Бүгінде жұрт сақтана жүруі тиіс аурудың бірі – вирусты гепатит. Көпшілік жұрт оны «Сары ауру» деп атайды. Бауырды зақымдайтын бұл вирустық инфекция адамнан адамға ауыз су, тамақ, жанасу-тұрмыстық жолдар, қан арқылы беріледі. Ол нәжіс арқылы да жұғады.
Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы Г. Сұлтанова айтып берді, деп жазады Замана.
Гепатит жіті басталады. Науқастың дене қызуы 38 – 39 градусқа дейін көтеріледі де, 1 – 3 күн аралығында сақталып тұрады.
Бас ауруы, айқын көрініс беретін жалпы әлсіздік, бұлшық еттердің ауыруы, қалтырау, ұйқышылдық, түнгі уақыттағы ұйқының бұзылуы байқалады. Тәбеттің төмендеуі, ауызда ащы дәмді сезу, жүрек айнуы, кейде құсу, оң жақ қабырға астының, қарын үстінің ауырсынуы және қолайсыздықтың сезілуі, несеп түсінің өзгеруі аңғарылады. Одан кейін нәжіс түссіз болып кетеді, көздегі ақ қабықтың сарғаюы білінеді.
Вирустық В және С гепатиттері ең ауыр ауруларға шалдықтырады және ол созылмалы циррозға және бауыр обырына (рак) алып келеді.
Вирустық гепатит онымен залалданған анасынан нәрестеге өтеді. Қорғаныссыз жыныстық қатынас арқылы жұғады. Қауіпсіз қанды және оның құрылымдарын құю кезінде де жұғуы мүмкін. Сондай-ақ науқастың және тасымалдаушының қанымен залалданған құралдар арқылы, медициналық немесе медициналық емес мекемелерде, стерилизация және залалсыздандыру ережелері сақталмаған жағдайда берілетін кездері де бар.
Бұл ауру тамыр арқылы есірткі тұтыну кезінде, стерилденбеген шприц инені қолданғанда, есірткі дайындау үшін жалпы ыдыстарды пайдаланған кезде жұғады. Гепатитпен ауыратын адаммен бірге тұрған жағдайда жеке бас гигиеналық заттарын (ұстара, қайшы, тіс ысқышты және т.б.) бірге пайдаланған кезде жұғу қаупі еселеп артады.
Сондықтан вирусты гепатит вирустарының биологиялық қасиеттерін және оның аса жұғымталдығын ескере отырып, аурудың алдын алу шараларына ерекше назар аудару қажет. Жеке бас гигиенасын сақтау және жеке бас гигиенасын сақтауға арналған заттарды жеке пайдаланып, оның талаптарын қатаң сақтау қажет. Балаларыңыз тамақтанудың алдында қолын сабынмен жуып отыруын қадағалаңыз. Сондай-ақ көкөніс пен жеміс мұқият жуылып желінсін, сапалы ауыз суды қолдану қажет. Медициналық мекемелерге және косметологиялық қызметке жүгінген кезде сақтау мерзімі өтпеген, герметикалық орамадағы, бір рет қолданатын медициналық және косметологиялық құралдардың қолданылуына, медициналық персоналдың міндетті түрде резеңке қолғапты пайдаланып, қолдарының залалсыздандырылуына назар аудару қажет.
Ешқашан есірткі тұтынбаңыз. Кездейсоқ жыныстық қатынастардан сақ болу қажет. Вирустық гепатиттің алдын алудың ең сенімді кепілі – вакцинация!
Дер кезінде дәрігерлік көмекке жүгінбеудің және диагностика жасауды кешіктірудің салдарынан туған-туысқандарыңызға ауруды жұқтыру қаупінің жоғарылайтынын естен шығармаңыздар!