Баһаи қандай діни ұйым?
Баһаи қандай діни ұйым?

Баһаи – ХІХ ғасырда шиғаның Иснәшари ағымынан тараған жаңа діни ағым. Негізінде Баһаилік – ислам мәзһабы емес. Десек те, тарихи негізі бойынша өздерін Иснәшариден тарататындықтан және исламның атын жамылып өз пікірлерін насихаттайтындықтан, Хақ дінді қорғау мақсатында бұл діни ағым тудырған қайшылықтарды айтпай кетпеуге болмайды.

Баһаиліктің негізін қалаушы 1780 жылы Иранда туған Мырза Али Мұхаммед аш-Шираз. Ол алғашқыда Иснәшари мәзһабының өкілі болды. Кейін, Исмайли мен Сабайи мәзһабының кейбір исламға мүлде жат саналатын «хулул» секілді пікірлерімен қаруланады. Осылайша, ислам негіздерінен алшақтап дүбәра күйді басынан кешіреді.

Иснәшарилердің он екінші имамы Махдидің ғайып болып қиямет қайымнан бұрын жер бетіне оралып, әділеттілік орнатады деген сенімін Мырза Али өзінің жаңадан құрмақ болған діни ағымына ұтымды пайдаланады. Ол, өзінің кейбір пікірлерін айта келіп, бұл ілімді ғайып имамнан (Махди) үйренгенін айта бастайды. Иран халқының көпшілігі Иснәшари мәзһабын ұстанатындықтан, ғайып имамның ілімін паш етуші Мырза Алидің маңайына топтаса бастайды. Ол өзінің беделін арттыру үшін психологиялық, философиялық еңбектерді оқуды қолға алады. Ғайып имам жер бетіндегі адамдардың тек бірімен ғана байланыс жасайтынын айтып, ол адам өзі екенін айтады. Оның бұл пікірі Иснәшаридегі ғайып имамның өсиеті ғана ақиқат дінмен қауыштырады деген  сеніммен тамаша үйлесетін еді.

Мырза Али өз діни тобын құрғаннан кейін өзінің жаңа пікірлерін айта бастайды. Оның сенімдік пікірлеріне тоқталар болсақ:

а) ақырет күнінде мұсылмандардың сауапты істерінің қайтарымы ретінде жәннатты, кәпірлерге тозақты көрсетеді және ол күні Алламен қауышу секілді илаһи қуанышты сәттер бейне бір рухани күйді кешірумен болады.

б) Мырза Али өткен бүкіл пайғамбарларды өзінің өкілі екенін айтты. Бұл пікірімен ол барлық дін өкілдерін өзіне бағынышты етуді қалады.

в) ғулат діни топтарына тән, исламға мүлде жат саналатын «хулул» пікірін, яғни иллаһтың өзінің денесіне енгенін паш етті.

д) Мұхаммедті (с.ғ.с) соңғы пайғамбар ретінде мойындамады. Оның пікірінше иллаһ өзіне енгендігін, өзінен кейінде иллаһтың таңдаған құлымен тұтасатынын айтты.

е) ол әрбір әріптің астарында өзіндік илаһи сыр бар деп білді. Мырза Әлиге әсіресе он тоғызыншы сан қасиетті еді.

Мырза Алидің амалға қатысты пікірлеріне тоқталар болсақ:

а) мұрагерлік және өзге де мәселелерде еркек пен әйелдің құқығы тең деп білді. Бұл пікірімен Құраннның үкімдеріне ашықтан-ашық қарсы келді.

б) Исламға қайшы тағы бір пікірі – оның ойынша барлық адам ұлтына, дініне, нәсіліне, жынысына қарамай, тең саналады.

Ол бұл пікірлерін өзінің шығармасы Бәйанда жазған еді.

Оның «хулул» пікірі Абдуллаһ б. Сабаның әзіреті Әлидің денесіне иллаһ енген деген пікірінің жаңа көшірмесі болатын. Осыдан соң Иран үкіметі олардың соңына шырақ алып түседі. Қуғын-сүргіннен кейін Мырза Али отыз жасында қайтыс болады. Оның соңынан ергендердің ішінде Мырза Алидің орнын басатын Субһ Әзал мен Баһаиллаһ бар еді. Иран үкіметі қуғын-сүргін жүргізгенде, Субһ Әзал Кипрға, Баһаиллаһ Едирнеге қашады. Субһтың соңынан ергендер өте аз болды. Ал, Баһаиллаһтың маңайына Мырза Алидің жақтастарының көпшілігі жиналды. Яғни, Мырза Алидің құрған діни тобы бұдан кейін Баһаи деген атпен белгілі болды. Субһ пен Баһаиллаһтың арасында көптеген айырмашылықтар орын алды. Субһтің пікірінше діни ағым Мырза Алидің айтқан негіздері бойынша дамуы тиіс болды. Ал, Баһаилаһ болса, Мырза Алидің бойына енген иллаһ менің денеме кірді деді. Ол осы пікірінің арқасында соңынан адамдарды көп ерте білді.

