Қазақ әжей 70 жасқа келсе де әлі күнге дейін көлік жүргізіп жүр (фото, видео)
Қазақ әжей 70 жасқа келсе де әлі күнге дейін көлік жүргізіп жүр (фото, видео)

Жасы 70-ті алқымдаған атыраулық Нәсіп Төлегенова өз қатарластарынан ерекшелігі – әлі күнге дейін көлік жүргізіп, мал шаруасымен айналысады, немерелерін мектепке тасымалдайды.

Қазір ақ жаулықты ана Исатай ауданы, Жанбай ауылында тұрады. «Ақ Жайық» тілшісі әженің ауылына барып, әңгімелесіп қайтқан еді.

“Мен өмірге келетін 1948 жылдар, соғыстан кейінгі уақыт, ауылда жоқшылықтың кезі болды. Әке-шешем қасында жетелеп жүріп құмаршықпен, шырмауықпен асырап өсіріпті. Мектепке баратын жылымда әкем нарын құмынан Жанбайға қоныс аударып, мал шаруашылығын кәсіп еткен. Мен сегізінші сыныпты аяқтаған кезімде анам сырқаттанып, мектепке бара алмай, сабағымды тоқтаттым”, – деп бастады әңгімесін әже.

- Қандай қызметтер атқардыңыз?

- Әкем совхозда еңбек етті. Трактормен шөп шауып, ауылға таситын болды. Әкеме шөптерді жинауға көмектесетінмін. 1969 жылы ауылда тракторлықтан  курс ашылып, совхоз директоры мені шақырып «курсқа сені тіркеп қойдым, қабілетін бар оқисың» деді. Алғашында оқуға ұялдым. Әке-шешем де кері тартты. Бірақ болашақта нан табармын деп оқуға бел байладым. Сол жылы Жанбайдан 8 ер баламен қатар 3 қыз тракторшы мамандығын алып шықтық. Маусым айында алғаш рет Т-40 тракторының рөліне отырып, 21 жасымда бригадамен бірге пішен шабуға кеттім. Бес жыл қатар маусымда трактормен шөп шауып, көктем айында қыстақтарға мал төлдетуге барып жүрдім. Кейін тұрмыс құрған соң ауылдағы гаражда мотор жинаушы, слесар болып,  орақ қайраушы болып 1984 жылға дейін әр түрлі қызметтер атқардым. Жолдасым да тракторшы болды. Енем қайтқан соң ғана бала бағып, жеке мал шаруасымен үйде отырып қалдым.

Нәсіп әженің бүгінде бес ұл, екі қызы мен олардан өрбіген 20 жиен-немересі бар. Шаруашылығындағы азын-аулақ түйе малын өрісінен түгендеп келу Нәсіп әженің қазіргі қызметі.

- Ауыр көлікті жүргізу қиындық тудырмады ма?

- Мотор жинаған уақыттарда ғана темірлерді көтеріп салу қиындық келтіретін. Трактормен жолда бұзылып сынған кездерім болған жоқ.

- Автокөлік жүргізуді қайдан үйрендіңіз?

- Үйдегі шаруашылыққа пайдаланып жүрген иж мотоцикліміз болды. Алғашында соны үйреніп ауылдан құжатын оқып алдым. Одан кейін қаладан өзімнің атағыма «Лада 2121» көлігін сатып алып, емтихан тапсыру арқылы құжатымның санатын жаңғырттым. Содан бері рөлден түскен емеспін. Келіндерімді аудандық ауруханаға, немерелерімді мектепке апарамын, той-садақаға көлігіммен барамын, бәріне үлгеріп жатырмын.

- Көлігіңіз жолда қалдырған кезіңіз болған жоқ па?

- Байланыссыз жерде сынып қалған кездер де болды. Ептеп жөндеп алып үйге дейін жеткізіп жүрдім. Жақын жерде бұзылсам, Аққыстаудағы темір дүкеніне хабарласамын. Олар мені таниды. Тез арада қажетті бөлшектерді жеткізіп береді.  Дөңгелектерін өзім ауыстырамын.

- Көлікпен көптеген қиындықтар көрдім дедіңіз. Келіндеріңіздің рөлге отыруын қолдайсыз ба?

- Өзің көлік жүргізген жақсы ғой, ешкімге күнің түспейді.  Қазір таскилер де қымбат сұрайды.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 3684
0 пікір
Блог туралы