Ғалымдар көк шайдан ракты емдейтін аса тиімді дәрі жасап шығарды
Ғалымдар көк шайдан ракты емдейтін аса тиімді дәрі жасап шығарды

Көк шай сығындысы арқылы ғалымдар адамның өкпесіндегі барлық рак клеткаларын жоятын нанобөлшектер жасады. Зерттеу қорытындысы туралы мақала ACS Applied Nano Materials журналына шықты деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ге сілтеме жасап. 

Ғалымдар бұл тәжірибені енді кеңінен қолданып көрмек. «Біздің ендігі қадам сынақтар ауқымын кеңейту. Квант нүктелерін рак клеткаларының «фотосуретін» алу үшін пайдалануға бола ма, жоқ па? Біз енді осыны тексеруді жоспарлап отырмыз» дейді Ұлыбританиядағы Суонси университетінің ғылыми қызметкері Судхагар Питчаймуту.

Соңғы жылдары ғалымдар органикалық және бейорганикалық түрлі нанобөлшектер көмегімен ракты емдеудің түбегейлі жаңа әдістерін жасады. Мысалы, нанобөлшектерді ісікті құрту үшін пайдаланады. Бұл әдіс кезінде олар өзіндік «нысана» түрінде қызмет етіп, оған иммундық клеткалар немесе бөлшектерді қыздырып, клеткаларды күйдіретін лазерлік сәуле бағытталады.

Ғалымдардың айтуынша, нанобөлшектің диаметрі мен оның рак клеткаларын жою қабілеті арасында тікелей байланыс бар: металл немесе басқа элементтердің бөлшегі неғұрлым үлкен болса, ол соғұрлым көп клетканы құрта алады. Әйтсе кей жағдайларда оның кері әсері де бар: ірі фрагменттер рак клеткаларына қоса, сау клеткаларды да өлтіруі мүмкін. Судхагар Питчаймуту көлемі шағын нанобөлшектерді «өсіру» өте қиын жұмыс екенін айтады, өйткені, көлемін кішірейту кезінде олардың тұрақтылығы төмендейді.

Кейінгі жылдары ғалымдар бұл қиындықты шешуге көмектесе алатын бірнеше затты тапты. Олар нанобөлшектерді тұрақтандырып, нығайта алады. Бірақ олардың бәріне ортақ кемшілік – аса улы болатыны, сөйтіп клеткаларды қырып жіберетіні. Осы себепті ол заттар медициналық тәжірибеде қолдануға келмейді.

Британ химиктері енді бұл проблеманың шешімін тауып отыр. Олар барлық рак клеткаларын өлтіре алатын айрықша нанобөлшектер көк шай сығындысының ішінде бар екенін анықтады.

Ғалымдар өсімдіктердің көптеген микробтары мен клеткалары сұйықтықтың бетінде жұқа қаймақ болып тұратын түрлі заттар негізінде табиғи нанобөлшектерді синтездей алатынын көрді. Сосын мамандар бұл организмдердің клеткаларының сығындысын пайдалана отырып квант нүктелерін жинады және оларды бактериялар мен рак клеткаларына қарсы қолданып көрді.

Бұл эксперименттер небәрі үш компоненттен – кадмий сульфаты, натрий сульфиді және шай сығындысын араластыру арқылы кадмий мен күкірттен өте шағыр нанобөлшектер алуға болатынын дәлелдеді. Араластырғаннан бірнеше сағаттан кейін бұл қоспаның ішінде көлемі бірнеше нанометрлік көптеген бөлшектер түзіледі.

«Квант нанонүктелері» деп атауға болатын олар – өздеріне жарықты сіңіре алатын және электромагнитті толқындардың жаңа түрін шығара алатын айрықша құрылымдар. Егер квант нүктелері клетканың ішінде болса, олар клеткаларды ішінен бүлдіре алатын агрессивті молекулалардың аса көптеп өндіре алады.

Судхагар Питчаймуту мен оның әріптестері жасаған нанонүктелер өкпе рагі клеткаларының 80%-ын жойып жіберді. Бұған қоса нанонүктелер ісікке жарық түсіру арқылы оның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік берді. Бұл нәтиже көк шайды ракқа қарсы тиімді дәрі жасауға жол ашады дейді химиктер. 

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
6 лет назад 2359
0 комментариев