Жапон жазушысы капитализмді неге сынады?
Жапон жазушысы капитализмді неге сынады?

"Капитализм ұлттың түбiне жететiн болды, басқа бiр жаңа жүйе құрайық" деген идеяны жапон ойшылдарының арасынан алғашқы болып Накано Коуджи көтерген болатын. 1980 жылдары Жапонияның баспасөз беттерiнде қаламгердiң "Бiздiң қоғам құлдырап барады, материалдық байлық қарапайым халықты бақытқа жеткiзбейдi. Сондықтан ежелгi пролетарлық жүйеге көшейiк" деген идеяларды айтқан мақалалары жиi жарық көрдi. Наканоның "Сэйхинношисоу" (Пролетариат толғамдары) деп аталатын кiтабы 1992 жылы жарық көргенде бүкiл жапон қоғамы дүр сiлкiнген болатын. Наканоның "ежелгi пролетарлық жүйе" деуiнде терең тарихи мән бар. Пролетариат идеясы Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерiнен басталады десек қателесемiз. Ежелгi Рим мемлекетiнде пролетариат деп еңбек иелерiн атаған. "Пролетар" сөзi ең алғаш Туллия патшасына қатысты деректерде кездеседi.

 

Жапон жазушысы кiтабында капитализмды қатты сынаған. "Материалдық өнiм неғұрлым көп өндiрiлген сайын қоғамның жойылуы соғұрлым жылдамырақ болады" деген Накано жапон ұлтының тағдырын талқыға салады. 1945 жылдан кейiн капиталистiк жолға нық түскен Күншығыс елi 1960 жылдары экономикасы дамыған iрi мемлекет ретiнде танылды. Жер көлемiнен 62-шi орында тұрған Жапония 1968 жылы өнiм өндiру көрсеткiшi бойынша дүниежүзiнде 2-шi орында тұрған. Бүгiнде бұл ел жалпы ұлттық өнiм көлемiнен де алдыңғы орында. Дамуға бөлген қаржысы мен автомобиль өндiрiсi жөнiнен 1-шi орыннан түспеген Жапонияның 130 миллион халқы шынымен де "дамыған" деген ұғымға лайықты өмiр сүре ме? Қазiргi жапондарды капиталистiк сана меңдеген. Қай тұрғыдан қарасақ та, бұл ашық көрiнедi. Мен жапон азаматтарымен талай жылдан берi аралас-құралас бола жүрiп, түйгенiм — көпшiлiгi "Жаным шықса да, ақшам шықпасын" деген принциппен өмiр сүредi. Жапондар неге капиталды биiк қояды? Себебi, "ертең қалай болады?" деген үрей олардың ерiк-жiгерiн қыспаққа алып, адами еркiндiгiнен айырған. Накано Коуджи өз кiтабында "технология жойылмайынша өркениеттi өмiр сүру мүмкiн емес" деп жазған. Техниканы (мысалы, роботтарды) барлық салада кеңiнен қолданатын жапондар соның қызығын, дәлiрек айтсақ, тиiмдiлiгiн көрiп отыр ма? Жапонияда жұмыс уақыты таңғы 7-8-ден түнгi 10-11-ге созылады. Адамдардың бiр-бiрiмен қатынасу мүмкiндiгiне техника шектеу қойып отыр. Бiр-бiр компьютерге "байланған" жапондар сыртқы ортадан бейхабар күйге көшкен. Жалпы баспасөз беттерiнде жиi айтылып жүрген бала санының күрт кемуi, қарттардың көбеюi, жалғызбастылар санының артуы — бүгiнгi жапон қоғамының жанайқайы. Сауалнамаға сүйенсек, жапон жастарының 80 пайызы ақша шығындамас үшiн үйленбеудi жөн көредi екен. Жастарының 60 пайызы 40-қа келiп отбасын құру дағдысы белең алған бұл қоғамда басқа емес, капитал алдындағы қорқыныш үстем. Бұл бiздегiдей "қаржыны қайдан табамын?" деген сергелдең ой емес, "қарттық үшiн жинаған қаражаттың шетiн сетiнетiп алмайын" деген қатаң принцип. Жапондар ақшаны жеке өзiнiң 60-тан асқаннан кейiнгi өмiрi үшiн жинайды. "Елмен бiрге көрген ұлы той" немесе балаларына, туысқанына сену деген сияқты ұғымдарды капиталистiк сана бiржолата ығыстырған. Менiң таныстарымның арасында баласыз жапон отбасылары көп. Әйелдерiнен, "Неге бала тумайсыңдар?" деп сұрасам, бәрiнiң беретiн жауабы бiреу-ақ: "Баланы бағуға, оқытуға ақша керек қой. Бiз оған қаржы жұмсағымыз келмейдi" дейдi. Ямамото деген кәсiпкердiң келiншегi маған "баланы 20 жасқа дейiн (Жапонияда бұл кәмелет жасы) бағып-қағып, оқытуға осынша иен қажет" деп тиын-тиынына дейiн есептеп бергенде жағамды ұстағанмын. Ұрпақ өсiруден гөрi ақша жинауды маңыздырақ санайтынына таңқалғанмын. Бұл жалғыз әйелдiң ұстанымы емес, капитализмнiң арқасында жеткен қоғамдық сананың бiр көрiнiсi. Әйтпесе капиталистiк қоғам қалыптасқанға дейiн жапон отбасында 12-13, аз дегенде 4-5 баладан болған. Ұлт болашағына алаңдаған жапон жазушысы жазған ойлардың бiр шетi осымен байланысты. Жуырда жапон бұқаралық ақпарат құралдарының бiрiнен мынандай мәлiметтi оқыдым: "Кейiнгi кезде дәрiгерлерге "дәм сезу" қабiлетiнен айырылу диагнозы бойынша қаралушылардың саны көбейiп кеттi. Бұл немен байланысты? Түн ортасында жұмыстан қайтқан азаматтардың тамақ жасауға уақыты жоқ. Сондықтан қызмет орнында фастфуд өнiмдерiн, әсiресе қытай кеспесiн азық қылу әдетке айналған. Азаматтардың шай қайнатып iшуге де уақыты жоқ. Ақырында тәттi мен ащыны айыра алмайтын күйге түскен". 

