Британдық оқымыстылар бұрын-соңды болмаған жұмсақ құлтемір жасады. Бұл ендігі жерде тірі организмдерді жеумен айналысады.
Бристоль және Батыс Англия университеті мен Бристоль робототехника зертханасы жасаған құлтемір бұрынғыдай қатты темір немесе пластмассаға мүлде ұқсамайды. Кәдімгі жұмсақ ойыншық секілді. Ол тірі организмдерді жеу арқылы қуат алады. Бұл туралы Soft Robotics» басылымы қызықты мақала жариялады.
«New Scientist» басылымының жазуына қарағанда, жаңа робот сүңгуір қайыққа өте ұқсас. Ол су астына түскен соң еркін жүзе алады. Денесінде арнайы тесік жасалған. Осы арқылы керексіз тірі организмдерді сорып алады. Мұны «ішегінде» қорытып, химиялық энергияны электр энергиясына айналдырады. Осылайша робот еркін жұмыс істей береді.
Әрине, бұл әзірше зерттеу шаралары. Келешекте бұл нақты іске асырылғалы отыр. Өйткені жаңа робот су қоймаларындағы зиянды және химиялық қоқыстарды жинауға пайдаланылады.