Ғайыптан хабарым бар деп білетін Баһаилаһ болашақ туралы сәуегейлік айтатын. Кейбір айтқандары тура келіп, бұл өзіне деген сенім артушылардың санын арттырды. Ол Наполеон тақтан түседі деген еді. Ол айтқаннан кейін төрт жылдан соң Наполеон үкіметі биліктен кетті. Оның осындай сәуегей сандырақтары маңына надандардың көптеп жиналуына түрткі болды. Ол өз пікірін күллі әлемге паш ету үшін шәкірттеріне шет тілдерін меңгеруді бұйырды.

Оның діни пікірлеріне тоқталар болсақ:

а) бүкіл исламға қатысы күллі ағымдарды қоғамнан аластату. Ол бұл пікірімен ұстазы Мырза Алиден де ұзақтады.

б) ол әртүрлі діндер мен ұлттарды, нәсілдерді бір-біріне бауыр деп білді. Адамзатты бөлуге болмайтынын айтты. Бұл оның өз пікірлерін күллі адамзатқа мойындатудың амалы еді.

в) Ол жаңа отбасы үлгісін қалыптастырғысы келді. Оның пікіріндегі отбасы формасында көп әйел алушылыққа жол жоқ. Тек ерекше жағдайда ғана екі әйел алуға рұқсат етті. Өте қиын жағдайда болмаса, ажырасуға да болмайды деп білді. Және ол ажырасқан әйелдің белгілі бір мерзім күтпестен (шариғат бойынша төрт ай он күн күтуі тиіс) келесі біреуге үйленуіне рұқсат етті.

д) жаназа намазынан басқа намаздардың бәрін тек жеке оқу керек. Жамағатпен оқуға болмайды деп білді.

е) намаз оқығанда Қағбаға қарап емес, бұл қайда болса, соған қарап оқуы тиіс  болды. Өйткені, оның түсінігінше иллаһ мұның бейнесіне енген. Олай болса, иллаһтың болған жері құбыла болуға тиісті.

г) оның исламмен ұйысатын пікірлерінің бірі намаздан бұрын дәрет алу мен ғұсыл алынуды қабылдауы еді.

с) ол исламдағы қоғамдық қатынас пен ішіп-жеудегі харам және адал дегенді жоққа шығарып, әрбір нәрседе адам ақылмен әрекет ету керек дегенді шығарады.

Баһаилаһ дұрыстап ізденген болса, исламның адал дегенін адал, харам дегенін харам деген болар еді. Оған бір адамның: «Неге Мұхаммедке (с.ғ.с.) иман еттің?» деп сұрағанда, ол: «Менің ақылымның Мұхаммедтің (с.ғ.с) істе дегенін істеме, істеме дегенін істе дегенін көрмедім», – деп жауап берді.

һ) Баһаилаһ пен оның ұстазы Мырза Али адамдардың теңдігін паш еткенмен, демократияны қолдаған жоқ. Оның осы соңғы пікірі өз мүддесін қорғауға бағытталған шара болатын. Демократияға рұқсат еткен болса, өзінің деспоттық билігі шайқалатын еді. «Патшалардың шексіз билігіне тиісуге болмайды» деп, билік деген ұғымды қасиетті етіп түсіндіргісі келді. Мақсаты – өзінің биігін қасиетті деп таныту болатын. Оның ұстазы Мырза Али өз пікірлері арқылы Иснәшарие ғалымдарымен ғана соғысқан болса, Баһаилаһ өзінің пікірлерін күллі әлемдік жаңа дін деп білгендіктен, исламмен бірге христиан және иуда өкілдерімен де жауласты.

1882 жылы Баһаилаһ қайтыс болғаннан кейін, оның орнын ұлы Аббаспен бірге Абдулбаһа деген құлы және Ғусну Азам деген шәкірті басады.

Аббас батыс мәдениетін жетік білетін. Осы себептен ол әкесінің иллаһ менің бейнеме енді деген пікірін Баһаиліктен алып тастайды. Әкесі секілді харизматикалық пікірлерді айтпай, діни ағым пікірлерін барынша жеңілдетуді қолға алады. Батысқа Баһаилікті сіңіру үшін христиан мен иуда дінін зерттейді.

