Солтүстікте құс қырылып жатыр (ВИДЕО) Шаруалар елге құс тұмауы келді ме деп алаңдайды.
Солтүстікте құс қырылып жатыр (ВИДЕО) Шаруалар елге құс тұмауы келді ме деп алаңдайды.

Солтүстік Қазақстан облысында үй құстары жаппай қырылып жатыр. Беймәлім дертті анықтау мақатында екі апта бұрын тапсырылған талдау нәтижесі әлі күнге дейін нәтижесіз. Ал, облыстық ветеринария басқармасының мамандары тығырықтан шығар жолды іздеудің орнына, фактілерді жариялаудан бас тартуда. Әсіресе, Қызылжар ауданының Ресеймен шекаралас елді мекендерінде жағдай ушығып тұр. 10 шақты күннің ішінде 7 мың бас құс арам өлген. Ауыл тұрғындары белгісіз ауру құс тұмауы болуы мүмкін екеніне алаңдаулы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

РЕСЕЙМЕН ШЕКАРАЛАС АУЫЛДАРДА ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП ТҰР

Қызылжар ауданының Якорь ауылы Ресейдің Челябі облысына жапсарлас орналасқан. Тұрғындардың біразы жаз бойы құс бағып, күз, қыс мезгілінде саудаға шығарады. Алайда, биыл белгісіз ауру санаулы күнде оларды нәпақасынан айырды. Қаз, күркетауық, үйрек, тауық... дерт құрбанын талғамайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, белгісіз сырқаттан жабайы құстар да өліп жатыр.

«3 қыркүйекте қаздар біртіндеп өле бастады. 5 күн ішінде бағып отырған 870 құс жоқ болды. Емдейін десек, қандай ауру екенін де білмедік. Жаз бойы маңдай термен бағып едік. Менің есебім бойынша ауылда 7 мың қаз өліп қалды. Сырқат белгілері құс тұмауына қатты ұқсайды. Алдымен жүйке жүйесі зақымданады. Көзі көрмей қалады. Таңертең жайылымға шыққан құс түс ауа ауырып жатады, кешке таман өліп қалады. Жалғыз менің шығыным екі миллион теңгеге жуық. Өлекселерді өртеп жіберуге тура келді. Аңшылар мен балықшылардан көл маңында аққу, қаз, үйрек, сауысқан, қарға сынды құстардың өлекселері жатқанын естідім», - дейді Якорь ауылының тұрғыны Жаңалық Салғарин.

Күні кеше облыстық ветеринария басқармасы брифинг ұйымдастырып, құстардың қырылып жатқаны жайында мәлімдеді. Жергілікті билік таратқан хабарламада Тимирязев, Ғабит Мүсірепов және Шал ақын аудандары ғана көрсетілген. Ал Қызылжар ауданында тіркелген фактілер жасырын қалған. Бұл жайында басқармасының бөлім бастығы Қайырлы Қазанов «Бүгін ғана білдік, бізде ондай ақпар болған жоқ» деп ақталмақ болды. Алайда, өз сөзінен өзі жаңылып, бұған дейін сараптама материалдары алынғанын жеткізді.

«Қызылжар ауданынан түскен ақпаратқа сәйкес, 10 үйдің құсы қырылып қалған. Барлығы 200 бас. Тұрғындардың айтып отырғаны одан көп. Алайда, оны мен де, басқа мамандар да көрген жоқ. Сараптама жасау мақсатында ішек-қарны мен қан сынамасы зертханаға жіберілді. Нәтижесі шашамен, 15 қыркүйектен кейін дайын болуы тиіс. Нұр-Сұлтан қаласындағы ветеринария ұлттық орталығында да зерттеу жүргізіледі. Содан кейін шара қолданылады. Біз бұл жағдай туралы білмедік. Ауыл ветеринары хабарлаған жоқ», - деді Қазанов.

Ал Якорь ауылдық округінің мал дәрігері бірінші құс өлген күні-ақ Қызылжар аудандық ветеринария бөліміне хабарлағанын айтады.

«Сараптама материалдарын алып, зертханаға жібердім. Аудандық ветеринария бөлімі жағдайдан хабардар. Өлген құстың нақты санын айта алмаймын», - дейді ауылдық мал дәрігері.

ХАЛЫҚ ӘКІМДІККЕ СЕНБЕЙДІ

Жергілікті халық облыстық әкімдікке сенімсіздік танытып отыр. Сондықтан өздері де өлген құстардың ішек-қарны мен қанын сараптамаға тапсырған. Жаз бойы құс баққан азаматтардың көңілін күпті етіп отырған тағы бір мәселе бар: мемлекет тарапынан шығын өтелмей қалуы мүмкін.

Белгісіз дерттің кесірінен шаш етектен шығынға батып, тақырға отырғандардың бірі - «Засыпкин» шаруа қожалығы.

«Үш бөшке қойдым. Отын салып, жанармай құйып, өлекселерді өртеп жатырмын. Жұмысшыларды кіргізбеймін. Қауіпті. Жергілікті әкімдік мамандарын шақырдым. Құс санын жазып алып кетті. Енді не істейтінімді білмеймін», - дейді қожалық директоры Александр Засыпкин.

Красный Яр ауылы Ресейдің Челябі облысымен жапсарлас орналасқан. Шекараны 500 метр қашықтық қана бөліп тұр. 5 мың бас құс бағып отырған «Шалаева» ауыл шаруашылығы кооперативінің де жағдайы мүшкіл. Санаулы күнде 5 мың құс өліп тынған. Қалғаны күн сайын ауруға шалдығып жатыр.

«Өлген құстарды санап, тіркеу мақсатында қиға көміп қойдық. Шіріп жатыр. 31 тамыздан бері жарты ай өтті. Бірінші кезекте аналық қаздар кетті. Енді балапандары да қырылып жатыр», - дейді «Шалаева» ауыл шаруашылығы кооперативінің басқарушысы Нина Шалаева.

Суретте: Нина Шалаева

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов құстардың қырылуына себеп болуы мүмкін бірнеше аурудың атын атады.

«Мұндай жағдайлардың алдын алу, құстардың қырылуына қатысты жаңа фактілерді уақытында анықтау мақсатында мониторинг жүргіземіз. Алдын ала болжам бойынша, құстардың қырылуына пастереллез, сальмонеллез, құс тұмауы немесе колибактериоз сияқты аурулар себеп болуы мүмкін. Өйткені бұл аурулардың барлығының клиникалық белгілері өте ұқсас. Әрине, нақты диагноз сараптама нәтижесі шыққаннан кейін ғана белгілі болады. Бұл аурулардың барлығы – жұқпалы», - дейді ол.

Мамандардың айтуынша, құс қырылған елді мекендерді карантинге жабу мәселесі сараптама нәтижесі белгілі болғаннан кейін ғана қарастырылады. Жұқпалы дерттен қырылған мал-құс үшін мемлекет тарапынан төленетін компенсация тағдыры да бұлыңғыр. 

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 2402
0 пікір
Блог туралы