Елеспен алысқандар…
Елеспен алысқандар…

Отыз жастағы кәсіпкер наркологиялық орталықта бір апта ес-түссіз жатты. Ал есін жиған соң… Алмастың шағын ғана көлік жөндейтін орталығы бар. Кәсібін дөңгелетіп, жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан. Албасты басам десе, оп-оңай екен. Жұма күні сыныптастары жұмыс орнына іздеп келді. Біреуі әкелген сарғыш ұнтақты шегіп, достар «көңіл көтерді». Спайс деген психотропты затты тұтынып, ақылынан адасқан күнді Алмас есіне алғысы келмейді. – Алғаш тартқан кезде ештеңе сезбедім. Екінші рет темекіні қатты сорып жұтындым. Достарымның айтуынша, денем сіресіп 40 минут тапжылмаппын. Көзімді ашқан соң көшеге қарай қашыппын. Есімді жиғанда басы жоқ адамдарды көрдім. Олар қарқылдап күліп жатты. Зәрем ұшты. Қашуға оқталдым. Аяғым икемге келмейді. Қаны сорғалап тұрған бассыз денелер маған жақындап келе жатқандай… қаша жөнелдім. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Ауруханада ояндым, – деп Алмас үрейлі жүзбен жан-жағына қарады. Дәрігерлердің айтуынша, қазір Алмас елесті жиі көреді. Кейде «жәндік қаптап кетті» деп денесін тырнап тастайды. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың мәліметі бойынша, елімізде 2018 жылы 147 психотропты заттарды тұтынған тұрғын тіркелсе, 2019 жылы 325, 2020 жылы 449 адам диспансерлік бақылауға алынған. Мамандардың айтуынша, жасанды есірткінің шырмауына түскен науқастардың саны ресми көрсеткіштен 5-6 есе көп. Соңғы 5 жылда жастар арасында синтетикалық есірткіні пайдаланушылар 60 есе көбейген. Басым бөлігі – ірі қалалардың тұрғындары. Осы тақырыпқа терең бойлау үшін біз Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталықтың Павлодардағы бөлімшесінде аға дәрігердің міндетін атқарушы Мәди Тоқановты әңгімеге тарттық. – Дүниежүзінде ең жиі кездесетін каннабиоидтарға жататын осы қоспалардың жасанды алмастырғыштары – бірінші орында, ал синтетикалық стимуляторлар (катеноны) – екінші орында. Оның ішінде жиі қолданылатын химиялық қоспа альфа, мефедрон деген есірткі заттар. Ұнтақ, кристалл және капсула түрінде болады. Мұндай синтетикалық стимуляторды көбінесе жастар тұтынады. Өйткені қолжетімді. Интернет арқылы тапсырыс береді. Темекі немесе ішке дем алу арқылы қолданылады. Бұл заттарға жастар неге үйір? Рахат сезімге бөлену кезінде көңіл-күйі көтеріліп, ойлау қабілеті, сексуалдық белсенділігі артады. Ал зардабы орасан. Галлюцинация пайда болады. Дозасы көбейгенде, көзіне неше түрлі елестеп, психикасы бұзылады. Кейде денесінен құрт, қоңыз жылан шыққандай терісін тырнап есі шығады. – Елес көріп, есін білмейтін күйде болатыны рас па? – деп сұрадық. – Иә, адам өз-өзін сезінбейді, не істеп не қойғанын да білмей қалады. Бұл 2-3 сағатқа созылады. Өзі тұтынған тырнақтың ұшындай есірткіден аласұрып, ақылынан айырылады. – Оның қауіпті болатыны неден? – Түрлі химиялық қоспалар мен синтетикалық үдеткіштерден жасалған есірткі миды зақымдайды. Көңіл күйдің, когнитивті функциялардың, адамның ақыл-ой қабілетін, ойлау жүйесін тежейді. Ондай затты қолданған адам есінен адасып, ойлау қабілеті өзгереді, мінез-құлқы өзгереді. Ал оны қалпына келтіру оңай емес. Ұзақ уақыт емдеуден кейін оңалту, сауықтыру сияқты психологиялық ем-дом алу керек. Ең өкініштісі, бір-екі дозадан кейін адам өзінің оған қалай тәуелді болып қалғанын байқамайды. – Орталыққа синтетикалық затты тұтынған адам қандай жағдайда жеткізіледі? – Көбінесе есірткіге тәуелді адам өз еркімен дәрігерге келмейді. Емделуге талпынбайды. Ата-анасы немесе туысқандары осындай құмарлықтан құтқару үшін бізге алып келеді. Психотропты заттардың зардабынан ұзақ жылдар бойы дәрі-дәрмекпен емдеп, психологтар мен психотерапевт мамандар тұрақты түрде жұмыс істеуі керек. Өйткені науқастың кеселді өз еркімен жеңуі мүмкін емес. – Кейде есірткіні тұтынғанын анықтау қиын немесе мүмкін емес деп айтып жатады. Бұл қаншалықты рас? – Синтетикалық үдеткіштің құрамындағы химиялық қоспаларды анықтау өте қиын. Бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде әлі шешімі табылмаған түйін. Жергілікті психикалық денсаулық кабинеттерінде психиатр-нарколог мамандар психотропты белсенді затты пайдалануы мүмкін деген күдікпен әкелген адамның бойындағы клиникалық өзгерістердің нәтижелеріне сүйеніп анықтайды. – Синтетикалық есірткіден қорғану үшін қандай кеңес бересіз? – Есірткі тұзағына түскендердің жақын туыстарына айтатын кеңесім: алғашқы белгінің бірі – көз қарашығының ұлғаюы. Аузы үнемі кеуіп жүреді, суды көп ішеді немесе бірден тәбеті жақсарып, тамыры жиі соғады, қолы салқын болады, көңіл-күйі жоқ, күйзеліс кезінде өршіп кететін ашуланшақ мінез пайда болады. «Мен нашақор емеспін» деп емделуге қарсылық білдіріп, түлен түрткендей жанжал шығаруы да ғажап емес. Тағы да айта кетейін, қолжетімді, арзан және алғаш рет тұтынғаннан кейін-ақ адамды тәуелді ететін психотроптық заттардың шырмауынан құтылу қиын. Соңғы кезде аса қауіпті синтетикалық есірткілерге тәуелді жастардың көбеюі алаңдатады. Психологтар мектептерде, колледж, жоғары оқу орындарында түрлі кездесулер ұйымдастырып, есірткінің зияны жайында онлайн жиындар ұйымдастырамыз. Дегенмен ата-ананың да бала тәрбиесін көзден таса етпегені абзал.

Жәзира Бегалы, журналист

jasqazaq.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 1846
0 комментариев