Бас сақинасын қалай емдеуге болады
Бас сақинасын қалай емдеуге болады

Бұл – қарқындылығы, ұзақтығы және жиілігі әртүрлі, жүректің айнуы және құсу қоса қабаттасатын ұстама түріндегі бас ауыру. Мезгіл-мезгіл бас ми артерияларын тарылтады немесе кеңейтеді, ол тіндердің ісінуіне және белгілі бір химиялық үдерістерде мида болатын өзгерістерге әкеп соқтырады.

Тамырдың соғуы түсініксіз әрі бас ауыртады. Сырқат тұқым қуалауы да мүмкін. Көбінесе жасөспірім кезде байқалады және онымен әйелдер жиірек ауырады. Мұны кейбір тағамдық өнімдер, климаттың өзгеруі, қатты жарық, шуыл, эмоциялық салмақ, жағымсыз өткір иістер тудыруы мүмкін.

Бас сақинасы алдында көздің көруі нашарлайды, көз алдында небір көріністер байқалады, бұлдырайды, тіпті санасы шатаса бастауы мүмкін. Кейбіреулер бас сақинасын кейде алдын ала сезіп, жалғыз қалуды және қараңғы, салқын жерде ұйықтауды қалап тұрады. Бұларды бас сақинасының аурасы деп атайды.

Бас сақинасы кезінде бастың ауыруы біртіндеп дамып, күшейе түседі. Оған кейде адам шыдамсыздық танытады, өйткені ауыру сезімі бір жерде ғана тұрақтауы мүмкін. Кейбіреулерде басының бір жақ жартысы, ал екінші біреулерде түгел ауырады. Бірақ ауырудың орналасуы және сипаты әртүрлі болып та кездеседі. Ауыру көбінесе маңдай, көз, самай маңын жайлайды. Ұстама кезінде адамның жүрегі айнып, құса бастайды, бұл жағдайды едәуір жақсартады.

Бас сақинасы білінуінің алуан түрлілігіне қарамастан, оны өте кең тараған екі түрге бөлуге болады: әдеттегідей және классикалық.

Әдеттегідей бас сақинасында ұстама алдында аура байқалмайды, бірақ кейде адамның тәбеті және көңіл-күйі өзгереді. Кейбір адамдар шамадан тыс белсенді бола түседі, ал екінші біреулері, керісінше, ұйқышыл, былжыр болады. Солқылдатып ауыртатын ауыру сезімі мұнда бастың бір бөлігін қамтиды. Ұстама кезінде жарыққа, дыбыстарға, иіске және басқадай тітіркендіргіштерге сезімталдығы күшеюі мүмкін. Бұл ұстаманың ұзақтығы бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін.

Классикалык бас сақинасы, немесе аурасы бар бас сақинасы сирек байқалады. Әдеттегі бас сақинасындағыдай, ауыру бастың бір жақ бөлігінде пайда болып, ол екінші жағына жайылуы мүмкін, бірақ ол қысқа болуы және сананың жоғалуына дейін апаратын өте ауыр жағдайға ұласуы мүмін. Өзіне тән белгісі – скотома, көз алдында тұйық дақ пайда болады, сондықтан тура қараған кезде, күн көзіне тура қарағандағыдай, алдында тұрған затты көрмейді. Бұл және бұған ұқсас жайттар кейде шамамен 20 минутқа созылады.

Ұстама өткеннен кейін адам қатты шаршайды, ұйқысы келеді. Көпке дейін бұрынғы қалпына бейімделе алмайды.

Әйелдерде бас сақинасы көбіне етеккірдің басталуымен қоса қабаттасуы мүмкін. Бұл организмдегі гормондық тепе-теңдіктің бұзылуынан, яғни прогестерон мен эстрогеннің өзгеріске ұшырауына байланысты болады.

БАС САҚИНАСЫНЫҢ ЕМІ

Ауыру басталар алдында қан тамырын кеңейтетін дәрілерді, мысалы, никотин қышқылын, папаверинді, компламинді қолданады. Қатты ұстаманы кетіру үшін аспирин, седальгин, фенобарбитал, аскофен, пенталгин, спазмовералгин, кофетамин, регитамин (тіл астына), эрготамин препараттары (жүрек-қан тамыр ауруларында және жүктілікте мұны қолдануға болмайды), антидепрессанттар, құсуға қарсы дәрілер қолданылады. Ауыр ұстамаларда сусыздандыратын ем жүргізіледі, фуросемид, гипотиазид беріледі. Кейбір жағдайда рефлексотерапия жүргізілуі мүмкін. Басқа массаж жасалады, мойынға қыша қойылады, ұйықтататын дәрілер беріледі және ыстықтау себіл қабылдау керек. Егер етеккір нәтижесінде пайда болса, напроксен немесе метиндол, прегнин немесе тамоксифен тағайындайды.

Бас сақинасы ұстамасына жол бермеу үшін оны туындататын кез келген жағдайды болдырмау керек. Кейбір жағдайларда тамақтану рационын өзгерту, ұйқы мен демалу уакытын арттыру ұстаманы болдырмауға үлкен жәрдемін тигізеді. Жалпы организмді босаңсытуды меңгеру керек.

БАС САҚИНАСЫН ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ТОҚТАТУ ҮШІН

•  Сәбіз, қияр және саумалдық шырындарын ішу керек, шикі пиязбен маңдайға компресс жасаған немесе құлақты пиязға шыланған мақтамен тығындаған дұрыс;

•  Бас сақинасы басталар алдында тәтті немесе ащылау тағам жеген жөн;

•  Жаңа лимонның кесілген түйірін самайға қою керек;

•  Күн сайын таңертеңгісін екі ас қасық аскөк шырынын ішу керек;

•  Лаванда гүлі мен мелисса жапырақтарының бір-бір уысына қайнаған су құйып, 15 минут қойып қояды, тұндырмасын шомылғыға құйып, оған 20 минут жатады. Су температурасы 37°С болуы керек;

•  Қыша қосылган шомылғы да жақсы жәрдемдеседі. Бір уыс қыша ұнтағын 50°С-ге дейін ысытылған суға салып, ботқаға айналғанша араластырады. Содан кейін оны 38-39°С-қа дейін қыздырылған бір шелек суға салып араластырады. Оған қолды немесе аяқты батырады.

Бұл жалпы шомылғыға қарағанда тәуір әсер береді. Ал ,жалпы шомылғыны 5-10 минут ғана қабылдау керек. Денеге жұққан қышаны себілмен шаюға болады;

•  Бас сақинасының алғашқы белгісінде лаванда майының 20 тамшысы мен тәтті бадам майын араластырып, самайға басады да, сипалайды.

•  Сәбіз (3 бөлік), бақбақ (1 бөлік), саумалдық (1 бөлік) шырындарының қоспасын  тамақтан бұрын күніне 3 рет ішу керек.

Гүлнәр Нұрланбекова, дәрігер-невропатолог

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 лет назад 3497
0 комментариев