Түркістанда ұзындығы 3,5 метрлік тарихи қолжазба табылды
Түркістанда ұзындығы 3,5 метрлік тарихи қолжазба табылды

Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты шежіренің бір бөлігі мен арнайы мөр басылған құжаттар табылды, деп жазды egemen.kz

Шағатай тілінде жазылған қолжазбаның ұзындығы - 3,5 метр. Сақталуы орташа деңгейде. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұрпақтары атадан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап келген. 

01

«Бұл қағаздардың қолымда сақталып қалу себебі,  8 жасымда атам, 18 жасымда әкем өмірден өтті. Атам әкеме, әкем маған аманаттап кетті.  Өткен ғасырда бұл қағаздардың бармаған жері қалмапты. Кеңестік жүйе бұл қағаздарды қолдануға,  тарихымызбен шұғылдануға рұқсат бермеді. Ол кезде  діни-тарихи жазбаларды сақтаудың өзі қылмыс саналғаны белгілі. Атам Юлдашқожа 1933 жылы «діндар» деп абақтыға жабылған екен. Марқұм әжем мен әкем бұл қолжазбаларды бірде жерге көміп, бірде шатыр бұрышына жасырып, қалайда назарға түсірмеуге тырысыпты. Бұл қолжазбалар жайлы білетін болса бабамыздың жағдайы одан сайын ауырлайтыны анық еді. Мен тарихшы емеспін. Бірақ мұра боп сақталып келе жатқан қағаздардың бір күні сұрауы болатынына сенім арттым. Қызығушылықпен мұны оқи алатын кісілерге көрсеттім. Қолжазбада Насабнама емес тарих жазылған екен. Аудармадан ұққаным Жүсіп атаға қатысты деректер,  ханның жарлықтары, жер-су атаулары, халықтың тыныс-тіршілігі жайлы көптеген мәліметтер бар.  Қазіргі Шаға ауылы шежіреде «Жаға» деп айтылса, Иқан ауылы сол кездің өзінде бау-бақшамен айналысқанын аңғаруға болады. Шежіреде «Иқан халқының бақша жұмысымен айналысуы және Жүсіп атамыздың Қожа Ахмет Ясауи бабамызға келе жатқан қонақтарды жемістермен қарсы алып, 12 түрлі жүзім түрлерімен күтіп жіберетіні жайлы сөздер кездеседі. Мына тарихи деректерді толықтай зерттеу ғалымдардың еншісінде. Тарих саласының маманы болмағандықтан менікі жәй ғана қарапайым зерттеу болды», дейді Сейдәлім Юлдашев.

05

Күні бүгінге дейін ХІІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп ата жайлы тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер ғана азды-көпті мағлұмат бере алды. Дегенмен, әр жеткізуші өз тұсынан түрлі деректерді   араластырып   отырғандықтан аңыздар   да  бір-біріне ұқсамайтын дәрежеге жеткен.

07

«Аллаға шын ниетімен ғашық болуы себепті жергілікті халық «Ғашық Жүсіп ата» деп атап кеткен тұлғаның тарихы мен ұрпақтары жайлы баяндайтын шежіре Сейдәлім Юлдашев қарияның мұрағатынан табылып отыр. Аңыздарда Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, жиені болып келетін Жүсіп атаның әулиелік қасиеті жайлы айтылады. Ал, жазба дерек мүлдем болмады. Кейбір деректерде дінге қарсы қиын-қыстау кезеңдерде  Жүсіп атаға қатысты жазбалар жерге көміліп, шіріп жоғалған, ал бір бөлігі бақша дәндерін салатын стакан етіп қолданылған деп айтылады. Бүгінгі танысып отырған қолжазба жоғалған мұраның дәл өзі болса екен деп үміттеніп отырмыз. Жүсіп ата жайлы тарихнамада оның Қожа Ахмет Ясауимен байланысы және өзге де тың жаңалықтардың беті ашылуы әбден мүмкін. Бұл мәселемен арнайы мамандар ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп,  анықтайтын болады», деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Сейдәлім қарияның мұрағатында Жүсіп ата шежіресін растап, бірнеше жерден мөр басылған құжат та сақталған. «Құжатты оқыған мамандардың айтуынша, мұның ішінде шежіре жайлы пікірлерді мақұлдаған бір топ жауапты тұлғалардың ортақ ұйғарымы, пікірлері жазылыпты», дейді Сейдәлім Нуршиддинұлы.

Аңыздарға сүйенсек, Жүсіп ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен жан болған. Шам (Дамаск) шахарының билеушісі Жолбарыс ханды- тоқсан тоғыз мың машайыхты бастап келген дін басын - Сырдариядан бір шыбықтың күшімен жол ашып өткізіп алғаны жайлы айтылады.

Жүсіп ата кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елдімекенінде орналасқан. Кесенені зерттеу жұмыстарын 2005 жылы археолог-ғалым Марат Тұяқбаев жүргізген.

«Кесене екі бөлмеден тұрады, оның оңтүстік шығыс-бөлігі -  Қабірхана. Ол алғашында (ХІІғ.) тек Жүсіп атаға арналған 4x4 метрлік кесене болған секілді. Кейіннен жаңа кесене тұрғызылған соң оның қасына шәкірттері, туыстары кайта жерленген болуы мүмкін. Себебі, қабірхана екі бүйіріне қарай кеңейтіліп, аркалар арқылы күмбезбен жабуға мүмкіндік туған. Жүсіп ата кесенесінің үлкен бөлмесі әу-баста-ақ мешіт емес, зияратхана есебінде салынған. Оған дәлел - михрабтың болмауы. Сірә, қасында басқа бір мешіт болған болуы керек. Табылған керамикалық табыстар (ХIII-ХІХғғ.) кесене айналасындағы төбешіктерге археологиялық зерттеу жүргізіп, планын, аэрофотосын түсіру қажеттігін көрсетеді», дейді Марат Қымызұлы.

Қожа Ахмет Ясауиге қатысты деректерді жинақтау мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған  «Ясауи ізімен» ғылыми-танымды экспедициясы алдағы уақытта еліміздегі және шет елдердегі Ясауи  бабамызға қатысты мұраларды іздеу, зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. 

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1531
0 пікір
Блог туралы