Баһаиліктің негізін қалаушы Мырза Али исламға жаңа реформа жасамақшы болса, Баһаилаһ исламды бүтіндей жоққа шығарған еді. Ал оның ұлы Аббас христиан мен иуда және керек жерінде Құранға да арқа сүйеп жаңа бір дінді жасамақшы болды.

Еуропа мен Америкаға барған Аббас Баһаилікке жүз мыңнан астам адамды тартып, 1921 жылы қайтыс болды. Орнына баласы Шауқи келді. Ол да Баһаилікті кеңінен таратуды қолға алды.

Баһаилік ілімі бойынша әрбір екі мың жыл сайын жаңа бір пайғамбар келеді деп білді. Өз сенімдері бойынша, он тоғыз санын қасиетті деп білгендіктен, Баһаиліктің әрбір мүшесі он тоғыз күн сайын қауымның он тоғыз мүшесін қонаққа шақыруы тиіс болды. Құрған қауымдастығын «Қоғамдық әділет үйі» атты жоғары мәжілістеріне сайланған он тоғыз Баһаи тарапынан басқарылды. Әрбір Баһаилікке кірген адам жыл сайынғы табысының бестен бір бөлігін осы жоғары ұйымға береді. Бойдақ болып өмір сүруге тыйым салып, он бір жаста үйлену қажет деп білді.

Баһаилердің дүниежүзінде 88 жерде ұйымы бар. Христиан, иуда, мәжуси, сихтар, зәрдушт және буддистерді өздеріне тартуда. Олардың ең қатты дұшпандары – ислам ғалымдары. Себебі, олардың тұзағына оңайлықпен түспейтін мұсылмандар еді. Кітаптарын, уағыздаушы басылымдарын қырық сегіз тілге аударып, жер жүзіне таратып, миллиондаған қаржы жұмсағанмен, ислам дінінің дамуымен салыстырғанда тым әлсіз. Еуропада, Америкада, Австралияда 77 қоғамдық ұйым ретінде тіркелген. 1902 жылы Орта Азияда, 1920 жылы Чикагода екі үлкен ғибадатхана салды.

Ғибадаттары, ұйымдары, міндеттері «Ақдас» деген кітаптарында және «Өсиеттер қағаздарында» жазылған. Исламға қайшы келетін тұстары өте көп. Логикалық және әлеуметтік болып келетін көзқарастарын дін деп, Құдайдан келген уаһи деп түсінеді.

Мұхаммед Әбу Захра Баһаилік туралы: «Батыс әлемінің Баһаилікке қолдау көрсетуінің бірден-бір себебі, Баһаиліктің өздерінде емес, ислам елдерінде дамығанын қалады. Ислам елдеріне Баһаилікті енгізу арқылы, мұсылмандардың арасына іріткі салуды мұрат етіп отыр. Себебі, Баһаилікте исламға мүлде жат саналатын көптеген пікірлер мен үрдістер орын алған. Бұл пікірлер мен үрдістер ислам елдеріне таралатын болса, олардың ауызбіршілігіне жарықшақ түсетіні анық. Яғни, батыс әлемі іштен іріту жолымен исламның туын жығуды көздеген деп айтуға болады» деген еді.

Алайда, Баһаилік ислам елдерінде кең көлемде қолдауға ие болған емес. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ислам елдеріне біршама таралғанмен, мұсылмандардың қарсылығына тап болуына байланысты өрісі тым тар күйінде қалып отыр. Мысыр секілді мемлекеттер Баһаиліктің өз территориясында насихатталуына қатаң тыйым салған.

Ал Қазақстанда Баһаи сенімін ұстанушылар 1938 жылдары Кавказдан жер аударылған кезде пайда болды. Кеңес үкіметі дәуірінде дінге біржақты тыйым салынғандықтан, Баһаи сенімін ұстанушылар ресми қызмет ете алған жоқ. Қазақстан тәуелсіздігін алып, 1992 жылы діни-сенім бостандығына рұқсат берген уақытта Баһаи сенімін ұстанушылар еліміздің бірнеше аумағынан өкілдіктерін ашты. Тіпті, 1994 жылы Қазақстанда Баһаилар халықаралық жиынын өткізді. Осы жылы мемлекеттік тіркеуден өтіп, содан бері Баһаилар Қазақстанда ресми діни қызмет етеді.

Мұхан ИСАХАН

kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
2 года назад 1848
0 комментариев