Жан мен нәпсі байланысы
Жан мен нәпсі байланысы

Жан мәселесіне Шәкәрім көп тоқталып, көп ойланып, ол туралы көп жазған. Рухани жаңғыру жолына түсу үшін әуелі адам өзінің негізгі болмысын түсініп алуы керек. Сондықтан болса керек, «Жаралыс басы – қозғалыс», «Қасыңа қылыш қайратқан», «Табиғат неше түрлі жан жаратты», «Ұждандыны мақтайды тамам адам», «Шымды жерде көресіз қара топырақ», «Келді, кетті», «Күн аязда терезеге» және басқа да осындай терең сырлы өлеңдерінде ақын жанның шексіз қаситтерін паш етеді.

Ол жанды «Үш анық» шығармасында былай деп түсіндіреді:

«Мен жанды былай түсінемін: біз дененің түп негізін тексергендей жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила вещества (дене қуаты) дегендегі қуат осы жан. Сол жан денеден денеге өсіп өршиді. Жан да өршиді. Ғылым дәлелдегендей, дене әлденеше түрленіп өзгерсе де оның еш нәрсесі жоғалмағаны сияқты, жанның да ешнәрсесі жоғалмайды».

Осылай Шәкәрім жанның мәңгілікті екеніне дәлел келтіреді. Бірақ мұны түсіну үшін жанды ақыл, яғни сау ақыл, рухани ақыл керек. Жанның қасиеттері туралы ақын «Тура жолда қайғы тұрмас»  өлеңінде әрі қарай былай деп жалғастырады:

Шын сүю бар, жирену бар,

Мақсұты бар, еркі бар.

Жаратылған неге бұлар,

Осыны тап, ой құрап.

 

Барша әлемнің нәрселері,

Болса жанның әсері.

Есті сол жан – Тәңірі әсері,

Тазалықты тұр сұрап.

 

Шын таза жан тазалықпен,

Тәңірісіне бармақ ол.

Мейірім, нысап, әділдетте,

Ағызам деп нұр бұлақ...

Ойшыл «Шын сүю бар, жирену бар, Мақсұты бар, еркі бар» деп жан қасиетін айтып отыр. Адам тек қана материядан құралған деген материалистік көзқарасқа ол осылай соққы береді. Және жан да, тіпті бүкіл болмыс көрінісі, – Тәңірі әсері, яғни Тәңірінің шапағат нұрынан тараған.

Әсіресе соңғы шумақтың мағынасы үлкен. Осы бүкіл болмыстың иесі Тәңірге қайту үшін жан тазалығы керек екен. Ал бұл тазалыққа, жоғарыда айтылғандай, тазару барысында заттық тән мен нәзік болмысты бірте-бірте қалдыру арқылы жетуге болады. Жанның тазаруы оның өзінің «шын таза жан» болуына, яғни барлық материядан арылуына мүмкіндік береді. Осылай Шәкәрімнің бұл сөздерінен бүкіл болмыстың үлкен сырын ашуға болады. Ал ол шындыққа жету үшін «Мейірім, нысап, әділдет» керек, себебі бұлар жан қасиеті, рухани болмыс арқылы ғана Алла тағала Өзінің «нұр бұлағын» ағыза алады, яғни, Өзінің шапағат нұрын беріп, материялық былғаныштан тазартады.

Бірақ фәни әлемде бұған үлкен бөгет бар. Алла тағаланың шапағат нұрына тосқауыл болатын ол қандай бөгет екен? Ол бөгет – нәпсінің қылықтары. Жан мен нәпсінің байланысы адам өмірін қалыптастырады.

Мына жақта нәпсі жатыр,

Қиянатты жастанып:

«Бармайық, – деп, – қойшы, батыр»,

Етегінен жұлқылап.

 

Ындыныңа сен иесің,

Кімге көндің ерік беріп.

Міне, байқа жан жүйесін,

Аса берме бұрқырап.

