Дәрігерлер дабыл қағуда: Киім таңдағанда абай болыңыз
Дәрігерлер дабыл қағуда: Киім таңдағанда абай болыңыз

Сапасыз киім салдарынан адам 12 түрлі ауруға душар болуы мүмкін. Киімнен келетін кесел туралы ОҚО тері-венерологиялық диспансерінің дерматолог дәрігері Владислав Хван айтып берді.

Бұл туралы “Оңтүстік” арнасы хабарлады.

Дәрігердің айтуынша, құрамында улы химиялық қоспалары бар киімдер терлеу арқылы денеге сіңеді.

Қытай тауарларында адам ағзасына қатерлі улы химиялық қоспалар бар. Сарапшылар Қытайдан әкелінген киімдердің көбінде формальдегидтің мөлшері көп екенін анықтаған. Ол қатерлі ісіктің жасушасын асқындырады. Онсыз да гендік өнімдерді тұтынудан шаршаған ағзаны уытты киіммен көмкеру жығылғанға жұдырық іспетті.

“Жасанды заттардан тігілген киім буын, аллергиялық ауруларға шалдықтырумен қатар, қатерлі ісік ауруларының асқынуына да себеп. Анотомиялық параметрлері сәйкес келмейтін зиянды киімнің кесірінен адамның жұмысқа қабілеті, өмір сүру белсенділігі төмендейді. Әлсіреген ағза ауруларға төтеп беруге қабілетсіз болып қалады”, – дейді дерматолог дәрігер.  

Қазақстанға Қытайдың арзан тауарлары отандық өндіріс тұралап қалған кезде келе бастады. Ал, тоқырау заманда киімнен тапшылық көрген біздің ел үшін арзан шүберек атадан қалған мұрадай көрінді. Уақыт өте улы заттың залалы көрініс беріп, аты жаман аурулар жасарды. Жастық шағында жалыны өшкен жастардың жырына да, құрсақ көтере алмай жүрген әйелдердің мұңына да мысықтабанды тауар өндірушілер кінәлі.

“Көрші елдегі жеңіл өнеркәсіп саласының мамандары арзан шикізатты қолданады. Тауарына улы химикаттар қосады. Сондықтан тұрғындарды киім таңдарда сапасына баса мән беруге шақырамыз”, – деді дәрігер Владислав Хван.

Айта кетейік, АҚШ Қытайдың импорттық киімдерін жіті тексеріп, ұлт саулығына қауіп төндіретін заттарын өртеп тастайды. Себебі, зиянды химикаттар адам ағзасына тез сіңеді және оны кері қайтару мүмкін емес. Мамандар арзан киім аламыз, – деп, ең қымбат байлық – денсаулығымызға зиян келтіріп алмауға шақырады.

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 лет назад 3929
0 комментариев