ҚҰҚЫҚСЫЗ ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРМИЯСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛАДЫ?
ҚҰҚЫҚСЫЗ ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРМИЯСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛАДЫ?

Қазір заман сондай, бірқатар іскерлік кездесулер кафелер мен мейрамханаларда өтеді. Кейбір жиі баратын осындай орындарда даяшылар да жүзтаныс болып қалады. Өкінішке қарай көбіне мұндай қызметшілер қарасаң үш-төрт айдан кейін ауысып кетіп жатады. Тіл қатысып байқасам, көбі үшін бұл – уақытша жұмыс орны. Ал бірқатары сол бір орында табандап жылдар бойы жүре береді. Қожайындар даяшы тәрізді қызметкерлерімен әр күнгі қызметі үшін жұмыс соңында қолма қол есептеседі екен. Ешқандай жеңілдік, ауырса «больничный», жыл соңында – еңбек демалысы деген атымен жоқ. «Жұмысын атқарды – ақысын алды». Болды! Бітті! Екі жақты да ешнәрсе мазаламайды.

Алайда осындай қарым-қатынастан тек жұмыс беруші ғана ұтады, ал қызметші ұтылады. Жұмыс беруші дегеніміз – қоғамдық тамақтандыру нүктесінің қожайыны немесе оны жалға алушы. Қазақстан нарығында тоқтаусыз қанат жайып келе жатқан сала – ресторан бизнесі. ҚР Статистика агенттігінің деректеріне қарағанда 2008 жылы Қазақстанда небары 7177 мейрамхана болса, 2011 жылы оның саны 19343-ке жеткен. 2013 жылы – ресторандар саны – 23241 болыпты. Дәл бүгін менің ойымша ресторандар саны 25 мыңнан кем емес. Тек Алматының өзінде мейрамханаларды қосқанда қоғамдық тамақтандыру нүктелерінің саны 3,5 мынан асады.

Мені толғандыратын мейрамханалардың саны емес оларда жұмыс істейтін даяшылардың, аспаздардың, тазалық сақшыларының, тағы басқалардың құқықтық жағдайы. 25 мың тамақтандыру нүктесінде әрқайсысында орташа есеппен 10 адамнан істегенде бұл 250 мың құқықсыз қызметшілер армиясы! Жұмыс беруші күндік ақысын берді, болды. Ары қарай шаруасы жоқ. Ал дәл осы сияқты бір күндік ақысымен күн көріп жүргендердің (ауыл шаруашылығында, құрылыста, автотұрақтарда, асхана, кафе, шаштаразда, таксиде т.б.) жалпы саны Қазақстанда 1,5 – 2 миллиондай болып қалады. Бәрі амалсыздан осы бір күндік (2000-3000 тг) табысының өзін қанағат тұтады.

Бір өкініштісі осылай жұмыстанатындардың бәрі біздің елімізде өзін өзі жұмыспен қамтушы саналады. Бұл Қазақстанда жұмыссыздар санын азайту үшін ойлап табылған категория. Іс жүзінде бұл категориядағы кездейсоқ табыс көзімен күнелтетін адамдар не көкте емес, не жерде емес. Осы азаматтардың ертеңгі күні не болады? Олар қартаймай ма? Зейнеткерлік жасқа жетпей ме?

Салық органдары қит етсе болды «ИП аш!» деп тұрады. Жеке кәсіпкерлік ашуға сол «өзін өзі қамтушылардың» бәрінің шамасы келмейді ғой. Жағдайы жібермейді. Кафеде даяшы болып бір күндік ақысын қолма қол алып жүрген жігіттер мен қыздар қайтіп «ИП» ашады?

Құқықсыздардың қалың армиясының ертеңгі күні не болады? Халықтың осындай құқықсыз тобы - әлеуметтік сілкіністердің тамызығы. Меніңше, бүгінде тек жұмыс берушінің ғана құқықтарын қорғайтын Еңбек кодексіне арнайы баптар енгізіп, өзін өзі жұмыспен қамтушылардың осы өзекті мәселесі шешілуі қажет! Мемлекет өз азаматтарының ертеңгі тағдырына бей-жай қарамауға тиіс!

Марат Тоқашбаевтің фейсбуктегі жазбасынан

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 2624
0 пікір
Блог туралы