Нәпсі оңай жау емес! Себебі ол Алла тағаланың негізгі екі қуатының бірі. Нәпсі «Бармайық, қойшы, батыр!» деп, етегінен жұлқылап жанды Ғазиз Жанға жібермеуге ұмтылады. Жанның денесі – рух болса, ал тәннің денесі – нәпсі. Бұл екі дене жан мен тәннің өмір сүруге керекті құралы да болып табылады. Сондықтан жан мен тән бір-бірімен алысқанда құралдарын пайдаланады. Осы себептен фәни әлемде рух пен нәпсінің күресі үздіксіз мәңгілікті жүріп жатады.

Нәпсі адамның нәзік денесіне жатады. Нәзік дене материялдық болмысқа жататындықтан, нәпсіде материялдық әлемнің барлық жаман қасиеттері бар.

Материя, яғни нәпсі жанға екі түрлі залалын тигізеді. Біріншісі, материя әуелі жанды нәпсі былғанышымен жауып тастайды. Осылай нәпсімен жабылған жан рухани көзінен айырылады. Нәпсінің екінші залалы – рухани көзінен айырылған жанды нәпсі тартып төмен – рухани деңгейден, материалдық деңгейге – түсіреді. Сонан кейін Шәкәрім сөзімен айтқанда «Бармайық, – деп, – қойшы, батыр», Етегінен жұлқылап» жанды өз үйіне жібермей, яғни Абай көрсеткен Түп Иеге қайтармай, осы фәни әлемде алып қалады. Сондықтан бұл фәни әлемдегі адамдар нәпсінің құлына айналған, адасқан жандар болып табыладыШәкәрімнің бұл өлеңінен, міне, осындай маңызды тұжырым жасауға болады.

Осылай, фәни әлем жанды құрсауға алу үшін материяның қасиеттерін пайдаланады. Нәзік болмысты құрайтын сезімдер, ақыл-ес, психикалық ерекшеліктер, бұлардың барлығы нәпсінің көріністері. Осылай нәпсі нәзік болмыстың көрінісі және адамды материалдық әлемге байлап, құрсаулайтын құрал тәрізді.

Өз үйіне жібермей, жанды құрсаулаған нәпсінің қылықтары Құдай алдында қиянатсыз болмайды. Сондықтан нәпсі басқарған жерде қиянат бар. Нәпсі қиянаттан ләззат алады, сондықтан нәпсі қиянатты жастанып, тыныштық табады.

Нәпсіні жеңу неге өте қиын? Себебі, нәпсі Жаратушының материялық қуаты, сондықтан, материалдық әлемде ол өз үйінде жатыр. Ал жанды алатын болсақ, ол рухани, сондықтан, ол материалдық әлемде өз үйінде емес. Оның үйі рухани әлемде. Бірақ оның рухани көзі материялық шелмен жабылғандықтан, ол өзінің үйі рухани әлемде екенін ұмытып, фәни әлемді өз үйім деп есептейді. Осылай жан адасады. Фәни әлемдегі жандар осылай адасып, материялық әлем заңдылығымен өмір сүреді. Нәпсі өз үйінде жатқандықтан, ол күшті. Материалдық өмірдің заңдылықтары нәпсі құмарын қандыру үшін арналған. Нәпсі бұл заңдылықтарды жақсы пайдалана алады. Адамның нәпсі ықпалына қалай түсіп қалғанын өзі де білмей қалатыны осы себептен. Осылай бүкіл адамзат нәпсі ықпалынан шыға алмай, құлдырау жолында деуге болады. Ұлы өркениеттердің жойылып кету себебі де осы.  Бірақ жанға материалдық заңдылықтардың қажеті жоқ. Ол таза рухсыз, жалаң материямен ләззаттана алмайды. Сондықтан нәпсіден көзі ашылғанда жан қиналысқа түседі. Бұл ұяттың әсері. Осылай адам ұяты қысып  зардап шегеді. Зардап ықпалымен адам баласы өмір сырларын дұрыс түсініп, ой-өрісі кеңіп, жаңа деңгейге көтеріле алады. Ой жүйесі өзгерген адам өмірін үйлесімге келтіріп, жан дүниесін тазарта алады. Адамның, қоғамның, тіпті бүкіл адамзат өркениетінің  жаңғыруы осылай басталады.

