Сенім бостандығын қамтамасыз етудің құқықтық өлшемі
Сенім бостандығын қамтамасыз етудің құқықтық өлшемі

Дін және діни бірлестіктердің қызмет ету саласындағы қоғамдық қатынастар нормативті регламенттеудің күрделі және көпдеңгейлі жүйесімен реттелетін болғандықтан, осы қатарда діни сенім бостандығының кепілдігін қамтамасыз ететін конституциядағы құқықтық нормалардың алатын орны ерекше.

Конституциядағы құқықтық нормалар мемлекеттің құқықтық идеологиясының эволюциясынан, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының шынайы кепілдендірілуінен, мемлекетте жүзеге асырылып отырған зайырлылық моделінен және мемлекеттің осыдан туындайтын мемлекет пен діннің бір-бірінің істеріне араласып кетпеу шектеулерінен сақтаудан көрініс табады.

Жалпы, дін саласын құқықтық реттеу туралы айтқанда осы қатардағы ұғымдардың басын ашып алудың мәні ерекше. Осы орайда заңтанушылар құқық саласында айтылатын «діннің конституциялық бостандығы» ұғымы кең мағынада қолданылатын «діни сенім бостандығы» ұғымынан қарағанда бостандық ұғымын нақты әрі анық-қанық жеткізеді деп санайды.

Өйткені діннің конституциялық кепілдендірілуі бостандықтың әр адамға туылғаннан берілетінін көрсетеді және мемлекеттің осы жердегі негізгі міндеті бостандықты адамның жеке құқы ретінде мойындау және оның іске асуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл, өз кезегінде, дін бостандығын дүниетанымдық құқық пен бостандықтың бүкіл спектрін қамтитын              «ар-ождан бостандығы» конституциялық категориясының бір бөлігі ретінде қарастыру керек екенін көрсетеді.

Адамның дербес жүзеге асыратын жеке діни құқықтары мен бостандығын және адамның басқалармен бірлестікте жүзеге асыратын ұжымдық діни құқықтары мен бостандықтары кешенін қамтитын конституциялық бостандық құрамын мемлекеттің діни қатынастар саласына араласу шегімен ғана анықтауға болады.

Дін бостандығы туралы сөз қозғағанда оның ішкі және сыртқы құрамдастардан тұратынын ескеру қажет. Ішкі бостандық адамның діни сенімге қатысты ішкі сенімін көрсететіндіктен мемлекет тарапынан шектеуге жатпайтын абсолютті құқық болып табылады, ал сыртқы бостандық адамның өз діни сеніміне байланысты белгілі бір іс-әрекеттерін көрсететін болғандықтан заңмен шектеле алады. Сондықтан сыртқы бостандық соған сәйкес құқықтық реттеуге, оның ішінде контитуциялық құқық нормаларымен реттеуге мұқтаждық танытады.

Мемлекет әрбір адамның дінді ұстану бостандығына кепілдік бере отырып, ол бір мезгілде жекелеген азаматтар өмірдің ерекше жағдайы мен ортасына түсіп қалған жағдайда (әскери қызмет, денсаулық сақтау мекемелерінде стационарлық емделу, түзеу мекемелерінде қылмыс өтеу) адамның еркін жүріп-тұруын шектей алады және белгілі бір тәртіпке көндіруге міндеттей алады. Осы орайда, аталған мәселелерде әр елдердің өзіндік тәжірибесінен туындайтын талаптары бар екенін айта кеткен жөн.

Сондай-ақ дін ұстанудың конституциялық бостандығының мойындалуы және оның кең мағынада дін саласын реттейтін заңнамаларға енгізілуі ел азаматтарының Конституцияға сенімін еселей түсетін өлшем болып табылады. Бұл, өз кезегінде, мемлекет пен діни бірлестіктердің арасында құқықтық және өзара сенімге негізделген тұрақты қатынастарды орнатуға мүмкіндік береді. Мемлекеттің осы орайдағы басты міндеті дін ұстану бостандығы саласында қол жеткізілген конституциялық деңгейді төмендетіп алмау болмақ.

Жалпы, дін саласын конституциялық-құқықтық реттеу мәселесін қозғау барысында  ар-ождан бостандығы мен дін ұстану бостандығы ұғымдарының конституциялық-құқықтық арақатынасы мәселесінің басын ашып алу қажет. Бұл, өз кезегінде, құқықтық қатынас субъектілеріне мақсатты түрде әсер етуді көздейтін құқықтық реттеу шекараларын нақты айқындап алуға мүмкіндік беретін болады.

Осы орайда, ар-ождан бостандығы дін ұстану бостандығымен салыстырғанда кең ауқымдағы ұғым болып табылады, өйткені ол дін ұстану бостандығын, дінге сену бостандығын, сонымен қатар дінге сенбеуді, атеизм мен скептицизмді де қамтиды. Ал дін ұстану бостандығы осы ауқымды тұтастықтың бір бөлігі ретінде ар-ождан бостандығының мәндік сипаттамасы ретінде көрініс табады. Бұған Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабындағы «Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқы бар, ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауы немесе оларды шектемеуі тиiс» деген сөздер дәлел бола алады.

Осы ретте, кез-келген салалық заң Конституцияда айтылған негізгі құндылықтарды басшылыққа алуы тиіс дер болсақ, Қазақстандағы дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы бүгінгі таңда еліміздің азаматтарының және елде өмір сүріп отырған барлық адамдардың ар-ождан бостандығы мен дін ұстану бостандығын нақты іске асырып отыр деуге болады.

Иманбаев Мейрам,
сарапшы

https://kazislam.kz/

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
5 жыл бұрын 2339
0 пікір
Блог туралы