осы жүйенің теориясы мен инженерлік алғышарттары қалыптасып бітіп, сол жылдарда алғашқы рет криптовалютамен есеп айырысулар жасалды. Кейін, жеке кәсіпкерлердің ынтасымен оны төлем ретінде қабылдау басталды. Алғашқы криптовалютамен есеп айырысу 2010 жылы Англияда орын алды деп есептеледі, онда біреу пиццаға ақшаны биткойнмен төлепті-міс (ақпараттық технология саласында ақиқаттан гөрі аңыз басым, сондықтан сенімсіз сарында сөйлейміз).
Қазір халықаралық деңгейде әбден ысылып қалған, тәжірибе жүзінде сауда-саттықта пайдаланылып жүрген екі криптовалюта жүйесі бар, олар - Bitcoin мен Etherum.
Ол несімен қызық?
Дамыған елдердің криптовалюталық жүйеге қызығып отырғаны - оның жариялығы. Бұл жүйеде жең ұшынан жалғасу, барды жасыру, жоқты асыру тіпті мүмкін емес (теорияда). Қоғамдық игілік алтын құймалары емес, криптовалюта түрінде болса, мыңдаған мәселе түбірімен жойылады деп есептеледі, айталық:
- Әділ үлестіру. Кімнің қанша алып жатқаны барлығына ашық көрініп тұрғандықтан, мұнда бармақ басты - көз қысты құйтырқылықпен біреудің есебінен біреу баюы тіпті мүмкін емес. Бюджеттің қалай үлестіріліп жатқаны айқын көрініп тұрады, және ол бұрынғыдай түсініксіз күрделі үрдіс болудан қалады;
- Шынайы алтынды күзету, қоймаға сақтау, тасымалдау сияқты қыруар жұмыстар мәңгіге жоғалады. Ақшаның эмитенті болатын орталық банкілер тек бір серверлік бөлмеге сыйып кетер еді;
- Есеп айырысулар мезетте жүзеге асатын болады. Бұл - жүздеген мың кассир, менеджерлер мен инкассация қызметтерін қажетсіз қылады. Транзакциялық механзимдерге кететін уақыт әбден қысқарып, ақыры "шетелге", немесе "қалаға ақша аудару" деген сияқты түсініктер жоғалады. Ақша енді "елден - елге" емес, тек "адамнан-адамға" ғана көшіп жүретін болады.
Әрине, мұндай жүйе ең алдымен, біздегі күйіп тұрған мәселелер - жемқорлық пен пара алушылыққа соңғы соққы болар еді.
Шешілмеген мәселелер
Криптовалютаның қазіргі кезеңін әлі де ысылу уақыты деп айтар едік. Себебі, адамдардың бойы үйреніп қалған дәстүрлі мүмкіндіктер әлі жоқ.
- Ең басты мәселе - талап етілетін орташадан жоғарылау техникалық сауаттылық. Криптовалютамен есеп айырысу әлі де қағаз ақшаны саудагердің мұрнына тақай салудан күрделі. Бірақ бұл бір жағынан, ертедегі кәдімгі кредит картасын пайдалану мәселесі сияқты. Алғаш енгізілген кезде кәрі түгілі жастардың терминал алдында қиналып тұрғанын талай көрген боларсыздар. Эргономикалық мәселелер - бұқараның жүре келе сауаттануымен шешіле қоюы мүмкін.
- Криптовалюталық әмиянды қалыпқа келтіру мүмкін емес. Мұнда электронды пошта сияқты - құпиясөзді бір ұмытып, бір еске түсіріп жүру деген атымен жоқ. Қырық жыл бойы жиған-тергеніңнен, қапыда құпиясөз жазылған қағаз тілігін жоғалтып алып, айырылып қалу қаупі бар. Және ол біржола үрдіс. Енді арыздану, қайтару деген еш мүмкін емес: себебі криптовалюта жүйесінде орталық басқарушы жоқ. Әрі кеткенде қайғыңызға ортақ екенін жеткізуі мүмкін.
- Жүйедегі алаяқтық механизмдердің әлі де толық зерттеліп, ашылып болмауы. Кәдімгі алтынның бірнеше мыңдаған жылдық тарихы бар. Оның арасында біреулер мысты бояп та көрді, біреулер жезді алтын деп сатып та көрді; олар әшкереленіп, басы алынды, итжеккенге айдалды, абақтыға қамалды - мұның барлығы - кәдімгі институттық даму. Есесіне бүгінде алтынды танудың, өлшеудің мыңдаған әдістері бар. Ал криптовалюта жүйесінде болуы мүмкін болжалды алаяқтық әрекеттердің толық бейнесі жоқ. Мысалы Bitcoin жүйесінде алаяқтықпен басы артық ақша генерациялау әрекеті тіркелді. Ол қате құрсауланды, бірақ оның мүмкін болғанының өзі күдік ұялатады. Мұның ақырында криптовалюта - Қожанасырдың тамақтың буына төлеген тиынның сыңыры боп қалуы мүмкін.
Қазір
Бүгіндері криптовалюта тақырыбы ақпарат айдынында өршіп тұрғанымен, іске келгенде барлық дерлік орталық банкілер мен ірі инвесторлар салқынқандылық танытып отыр. Әсіресе, технологиялық жаңалық тұрғысында жұрт аузына қарайтын ЕО мен АҚШ, криптовалютаға байланысты ең алдымен қоғамішілік пайымға келе алмай отыр. Мысалы, инвестор Уоррен Баффеттің өзі мұны таза спекуляциялық құрал деп, кесіп айтты. Осы тұрғыда президент Назарбаевтың, "криптовалюта - абстрактілі сенімге емес, нақты активтерге негізделуі тиіс" деген тұжырымы - болжалды тәуекелдердің мән-мазмұнын ашып тұр.
Бұған, дәстүрлі электронды ақша айналымындағы ахуалды қоссақ. Қазақстанда өткен жылы сауда саттықтың тек 20 пайызы ғана кредиттік карталар арқылы жасалған (бірақ бұл әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары). Түрлі бонустар мен жеңілдіктер, және жалпы - ыңғайлы болудың өзі халықтың ықыласын арттырып отырған жоқ.
Саясаттанушылардың арасында "АҚШ сияқты мемлекет тек біреу болуы мүмкін" деген пікір бар. Сол сияқты, егер криптовалюталық жүйе қалыптасса, ол адамзат үшін тек біреу болуы мүмкін. Ұлттық, тіпті жекеменшік валюта жүйелері бекерден бекер дәстүрлі ақша айналымын қайталап, былық болу қаупі бар.
Қазақстан бұл мәселеде тұрмыстық пәлсападан шығатын сияқты. Өмірде "елмен бірге көрерміз" дейтін болсақ, еліміз "адамзатпен бірге көрерміз" дейтін позицияда болмақ.
Ерлан Оспан
Baq.kz