Адам жерлеу бизнесі: адамгершілік ескерілсе игі
Адам жерлеу бизнесі: адамгершілік ескерілсе игі

Бұл дүниеде ең жақын адамың қайтқаннан асқан ауыр қайғы жоқ шығар. Сондай қасіретті күнде демеу болады деп сенген салт-жоралғы қызметі өкілдері қимас адамыңды ақтық сапарға шығарып саларда ақысын алып, орта жолдан «лақтырып» кетсе не болмақ?! Жаз кезіндегі коронавирус індеті асқынып тұрғанда әкесінен айырылған астаналық Татьяна Морозованың оқиғасы осының айғағы. Бұл осы салада тиісті қадағалаудың жоғын көрсетіп кетті.

«Табытыңмен қоса төңкеріп тастаймын…»

Елді шулатқан бұл оқиға маусым айының аяғында Нұр-Сұлтан қаласында болған еді. Қысқаша баяндар болсақ, Татьяна мен әпкесі коронавирустан қайт­қан әкесін жерлеу үшін қаладағы салт-жоралғы қызметін көрсететін бюролардың біріне бақандай 378 мың теңге ақша төлейді. Оған құжат бойынша мәйіт таситын катафалк маши­насы, ағашпен қапталған мырыш табыт, көр қазушылардың еңбегі, крест, қорғаныш кос­тюмдері және тағы басқалар кірген екен. Ал іс жүзінде мәйітханаға индрайвер қызметінен шақыр­тылған минивен маркалы такси көлігі келіпті. Жүгізушісінің ай­­туынша, оны 15 мың теңгеге жалдаған.

«Біздің шарасыз күйімізді пайдаланып, қызметтерінің ба­ғасын екі есеге көтеріп жіберді. 25 мың теңгенің катафалк көлігін 45 мың деді, төледік. Ал келіп тұрған машина ешқандай да арнайы жабдық­талмаған жолаушылар таситын көлік. Амал жоқ, әкемізді тиеттік, қабір басына барсақ, ақшасы төленген көр дайын емес. Оны тағы 80 мың теңге беріп, қаздырдық. Табытты көліктен шығарса, шегелері шошайып, ағаштары қақырап жатыр. Сонда бұл не болғаны?! Одан өзге де уәде етілген қызметтер көр­сетілген жоқ. Бұл біздің әкемізге деген құрме­тімізді қорлап, қай­ғы­мыз­дың жүгін ауырлата түсті. Қымбат адамы­мызды дұрыстап соңғы сапарға шығарып сала ал­ма­дық», – дейді Татьяна Мо­розова.

Елді шулатқан жазғы оқи­­­ғаның ұзын-ырғасы осындай. Осы­дан соң тиісті орындарға хабарласқан апалы-сіңлілер қала­­лық әкімдіктен «жеке бизнестің жұмысына араласа алмаймыз» деген жауап алған. Тіп­ті, сол күні коронавирустан қайт­қан адамды тасыған таксидің жолау­шылар тасымалына қайта қосыл­масына да кепіл жоқ. Ал одан да сорақысы, бюроның ди­ректоры делінетін Арман деген жігіттің ке­шірім сұрау­дың орнына, «қазір келіп табыттарыңмен қоса төңкеріп тастаймын» деп қоқан-лоқы көр­сеткені.

Иә, рас, бұл проблеманы Мо­розовалардың қалай шешкенін білмедік. Енді біткен жараның аузын тырнамайық дедік. Бір білеріміз, коронавирус індеті біраз пробле­маларды жалаңаштап, көп салада қадағалаудың жоқ екеніне көзімізді жеткізіп кеткені. Кейіп­керіміздің сөзімен айтқанда, «та­бытымен қоса төңкеріп тастады» деуге болады.

 «Бір қарын майды бір құмалақ…»

Нұр-Сұлтан қаласында жерлеу қызметін көрсететін 10 ұйым бар. Соның ішінде интернеттегі пі­­кір­лерден қарап отырсаң, ең көп негатив алған осы Желтоқсан кө­шесінде орналасқан бюро екен. Сұхбатқа тартпаққа хабар­лас­қанымызбен, телефондарын ала алмадық. Қалғандарының ішінен сұхбатқа келіскен атына көп жылы пікір жазылған «Айст» салт-жо­ралғы қызметтер орталығының директоры Мәди Жуанханов бол­ды. Ол да жазда елді шулатқан оқиғадан хабардар екен.

«Бұл жай бәрімізге топырақ шаш­­­­­­­­­­қандай болып отыр. Одан біздің зардап шегіп жатқанымыз өкінішті, әрине! Жұрттың бәрі салт-жоралғы мекемелері түгел сондай деп ойлауы мүмкін. Той емес, құдалық емес, адам қазасы болған соң оған мұқият болу керек қой. Хабарласқан адам саған қиналғандықтан келіп тұр. Сон­­дық­­тан қайғыдағы адамның көңі­ліне өте ыждаһатпен қарау қажет. Ақша-ақша дей бермей, жұмысты таза істеу керек. «Бір құ­­­­малақ бір қарын майды шіртеді» деген осы», – дейді ол.

