Адыраспан адамды қандай аурулардан қорғай алады?
Адыраспан адамды қандай аурулардан қорғай алады?

Ғылым Peganum harmala, халқымыз "адыраспан" дейтін жабайы өсімдіктің коронавирус инфекциясына қарсы әсері бар ма? Жалпы, оның қандай емдік қасиеті бар? Baribar.kz ботаниктен, инфекционистен және фитотерапевтен жауап алды.

Адыраспан – ақтікендер тұқымдасына жататын терең тамырлы өсімдік. Сабы мен гүлінде уы бар. Ол тау беткейі мен жазық далада өседі, жаз бен күзде жемістейді. Ботаник, биология ғылымдарының кандидаты Людмила Грузинскаяның айтуынша, адыраспанның вирусты өлтіретін қасиеті бар.

Адыраспан – күшті алкалоиды бар дәрілік өсімдік. Оны инфекцияны, түрлі микробты өлтіру үшін жағып, түтіндетеді. Қазақстанның барлық жерінде өседі, – дейді ботаник.

Бірақ адыраспаннның коронавирусқа қарсы әсері дәлелденбеген. Инфекционист Мутабар Шерметова ауаны вирустан тазартуда химияға жүгіну керек екенін ескертті.

Қазір бізге өсімдіктің емес, химиялық тазартқыштардың, дезинфекция құралдарының пайдасы көбірек. Кез келген вирустың шыққан көзі болады. Ол сол жерден тарап кетпеуі үшін шаралар қолданылады. Мұндай жағдайда карантин ережелерін ұстанып, барынша таза жүру керек, – дейді инфекционист Мутабар Шерметова.

Ал фитотерапевт Халисат Сүлейманованың айтуынша, улы өсімдікті қолданарда абай болу керек. Себебі адыраспан адамдардың кейбір тобына зиян.

Адыраспанның түтіні бактерия мен микробты жоя алады, бірақ өсімдік улы болғандықтан оны гипотониямен және гиперкинезбен ауыратындарға қолдануға болмайды. Адыраспаннан жасалған дәріден әйел түсік тастауы мүмкін. Сондықтан оны жүкті әйелдерге де пайдалануға болмайды, – дейді фитотерапевт.

Халық медицинасы бұл жабайы өсімдікті ревматизм, миопатия, миастения ауруларына шалдыққандарды және ағзасына гельминт паразит құрттары түскендерді емдеуге қолданады.

Ревматизм кезінде

Кепкен адыраспан жапырағының екі-үш уысын 3 литр қайнаған суға жарты сағат тұндыру керек. Кейін тұнбаны жапырағын алып тастап ваннаға құйып, суда 20 минут жату қажет.

Адыраспан қосып қайнатылған сумен күнара жуынған дұрыс. Мұндай емді мүмкіндігінше 10-15 рет істеу керек. Бұл тәсіл қышыма ауруынан емделуге де жақсы көмектеседі, – дейді Халисат Сүлейманова.

Миопатия, миастения кезінде

Бір ас қасық адыраспанды бір стақан қайнаған суға салып, 60 минут ұстау керек.

Кейін шөпті сүзіп алып, екі ас қасықтан күніне үш рет ішу керек. Алғашында бір ас қасықтан бастауға да болады, – дейді фитотерапевт.

Гельминтоз кезінде

Адыраспанның 10-15 түйір дәнін сумен күніне екі-үш рет ішу керек. Гельминттер ағзадан 3-4 күннен соң ғана шыға бастайды.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
5 лет назад 2879
0 комментариев