Фәни өмірдің өзінде де нәпсіні жеңудің жолы бар! Ол қандай жол? Материалдық әлемде Жаратушының төменгі қуаты, нәпсі, Оның жоғары қуатын, жанды жеңеді. Бірақ ол нәпсіні де ауыздықтайтын күш бар. Ол күш – барлық қуаттардың қайнар көзі болып табылатын Алла тағаланың Өзі. Жаратушы Өзінен шыққан қуатты Өзі ауыздықтай алады. Ендеше көмекті шексіз мейірімді Жаратушыдан сұрау керек. Егер өзіңе берілген ерікті дұрыс пайдаланып, көңіліңді Жаратушыға аударсаң, онда шексіз мейірімді және рахымды Алла тағала көмек береді.

Бірақ бұл әркімнің қолынан келе бермейді. Себебі, рухани көзін нәпсі билеген адамға көңілін Жаратушыға аудару оңай емес. Ондайларға Шәкәрім «Ындыныңа сен иесің, Кімге көндің ерік беріп» деп, ындыныңа (көңіл еркіне) өзің иесің, деп, бірақ соған қарамастан оның нәпсіге көніп кеткенін ескертіп отыр. Адамның көрген зорлық-зомбылығына ешкімнің кінәсі жоқ, тек оның өзі ғана кінәлі.

Адасудан шығу үшін адамға рухани білім алып, рухани жолға түсу керек.

Алла тағалаға құлшылықтың мәні мен мәнісі туралы ойшыл бірсыпыра өлеңдерінде түсінік береді. «Мал да аяулы», «Мен жаздым өлеңменен бірталай сөз», «Сұраған жанға сәлем айт», «Тауық неге шақырар сағат сайын» атты өлеңдерінде өмірдің негізгі мақсаты Жаратушыға құлшылық ету екені, бүкіл болмыс тек қана Түп Иенің разылығы үшін жаратылғанын айтады.

Бірақ Алла тағалаға толық берілу, тақуалық өмір фәни әлемде көп құпталмайтыны да белгілі. Сондықтан кезінде Шәкәрімді материалист пәншілер мен шала молдалар жабылып бірі «елден безді» десе, бірі «кәпір» атандырып, маңдарына жолатпаған. Тіпті атеист коммунистердің оны атып тастағаны да белгілі.

Діннің түпкі мақсатын керек қылмай, мағынасын өзгертіп, рухани мәнін бұрмалаған имансыздардың бетін қажы былай деп ашып көрсетеді:

Таза діннің шын негізін,

Ұстаған бір бенде жоқ.

Дүние толған көп шатақ дін,

Бәрі бірдей шатпырақ.

Бірақ, дін – Құдай жолы. Құдайға қайту үшін басқа жол жоқ. Сондықтан қазіргі дін қандай нашар болса да, алдында үлкен мақсаты бар адамға одан бас тарту мүмкін емес. Қазақта «Битке өкпелеп тоныңды итке тастама» деген өнегелі сөз бар. Нәпсі ықпалында жүрген надандарға өкпелеп діннен бас тартуға болмайды. Дін Алла тағаланың көрінісі. «Діннен бас тарту» деген сөз «Алла тағаладан бас тарту» дегенмен бірдей. Сондықтан өмірдің түпкі мақсатына жетуге ұмтылған әрбір жан дінді зерттеп, оның мағынасын дұрыс түсініп, ол үшін күресуі керек. Алла тағалаға деген ең үлкен құлшылық, міне, осы болып табылады.  Бұл туралы Шәкәрім былай деп жазады:

Дін тазасын діннен ізде,

Дін шатағын сынға сал.

Анық айна өзіңізде,

Айда ақылды қаттырақ.

 

Шала дін де, пән де таппас,

Дін тазасын ой табар.

