Қоғам үлкен құндылықтық құлдырау кезеңінде күн кешуде. Бүгін біреу өрге шықса, екіншісі оны балақтан тартып құлатып жатыр.
Әлсізді әлді жем етуде. Тіпті, туған-туыс, дос-жаран ендігі таңда пайда үшін бір-бірін оп-оңай сата салуда. Күшін жоғалтқанның өзі жоғалуда, деп жазады Замана.
Адами құндылықтардан осыншалықты ада мына қоғамды қалай және кім туындатты? Бүгінде «біз» деген түсінік жоқ, «мен» деген түсінік бар. Бүгінде «бәріміз біріміз үшін» емес, «әркім өзі үшін» деген ұран құдіретті. Ол ұранды қоғамға сіңіріп, құдіретті еткен кім? Немесе ол технологияны мына қоғамға кім ұсынды?
Кез келген қоғамның басты күші оны ұстап, жамандық жасатпай, игі іске итермелейтін ізгі құндылықтардан тұрады. Аталмыш құндылықты тауып, құлдыратсаң болды, мемлекет те, ел де кескен теректей сұлап тұспек.
Бұл "технология" кәдімгі егеуқұйрықтан бастау алады. Иә, иә. Кәдімгі кеміргішті айтамын. Егеуқұйрықтар өте итжанды, кез келген өмірге бейімделгіш жануарлар. Оның бар сыры – олар бір-біріне өте қатты сенеді және қоғамдық бірлестікті бәрінен артық қояды. Тамақ жеуге барса да бірге жүреді. Тіпті, күтпеген жағдайға тап болып, бірі қатты жараланса, өзгелері оны өзімен бірге ала кетеді.
Егеуқұйрықты құртудың бір ғана тәсілі бар. Оны улап та, қақпанмен аулап та құрту мүмкін емес, оның қоғамдық бірлестігін бұзсаң жеткілікті. Ол былай жасалады:
Бір егеуқұйрықтың қоғамдық құндылығын сындыру көп егеуқұйрықтың бірлестігін сындырудан оңай. Ол үшін ғалымдар ең ірі егеуқұйрықты ұстап алып, бірнеше күн аштықта ұстаған. Артынша егеуқұйрық тұрған торға өлі егеуқұйрықты тастайды. Біраз ойланған егеуқұйрық: «Бұл менің бауырым емес, бұл өлі егеуқұйрық, демек, бұл тамақ. Ол өлді, ал мен әлі тірімін. Неге оны жемеске?» – дейді де, өзінің өлі бауырын жеп қояды.
Келесі жолы оның торына жаралы, өте әлсіз егеуқұйрық тасталады. Бұл жолы тордағы егеуқұйрық: «Бұл бәрібір жаралы, біраз уақыттан кейін өледі. Ал маған өмір сүру қажет. Неге оны жемеске?» – дейді де, енді жартылай тірі бауырын жеп қояды.
Үшінші жолы торға тірі, өте белсенді бірақ көлемі кіші егеуқұйрық тасталады. Бұл жолы егеуқұйрық: «Бәрібір жейтін ештеңе жоқ. Әрекет етпесек, екеуміз де өлеміз. Одан да мықтымыз тірі қалсын», – дейді де, өзінің сап-сау бауырын қорек қылады. Одан кейін оған қандай егеуқұйрық тастаса да ол өз бауырын емес, тағамды ғана ойлап, барлығын жей береді.
Ғалымдар тордағы егеуқұйрықты қайтадан бостандыққа жібергенде тордан мүлде бөлек, құлқынның қамын ғана ойлаған, құндылықтың барлығынан жұрдай нағыз тажал шығады. Өзге кеміргіштер оған әлі сенеді, оның тектіден тексізге айналғанын білмейді.
Бостандыққа шыққан егеуқұйрық жо-жоқ, «егеуқұйрықжегіш» ендігі таңда тек мынандай ойға келді: «Тамақты алыстан іздеп басымды қатерге тігіп қайтемін, одан да жанымдағыны жей салмаймын ба?» – деді де, ештеңеден қауіп күтіп тұрмаған егеуқұйрықты бас салып жей берді. Біраз уақыттан кейін ол ең тиімді тәсіл ашық түрде шабуыл жасау емес, ешкімге көрсетпей, білдірмей жеу керек екенін түсінді. Сөйтті де өз бауырларын тасада жей бастады.