Мәди Шыңғысұлы бұл сег­мент­тің ешқандай заңмен рет­телмейтінін айтады. Тек азаматтық-құқықтық қатынастарда ғана қа­рас­­тырылады екен. Жылына бір рет салық есебі тапсырылады. Қан­­­дай да бір ли­цензия, серти­фикат қажет етілмейді. Ал қызмет сапасы төмен болса, ешқандай жаза қарас­тырылмаған. Бұл – заң­ның кем­шіліктері. Ко­­­ро­навирус кезінде олар да қызмет көрсеткен екен.

«Індет ушыққанда СЭС адам жерлеуге үлгермей жатқан соң жеке фирмаларға рұқсат берді. Арнайы катафалк болсын, жүргі­зуші мен жүк бөлек болсын, залал­сыздандыру жүргізілсін деген талап қойды. Біз оған қосымша залал­сыздандыратын лампа орна­тып, желдеткіш қойдық. Жұмыс­­шыла­рымның бәріне 100% қор­­­ғайтын арнайы костюм, респи­ратор алып бердім. Бөлек жер үй жалдадым. Пайдаланып болған кос­тюмдерді СЭС-ке утилизацияға тапсырып отырдым. Осылайша, бір де бір адамым ауырған жоқ», – дейді салт-жоралғы қызметтер орталы­ғының директоры.

«Мүрдені Африкаға да жеткізіп береміз»

Әлі отыз жасқа да толмаған Мә­дидің бұл салада жүргеніне 9 жыл болыпты. Өз алдына бизнес ашып шыққанына 4 жыл.

«Мәйітханада істеп жүріп аста­нада салт-жоралғы қызметінің нашар дамығанын байқадым. Со­дан қабір қазудан бастап адамды мәйітханадан алу, арулап жуу, кілемге орау немесе мырыш табыт­қа салу, арнайы көлікпен тасу, жер­леу, құл­пытас қою, мазарын салу, тіпті ұшақпен басқа қалаға тасы­малдау қызметтеріне дейін көрсе­тетін орта­лық ашсам деп бел бай­ладым. Ол мақсатыма жеттім де. Бүгінде мұ­сылманша, христианша салт-жоралғы қызметінің 95% көрсетеміз. Ақыреттік ақ мата, кілем, құман, самар, қолғап жиын­тығымен қосып әкеп береміз. Тек қана жаназа шығарып, құран оқымаймыз. Есе­сіне, еліміздің кез келген өңіріне, тіпті алыс-жақын шетелге, керек десеңіз, Африкаға да қайтқан ада­мыңыздың мәйітін жеткізіп бере­міз», – дейді ол.

Қайғы жүгін жеңілдетуде қара жұмыстың барлығын атқаратын бұл қызметтің құны комплектімен алған адамға 200 мың теңге шама­сында тұрады. Бірақ ондайлар сирек кездеседі. Көбіне адамдар көр қазуға, арнайы көлікке, құлпы­тасқа, мазар салуға тапсырыс береді екен. Ал мәйітті ұшақпен жеткізу құны – ең қымбаты Ақтау қаласына 180 мың теңге. Шетелге жіберу құны одан бес есеге дейін қымбат.

Өлексе аңдыған құзғындай

Халық арасында жерлеу қыз­метін «өлексе аңдыған құз­ғындар» деп атайтындар бар. Тіпті, «жол-көлік апаты болған жерге поли­циядан бұрын солар жетеді» деп те зіл тастап әзілдейді. Бұл сөздің шығуы тегін емес. Өйткені былтыр осындай бюроларға қайтқан адамдар туралы мәлімет­терді сатып отырған 9 полиция қызметкері сотталған болатын. Сұхбаттасымыз бұл саланы да жемқорлық жайлап кеткенін ай­тады.

«Сол оқиғадан кейін мұнда жағдай сәл тынышталғандай болып еді. Бірақ қазір қайта басталған сияқты. Бұрын адам қайтқан үйге жарты сағат өтпей баса-көктеп жетіп баратын ритуалды қызмет өкілдері енді айлаға көшкен. Олар қазір «собезденбіз», «моргтенбіз» деп қоңырау шалатын болыпты. Болмаса «мемлекеттен қандай көмек барын түсіндірейік деп едік» деп үйлеріне баратын болған. Ал олардың теріс әсері бізге тиеді. Бәсекелестікті мұн­шама қаралауға болмайды ғой», – дейді әріптестері туралы шын­дықты айтқан Мәди Шындықұлы.

Өмір бар жерде өлімнің де болатыны анық. Ал уақытпен жарысқан қазіргі заманда бақилық болған жақынын ақтық сапарға  шығарып салу ісін кәсіби ма­мандарға тапсыру да қалыпты құбылысқа айналған. Біреудің ет жақыны елден жырақта жүріп көз жұмуы мүмкін, тағы бірінің  өлімге қатысты  рәсімдерді білмеуі де ғажап емес. Осындайда  жерлеу қызметін көрсететін  мекемелерге жүгінгеннен басқа амал да қал­­майтын кездер болады. Сондықтан  ел ішінде осынау кәсіппен айналысып жүргендерді құзғынға теңеу қаншалықты қисынды?! Бәлкім сала мамандары мен кә­сіпкерлерге ат қойып, айдар тақ­қаннан  көрі  осынау қызмет түрінің құқықтық нормалармен реттелгенін қалағанымыз жөн шығар.

Нұрлан ҚОСАЙ

aikyn.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 1404
0 комментариев