Еркін ақыл тіпті адаспас,

Кезсе кірсіз жарқырап –

деп, діннің тазасын діннің өзінен іздеу керек екенін айтады. Осылай таза ақылдың көмегімен «дін шатағын сынға салып» шатасқан дінді қалпына келтіру керек. Ислам әлемінде діннің құлдырау кезінде данышпандар келіп, діннің ауытқыған бағытын түзеп отырған. ХІІ ғасырда өмір сүрген әл-Ғазали сондай ғұламалардың бірі болды. Шәкәрімді де осы деңгейден көруге болады. Тек қана оның жазғандарын таза ақылға салып, дұрыс түсіне білу керек.

Ойшыл Құдайды соқыр сезім емес, ой-өрістің жоғары деңгейін пайдаланып, сана-сезім арқылы қабылдау керегін білдіреді. Құдайға осылай ғана жетуге болады. Құдайдың көркем қасиеттерін ақыл-ес арқылы танып, түсініп-түйсініп қана Оған деген махаббатқа жетуге болады. Мұндай деңгейге  жету үшін тек қана діннің сыртқы дәстүрін ғана ұстанбай, болмыстың терең мазмұнын пікірлеу керек. Шәкәрім, есті адамды, міне, осыған шақырып отыр.

Әрине, Шәкәрім тәрізді ойлы адамдар өмірдің ақиқатын көргенде өзінің бұрынғы тіршілігінің бейнет, қорлық, мардымсыз екенін түсініп, бірақ мұны айтып жеткізудің өте қиын екенін, басқалардың оны қабылдай алмайтынын көріп үлкен қайғыға батады. Өзінің осындай қалге түскенін көрсетіп, ол өлеңін былай деп аяқтайды:

Шынды таптым, қайғы басты,

Шын сырымды айтайын.

Дін де, пән де қатты адасты,

Дау сабасты барқырап.

 («Тура жолда қайғы жоқ», 65 жасымда жазылған)

Ал енді қатты адасқан дін мен қаулаған дауды басу үшін не істеу керек. Ол үшін ең әуелі рухани білімді толықтыру керек. Ал рухани білім бүкіл болмыстың негізі болғандықтан, жанның не екенін білуден басталады. Сондықтан болса керек, ойшыл «Үш анығында» енді жан мәселесін әрі қарай өрбітеді.

«Бірақ дененің толықтығы, нашарлығының кезегіне қарай жанның да толық, нашар уақыты болады. Мәселен, жаңа біткен баланың, жұмыртқаның, сентябрьде ұрық көміп өлген шегірткенің ұрығының жандарын ойлаңыз? Хайуандардан еркі аздығы болмаса өсімдіктердің де жаны осылар сияқты. Мәселен, бидай, тары, шөптің тамыры, жемістің ұрығын ойласаңыз».

Бұл арада жан деп болмысты жандандыратын әлемдік тоқ айтылып отыр. Себебі, жан мәңгілікті болғандықтан, ол өзгермейді, яғни өспейді де, кішіреймейді де. Ол бірқалыпты. Бірақ, рух өзіне дене қалыптастыратын болғандықтан, ол алатын дененің толықтығы, нашарлығының кезеңіне қарай оның толықнашар уақыты болады. Ұрықтағы жанның еркі өте шектелген, себебі оның рухы дене алып әлі дамыған жоқ. Бұған мысал ретінде ойшыл жаңа біткен баланы, жұмыртқаны, шегірткенің ұрығын мысал келтіріп отыр.   Жетілген денеде рух та қуатты, сондықтан мұны рухтың өсуі дейміз.