Егеуқұйрықтар өз ішінен жау шыққанын білгенде өзге жаққа жаппай ауып кетеді.
Адамзат қоғамы да дәл осы «егеуқұйрық технологиясымен» құртылуда. Тұтынушылық қоғам «Табиғатта өзіміз деген түсінік жоқ» деп үйретеді. Барлығы бөтен, барлығы да қорек көзі. Ең жақсы әрі оңай қорек көзі – ол сенің жаныңдағы жақындарың дейді бұл технология. Өйткені, ол саған сенеді, ал сен оны оп-оңай жей саласың. Бұл – ең қауіпті жыртқыштар. Олар түрлі топтарға бірлесе отырып, өз бауырларын көзді бақырайтып қойып жей береді. Халықты ашық тонайды. Бірақ, кейіннен ашық тонаудың қауіпті екенін сезгесін «өтірік сөзбен, жалған уәденің артында отырып жеуді» үйренді. Халыққа көгілдір экраннан шексіз уәделер үйіп-төгілді, бірақ, сол уәденің артында жегіштер тұрғанын халық сезбеді, сезбейді де. Олар тіпті шынайы әділетті жандардан да әділетті болып көрінеді.
Егеуқұйрық "технологиясы" біздің қоғамға қалай кірді?
Мысалы, көшеде мас адам жатыр, қалтасында ақша бар делік. Қоғамдағы егеуқұйрық: «Мынаның қалтасындағы ақшаны мен алмасам басқа біреу алып кетеді. Одан да мен алайын», – деді де, өз қалтасына салып алды. Кейін жартылай мастан алды. Одан кейін көшедегі сау адамды тонауға көшті.
Ал ірі кәсіпкерліктегі егеуқұйрықтар мүлде басқа технологиямен қызмет етті. Басында: «Егер мен оны жұмыстан шығармасам, онда мен банкрот боламын. Банкрот болсам мен де, ол да көшеде қалады. Яғни, ол бәрібір көшеде қалатын болып тұрса, онда менсіз қалсын», – деді де, жұмыстан шығара салды. Кейін ол жұмыс істейтіндерге жалақыны кешіктіріп беретін болды. Басты уәжі: «Жалақыны созып жүрсем, банкрот болмаймын, ал банкрот болсам бәрі жалақысыз қалмақ», – деді де, жалақыны уақытында бермейтін болды. Ал үшінші жолы адам денсаулығына зиян өнім өндіре бастады. «Егер бұл өнімді өндірмесем тағы да банкрот боламын, одан да өндірейін, ал әркім өз денсаулығын өзі ойласын», – деген ойға келді.
Аталмыш құндылықты құрту құбылысы саяси салаға да табан тіреді. Ол пара беру және пара алу атты сұмдық еді. Оның ең алғашқы көрінісі тездетілген жұмыс үшін шенеунікке «рахмет» айтудан басталды. Ол «рахмет» кішігірім қаржылай немесе бағалы сыйлық түрінде көрсетілді. Оны пара емес, «алғыс» ретінде қабылдаған қоғам бұл құбылысқа айтарлықтай мән бермеді.
Келесі қадам ретінде қолында бар билікті пайдалана отырып, біреуге тендер немесе өзге де жеңілдіктерді ұтып беру болды. Нәтижесінде бұл жолы да ол жасаған жұмысы үшін тендер ұтушыдан сыйақы алып отырды.
Ал ең соңғы межеде ол нағыз тойымсыз, тексіз парақорға айналды. Ол, тіпті, ауру балалардың еміне бөлінген қаражатты да шетінен жымқырып, кеміргішше кемірді. Түйені түгімен, биені жүгімен жұтты. Ешкімді де аямады. Ол үшін ендігі таңда өз халқы тек қана қаржылық қорек болып елестеді.
Өкінішке орай, дәл осындай кейіптегі жемқорлар қоғамымызда күн сайын артуда. Тіпті, кішігірім қызметтегі азаматтың өзі жұмыс орнынан үйінен бір шеге алып кетуге тырысып тұрады.
Бірақ, мынаны ұмытпайық: жемқорлық жайлаған қоғам дәл егеуқұйрықша өзін-өзі жеп құртады.