Тыйым салынбаған нәрсенің барлығына рұқсат па?
Тыйым салынбаған нәрсенің барлығына рұқсат па?

Сұрақ: Өмірде тыйым салынбаған нәрсенің барлығына рұқсат па?

Жауап: Бұл сұраққа жауап беру үшін әуелі Әбу Абдулла Нуғман ибн Башир (Алла оған разы болсын) риуаят қылған мына мәшһүр хадиспен танысқанымыз дұрыс болар:

«Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, халал нәрселер белгілі және харам нәрселер де белгілі. Ал бұлардың (халал мен харамның) арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді нәрселер бар. Күмәнді нәрседен сақтанған адам өз дінін және өз абыройы (сақтау) үшін (одан) сақ болады. Ал сол күмәнді нәрселермен шұғылданған адам харамға да баратын болады. Себебі ол, міне, кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы – адамдарға тыйым салған нәрселері…».

Бұл хадистің мағынасы мен мазмұнын талдау көп уақыт пен жұмысты талап етеді. Себебі, ғалымдардың айтуынша, бұл хадис дін исламның үштен бірін, ал Әбу Даудтің пікірінше, төрттен бірін құрайды. Сондықтан біз хадистен өзімізге керегін ғана алайық.

Сонымен хадистен көргеніміздей, өмірдегі адал және арам нәрселер белгілі. Бірақ, ол екеуінің арасында күмәнді нәрселер де бар.

Мұсылман адам осы күмәнді нәрселерден сақ болуы қажет екен. Яғни адам алдына келген нәрсенің барлығын «бұған тыйым салынбаған» деп қомағайланып жей бермеуі қажет. Себебі, кейбір нәрселердің арам екені айтылмауымен қатар, оның адал екені де белгісіз.

Әрбір амалға, іске немесе тамаққа ұқыптылықпен ғалымдардың кеңесіне құлақ асып барып шешім қабылдаған жөн. Шариғи шешімі белгісіз амалға немесе тамаққа жоғарыда айтылған «күмәнді нәрсе» деп қарау, оны әуелі анықтап алу тақуалыққа жатады. Ал мұсылман үшін «күмәнді нәрселер» Алланың қызғыштай қоритын қорығы саналмақ. Бұл қорыққа рұқсатсыз кіре алмайсыз.

Сол үшін «өмірде тыйым салынбаған нәрсенің барлығына рұқсат немесе адал» деп қарау асығыстыққа жатады. Әдетте бұлай өз амалына немесе жеген тамағына немқұрайлы қарайтын адамдар жасайды. Мұсылман баласына байсалдылық, барлық нәрсеге ақылмен қарау жарасады.

Бүгінде сауатты имамдарымыз жетерлік, ҚМДБ арнайы пәтуә бөлімі жұмыс жасайды. Өзімізді мазалап жұрген сұрақтарға қалаған уақытта жауап ала аламыз.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 жыл бұрын 1854
0 пікір
Блог туралы