Жан фәни әлемде ана құрсағында болсын, жер құрсағында болсын, әуелі нәзік болмысынан бастап, бірте-бірте тәнді қалыптастырады. Бұл кезде оның денелері өте әлсіз. Сондықтан олардың өсіп-жетілуі үшін арнайы жағдайлар болмаса, олар өнбей, өліп те қалады. Шәкәрім адамдарда ғана емес, хайуандарда, тіпті өсімдіктерде де жан бар екенін білдіріп отыр. Жан мәңгілікті рухани болғандықтан, ол қандай денеде болса да өзгермейді. Ендеше адамдар мен хайуандардың, өсімдіктердің жаны бірдей болғанымен, денесінің жетілуіне байланысты оның білінуі әртүрлі. Олардың рухы, дәлірек айтқанда, рухы жасаған нәзік болмысы мен тәндері  ғана әртүрлі. Хайуандардың рухы өсімдіктердің рухынан жоғары, ал адамдардың рухы одан да жоғары болады. Рухтың жоғары не болмаса төмен болуы оның материямен жабылу деңгейіне байланысты. Материямен неғұрлым көп жабылса, оның рухы да, еркі де солғұрлым төмен болады. Шәкәрімнің «Хайуандардан еркі аздығы болмаса өсімдіктердің де жаны осылар сияқты» деген сөзі жандардың барлығы бірдей, бірақ олардың қандай денеде болғанына байланысты еріктері әртүрлі, дегенді білдіріп отыр.

Бұл ойлардың желісін оның «Атаның шаһуатының көп қой мәні» өлеңінен де табамыз. Ақын жан туралы былай деп жазады:

Атаның шаһуатының көп қой мәні,

Ананың құрсағында қан болғаны.

Құс пен адам болар деп кім айта алар,

Өлі қан мен жаны жоқ жұмыртқаны?

Басында оның киімі шаһуат еді,

Қызыл қан, ақ жұмыртқа кигені әні!

Денесі неше миллион құбылса да,

Оның жаны – баяғы ескі жаны.

Сезімінің зорайып, азаймағы –

Қандай түрде болғаннан оның тәні.

Қайда барса, ол өзін «өзім» дейді,

«Өзім» деп денесі емес, жанды айтқаны.

Сол жаннан тіпті «өзімдік» жоғалмайды,

Есеп емес, сан өліп, сан қайтқаны.

(«Тау басындағы ой», 64 жаста жазылған)

Өзінің «Үш анығымен» үндесіп жатқан ойшылдың бұл өлеңі дүниетанымдық үлкен маңызы бар, бүкіл бір концепцияны қамтитын шығарманың бірі. Ол әуелі жан ата ұрығы арқылы ана құрсағына түседі деген тұжырымды қайталайды. Сонан кейін Құранда айтылатын адам баласының бір тамшы қаннан пайда болады дегенді білдіретін аятына сүйеніп, жанның құпиясы шексіз екенін білдіреді. Сол құпиялардың бірі – «Денесі неше миллион құбылса да» жанның баяғы ескі жан болып, өзгермеуі. Ал оның сезімінің, яғни нәзік болмысының зорайып, азаймағы – қандай түрде болғаннан оның тәні. Яғни, жанның әрбір туғандағы жағдайы оның алған тәніне байланысты екен. Ең бастысы – «Өзім» деп денесі емес, жанды айтқаны», яғни адамның негізгі болмысы тән емес, оның жаны екен. Қанша өліп, яғни, неше миллион дене тастап, қанша тіріліп, қанша миллион денені қайта алса да, ол өзін «өзім» деп сезінеді. Себебі жанның өзімдік сезімі, яғни тұлғалық қасиеттері бар. Бірақ фәни әлемде ол «өзім» деген сезімді дене арқылы қабылдағандықтан, өзінің материямен жабылуына байланысты өзін әртүрлі сезінеді. Төменгі деңгейлерде ол өзін «тәнмін» десе, ал жоғары деңгейлерде өзін нәзік болмысымен теңейді. Тек қана ең жоғары, рухани деңгейде ғана ол өзін-өзі толық танып, өзін «жанмын» деп сезінеді. Бұл - адамның өзін-өзі тану деңгейлері.

Шәкәрімнің осы ойлары Түркияда өмір сүрген парсының ұлы ойшыл ақыны Румидың жазғандарымен толық сәйкес келеді. Шәкәрім ойының онымен үнестігі ақынның Мекке сапарында Түркияда болып, Стамбұл кітапханасын көп ақтарғанының бір белгісі болу керек.

