Сары ауру, АИТВ: Дәрігерлер хиджама арқылы түрлі ауру жұқтырып алуға болатынын ескертті
Сары ауру, АИТВ: Дәрігерлер хиджама арқылы түрлі ауру жұқтырып алуға болатынын ескертті

Қазақстандық дәрігерлер хиджама жасатудан кейін туындайтын қиындықтар туралы айтып берді. Медицина қызметкерлерінің сөзінше, мұндай процедураны жасату арқылы инфекциялық ауруларды жұқтырып алуға болады.

Хиджама жасаймын деген қызметті әдетте ғаламторда көптеп ұсынады. Тек Алматы қаласының өзінде осындай 70-ке жуық хабарландыру жарияланған. Олардың дені клиенттің үйіне барып, қызмет көрсетуге дайын, деп хабарлайды «Алматы» арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Алайда дәрігерлер хиджаманың соңы денсаулыққа байланысты түрлі қиындыққа алып келуі мүмкін екенін айтып отыр. Себебі мұндай емшілер санитарлық талаптарды сақтамауы мүмкін.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әнел Мұсаева мұндай қызмет түрі лицензияланбағанын айтады. Процедураны жасаған кезде емшілер тек бір реттік қолданысқа арналған пышақ, құты, кішкене балғаны пайдаланып, қолғаппен жұмыс істеуі қажет.

«Ғаламтор арқылы тапқан адамдардың көбі бұл поцедураны үйге келіп жасайды. Мұнан кейін түрлі қиындықтар болуы мүмкін. Бұл В, С сары ауруы тәрізді инфециялық аурулар. Сонымен қатар АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыруы мүмкін», – дейді ол.

№7 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Есенай Еспенбетовтің сөзінше,  хиджама жасатқаннан кейін денсаулығына шағымданып келетін пациенттер баршылық екен. Мұндай адамдардың өмірін әрең алып қалған кездер де болғанын айтады.

Сонымен қатар  дәрігер пациенттердің дені хиджама жасатқандарын жасырып қалуға тырысатынын атап өтті.

«Хиджама жасайтындар пациенттерге денсаулығына қатысты қиындық пайда болып, өміріне қауіп төнген жағдайда мұндай процедурадан өткенін айтпауға кеңес береді», – дейді Еспенбетов.

Дәрігерлер онкологиялық ауруға шалдыққандарға, жүкті әйелдерге, жүрегі ауыратын және қан ұюына қатысты қиындықтары бар адамдарға хиджама жасауға болмайтынын ескертті.

Ал хиджама жасатқысы келетін адамдар білікті маманға жүгініп, емдеу орталығы мен емші туралы анықтап алуы тиіс.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
5 жыл бұрын 2448
0 пікір
Блог туралы