Сүннеттті қалай түсініп жүрміз?
Сүннеттті қалай түсініп жүрміз?

Дінге енді бет бұрған бауырларымыз «сүннет» деген сөзді тым тар мағынада түсінеді де, сол түсінігін қоғамға әкеп танғысы келеді. Соның кесірінен арабқа ғана жарасатын кейбір нәрселер мен солардың кей дәстүрі «сүннет» деген шаблонмен қазақтың арасына да сіңіп барады. Мысалы біз түйені арабтар секілді «бітеу» асқандай қылып дастарханға тарта алмаймыз. Қанша жерден сүннет болса да, басқа тамақ құрып қалғандай саранчаны да (ал егер басқа тамақ табылмаса, шегірткені жеуіңе болады, өйткені оған дінде халал деп қарайды) жей алмайды екенбіз. Ал арабтар оны жақсы көреді. Пайғамбарымыз да оны жеген. Бірақ ол осындай кейбір мәселеде үнсіз қалып, кейбір даулы мәселеде шегінген, елді сабырға шақырып, дінге қайшы келмейтін дүниелерді шәриғаттың шеңберіне енгізіп те жіберетін. Ал біздің максималистер «сүннет» деген сөзді қазір шектеулі шеңберде қабылдап, оның осындай гуманистік қырына, дінді таратуға бағытталған миссиясына қолдан кедергі жасап, оған қиянат жасағандай болып жүр. Бір-біріне «ахи», «ухти» дейтіндердің қылығы да тура осындай сүннетті дұрыс түсінбеуден туған «бидғат». Пайғамбарымыз бен оның ізін басқан сахабалар бір-біріне бұлай демеген. Қазір олар «сүннет» деген ұғымға бір ракурстан ғана қарап, білімі жоқтықтан келесі жағын «талақ» қылып тастап жатыр. Ақыл айтатын қария болмағаннан кейін олар кейде сол абыз ақсақалдардың орнын басқысы келіп жүргендей болып та көрініп кетеді. Киімге қатысты да дәл осындай жағдай. Сүннет деп жазды күні «арабша» киініп алады да, қыстың қақаған аязында әлгі киімді уақытша «талақ» етіп тастайды. Әйтпесе суықта қатып өледі ғой. Осындай ревизионистік көзқарастың астарына үңілсең, нағыз сүннетке жататын киім өз ортаңдағы көпшілік киетін киім болып шығады екен. Кәстүм-шалбар да тура сондай «сүннеттің» киімі. Өйткені бізде халықтың көбі солай киінеді. Пайғамбарымыздың (с.а.с) егер көзі тірі болса, дәл солай киінуге шақырып, діннің сыртқы формасына емес, ішкі мағынасына (таухидқа) көбірек мән беру керектігін ескертіп айтатын еді. Ал шәриғатты тар шеңберде ғана түсініп жүрген мұндай «сүннетшіл» бауырларымыздың қылығы «өзің диуанасың, кімге пір боласың?!» дегеннің кері сияқты ғана болып, елді өзінің ата-бабасы ұстанған төл дінінен үркітіп жіберіп жатыр.

Жолымбет Мәкіш
Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 жыл бұрын 2980
0 пікір
Блог туралы