Ижмали иман мен тәфсили иманның айырмасы қандай?
Ижмали иман мен тәфсили иманның айырмасы қандай?

Сұрақ: Ижмали иман мен тәфсили иманның айырмасы қандай?  

Жауап: Ижмали (жалпы) иман деп – «Ла иллаһа иллалаһ Мұхаммедун Расулуллаһ», яғни «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деп кәлима-шаһадат айтып, оны жүрекке бекітуді айтамыз. Бұл иманның алғашқы дәрежесі һәм діннің іргетасы. Шынтуайтында, Аллаға иман келтірген адам Оның елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) алып келген діни үкімдері мен қағидаларын сөзсіз қабылдауы тиіс. Себебі, біз шын жүректен иланған Алланың бұйрықтары мен тыйымдары бізге Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы жетіп отыр. Олай болса, біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) жеткізген илаһи хабарларына күмәнсіз илануға тиістіміз. Бұл жерде илаһи бұйрықтар мен тыйымдарды жеке-жеке талдамастан, оны жалпылай тұтас қабылдағандықтан, осылай Аллаға нанып, Мұхаммедті (с.ғ.с.) Оның елшісі деп мойындау – ижмали иман деп айтылады.

Тәфсили иман деп – илаһи бұйрықтар мен тыйымдардың әрқайсысын жеке-жеке терең зерттеп, зерделеп барып оларға сенуді айтамыз. Тәфсили иманның мынадай үш дәрежесі бар.

Бірінші дәрежесінде Алланы және Мұхаммедтің (с.ғ.с) Алланың елшісі екенін мойындай отырып ақырет күніне де иман келтіруіміз шарт. Бұл ижмали иманға қарағанда бір саты жоғары иман дәрежесі. Себебі, бұл жерде Аллаға иман келтіріп, Мұхаммедті (с.ғ.с) Оның елшісі деп қабылдаумен қатар ақырет күніне сену қарастырылған. Бұл туралы Құран-кәрімде: «Аллаға, ақырет күніне сенушілер, әрине соларға зор сыйлық береміз» (Ниса, 162) деп баяндалады.

Екінші дәрежесінде Аллаға, пайғамбарларға, кітаптарға, періштелерге, ақырет күніне, өлгеннен соң (қиямет-қайым) қайта тірілуге, бұл дүниеде көретін жақсылық пен жаманшылықтың Алладан екеніне (тағдыр), о дүниедегі жәннат пен тозаққа, ақыретте игі іс үшін сауаптың, күнә іс үшін азаптың болатынына, иман келтіруіміз керек. Бұл жөнінде Құран кәрімде: «Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе» (Бақара, 177) деп айтылады.

Үшінші дәрежеде әзіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алладан әкелген барлық бұйрықтары мен тыйымдарын (шариғат) мүлтіксіз мойындауымыз қажет. Яғни, Алла елшісінің (с.ғ.с.) жеткізген илаһи үкімдерін (парыз, уәжіп, сүннет) жалған айтуы мүмкін емес қауымның (рауилер) кейінгі буынға бірауыздан жеткізген (хабари-садық) хабарларына кәміл сенуді айтамыз. Бұл жерде иман, намаз, ораза, зекет, қажылық және қоғамдық қатынас кезіндегі харам мен халал үкімдері күмәнсіз қабылданып, сонымен адамның ынты-шынтысымен өмір сүру дәрежесі айтылып отыр. Құр сом алтын мен бұйым болып жасалған алтынның айырмасы болатыны секілді ижмали иман мен тәфсили иманның да дәрежелері бөлек-бөлек. Бір нәрсені қабылдау мен онымен өмір сүрудің арасында үлкен айырмашылық бар. Адамның жүрегімен қабылдаған нәрсесіне ағзасы мен дене-мүшесі қарсы шығып жатса, ол әлсіздіктің белгісі. Ал, сенген нәрсесімен оның өмірі тұтас өрілсе, онда ол кемелділіктің көрінісі.

Мұхан ИСАХАН

kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
5 лет назад 1883
0 комментариев