Аурудың күдікті белгілерін жиі байқағанымызбен, оны дер кезінде емдеуге асықпайтынымыз бар. Ал бұл мәселе қатерлі ісікке келіп тірелгенде, дертке бей-жай қараудың ақыры жақсылыққа ұласуы екіталай.
Жүргізілген зерттеу жұмыстары ересек адамдардың көпшілігі қатерлі ісік белгілерін ерте баста-ақ байқағанын көрсетеді. Десе де олардың тек 2%-ы секем алып, дәрігердің көмегіне жүгінген. Мамандар ауру нышандары айтарлықтай маңызды болмаса да дәрігерге хабарлап, тиісті орындарға қаралу керектігін айтады. Себебі, қатерлі ісіктің алғашқы сатысын емдеп-жазу мүмкіндігі жоғары.
Жөтел
Ара-тұра мазалайтын жөтел денсаулығыңызда ақау бары жөнінде күдік тудырмауы мүмкін. Алайда, егер жөтел жиі орын алып, тоқтаусыз әрі жанға бататын болса, сонымен қатар қан түкірсеңіз, бірден дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Бірінішіден, мұндай ауру нышаны (жүдеу, әлсіздік, үнемі қызу көтерілуімен қатар жүрсе) өкпе қатерлі ісігін аңғартуы ықтимал. Екіншіден, тіпті, ол қатерлі ісік белгісі болмаса да, мұндай жөтел жөн-жосықсыз пайда болмайды. Ол – бронх қабынуы, пневмония немесе басқа да қауіпті аурулар белгісі болуы мүмкін.
Дәретханадағы қиындықтар
Зәр шығарудағы қиындықтар мен дәреттің өзгеруін көп жағдайда қауіпті дерттің белгісі ретінде қабылдай бермейді. Мұндай нышандарды дұрыс тамақтанбау, салқын тиюмен байланыстырады. Оған қоса мұндай қиындықтардың құбылмалы сипаты да жаңылыстырады: бастапқыда ауырса, артынша ауру сап тыйылады. Соның салдарынан дәрігерге қаралу жөнінде ойға ала бермейміз. Ол дұрыс емес. Себебі, зәр шығарудағы өзгерістер, зәрдегі қан тамшысы зәр шығару жолдарындағы індетті аңғартады. Ал оған қоса беліңіз ауырса, тез арада уролог не терапевт маманға қаралуға асығыңыз. Мұндай белгілер бүйрек қатерлі ісігін аңдатуы ықтимал.
Егер ішекті босатумен байланысты қиындықтар туындаса, маманға қаралудан қашпағаныңыз жөн. Ішек жұмысына қатыстының барлығы –иммунитетпен тікелей байланысты.
Тынымсыз ауырсыну сезімі
Қақсап, жаныңа батып, тоқтаусыз ауырсыну белгілерін бойымыздан жиі байқап жатамыз. Бірақ, уақыт өте келе оларға үйреніп қалатынымыз сонша, қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастаймыз. Десе де дененің белгілі бір аумағында ауырсыну сезімі – сол маңдағы ағзаның зақымдалуына нұсқауы мүмкін. Мысалы, ешер ұзақ уақыт бойы кеуде тұсыңыз ауырса, өкпе немесе омырау қатерлі ісігіне тексеріліңіз. Ал ішіңіз ауырса, жыныс мүшелерін, ішегіңізді дәрігерге қаратқаныңыз жөн.
Тез жазылмайтын жаралар
Адам денесінде жаралар жиі пайда болады. Оның себебі де әр түрлі. Алайда, мұнда салғырттық танытпай, жараның өз уақытында жазылған-жазылмағанын бақылаңыз. Дәрігерлер денедегі кез-келген жарақаттың 3 апта ішінде толық жазылатынын айтады. Егер бұл уақыт ұзаққа созылса, дәрігердің қарауына асығыңыз. Мұндай жазылмайтын жаралар түрлі қатерлі ісікті аңғартуы мүмкін.
Тері астындағы қатайған жерлер
Егер тері астында қандай да бір қатайған жерлер не кішігірім май қабаты пайда болса, дәрігерге жүгініп, ультрадыбысты зерттеуден өткені жөн. Ол қатерлі ісікті аңғартуы мүмкін. Сондықтан, дертке дер кезінде дауа қолдану үшін, ертерек ем қабылдаңыз. Мысалы, лимфалық түйіндердің онкологиялық өскіндері – қатерлі жасушалардың қан арқылы бүкіл организмге тарауымен қауіпті. Мұндай метастаздың салдары көпше қатерлі ісікке апарып соғуы мүмкін.
Жұтыну қиындығы
Жұтыну – еш қиындықсыз атқарылатын табиғи әрі қалыпты процесс. Егер жұтыну барысында қандай да бір қиындықтар пайда болып, уақыт өте келе асқына түссе, дәрігер қарауынан өткеніңіз дұрыс. Мысалы, әлдененің жұтынуға кедергі жасайтыны сонша, әдеттегі тағамның орнына жұмсақ, езілген тағамдармен ауқаттануға көшсеңіз, дерттің өздігінен жазылуын күтудің қажеті жоқ. Себебі, оның барлығы – көмей не өңеш қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін.
Источник: Stan.kz