Жаралыс, яғни, табиғат соқыр, ессіз деген материалистік жеңіл көзқарасқа Шәкәрім қарсы. Бұл туралы өзінің «Жаралыс басы – қозғалыс» өлеңінде «Жан де мейлің, бір Мән де, Сол қуатпен бол таныс, Әлемді сол Мән жаратқан» деп әлемнің  терең мәні барын көрсетеді.

Қазіргі кезде техниканың дамығаны соншалықты, тіпті жасанды сана-сезімді интеллект жасап шығаруға да бет алғандай. Өзі ойлап, өзі жасайтын машина робот болса, онда ол кезінде адамның қатысуынсыз-ақ өзі ойына келгенін жасай береді деген сөз. Осылай роботтар қоғамы пайда болып, адамзат қоғамымен тайталасып, ақырында қоғамға үлкен қатер болуы мүмкін деген ойлар да айтылады. Бірақ, Шәкәрім тұжырымдары бойынша техника қанша дамып, өріс алса да оның адамзат қоғамына қатер тудыруы мүмкін  емес. Адамның жаны болғандықтан, оның рухы арқылы адамның жетілу мүмкіндігі бар. Ал жансыз роботта мұндай мүмкіндік жоқ. Жансыз машина түгілі, одан жоғары тұрған жаны бар, бірақ ерік пен жоғары сана-сезім берілмеген хайуанаттарда да өзін өзі дамыту мүмкіндігі жоқ.  Машина оны жаратушы адам берген қасиетке ғана ие. Оны әрі қарай жетілдіруге, не болмаса қосымша тағы басқа қасиеттер алуға мүмкіндігі жоқ. Себебі, материя тек қана шексіз қасиеті бар жан арқылы ғана дамый алады. Ең жетілген материя болып табылатын адамның материалдық денесі осындай. Егер жан кетсе қандай жетілген материя болса да дамымақ түгілі, қозғала да алмай қалады. Барлық жетілу жексіз қуаты бар жаннан шығады. Жан болғанда адамның материялдық денесі мақсат қоятын ақыл-ой мен сана-сезім, жасампаздық беретін ерік пен қайрат, жаман-жақсыны айыра білетін көңілі бар өмір көрінісіне  айналады. Ал жан кеткенде тән өлі материяға айналып, бұл қасиеттерінен айрылады. Бұлар тек қана жаны бар адамға ғана тән қасиеттер.

Қандай жетілген робот болса да, ол оны жасаған адамның ырқынан шыға алмайды. Жасалғанның жасампаздық қабылеті жасаушының қаситінен асып кете алмайды. Ендеше жаны жоқ робот машина адаммен ешуақытта теңесіп, не болмаса одан асып кетпек емес.

Бірақ, материалист ғалымдар жанды жоққа шығарып, жасанды интеллект жасаймыз деп, міне, осындай бос әурешілікке салынады. Шәкәрім олардың істеріне күмән келтіріп, материядан өз бетімен өмір сүретін жасанды тіршілік иесін жасауға болмайтынын дәлелдейді. Жаратушының, жанның бар екеніне бұл – бірінші дәлелі. Сонымен бірге, ойшыл екінші дәлел келтіреді.

Тіпті, белгілі бір әдіспен жасанды интеллект шығарды деп есептейік. Соның өзінде де, Жаратушыны жоққа шығаруға болмайды. Алғашқы элементтерді жасаған кім? Ғалымдар оларды қайдан алып отыр? Ойшыл бұл сұраққа «Осы соқыр, ессіз деп жүрген жаралыстан шыққан заттардан, олардың қасиеттерінен алып пайдаланып отыр» деп жауап береді. Элементтер әуелден бар, оларды Жаратушы жаратқан. Ал басқа жан иелері оларды тек қана қолданады. Бұл ақиқатты түсініп, оны мойындауымыз керек.

Қорыта келгенде, жан -- адамның, тіпті бүкіл тіршіліктің шыққан қайнар көзі және бүкіл әлемді басқаратын негізгі қуат болып табылады.

Досым Омаров,

абай-шәкәрімтанушы, теолог

Abai.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 2246
0 комментариев