 

Демалыссыз жұмыс iстеу жөнiнен де жапондар 1-шi орын алады. Бiздегiдей 24-30 күн еркiн тынығуды бiлмейдi. Жанталасты жұмыс адамдардың өз жағдайын ойлауға мүмкiндiк бермейдi. Жоғары технология мен мол қарқынды өндiрiс кiсiлердi шектен тыс iске жегiп, адам ретiндегi еркiндiгiнен айырған. Камикаваучи деген жапон жазушысы үнемi алыс елдердегi ормандарды аралап, үндiстердiң аралдарында жүредi. Көргендерiн, басынан өткергендерiн кiтап етiп жазады. Бiрде одан: "Сiз неге Токиода тұрмайсыз?" деп сұрадым. "Менiң қандастарым болашаққа деген үмiтiн жойған. Бүгiнмен ғана өмiр сүредi. Мен еркiндiктi сүйетiн адаммын. Сондықтан мұндай қыспақ қоғамда, тек технологиялармен құрсауланған қоғамда тұрғым келмейдi" деп жауап бердi. Накано Коуджидiң "Сэйхинношисоу" кiтабы жарыққа шыққан соң он бес жылдан кейiн "Сапйо" журналында белгiлi журналист Томиока Коичироу отандастарына аталған еңбектi қайталап оқып шығуға үндеген мақаласын жариялады. "Материалдық өркениет тығырыққа тiрелдi" деп дабыл қаққан жапон журналисi әлемдi шарпыған қаржы дағдарысы қауiптi емес, рухани дағдарыстан қорқу керек, қазiргi қоғам рухани кедейленiп барады деген пiкiрлерiн бiлдiрген. "Рухани азғындықты заңмен түзей алмайсың" деген Накано Коуджи Бабалар айтқан идеяларына мән беруге шақырады. "Қазiргi жапондар дәстүрлi мәдениеттi ұмытып, ұлттық санадан ажырап барады. Мен материалдық тұрғыдан кедей бол демеймiн. Бiздiң қоғам материалдық өнiм көлемiн ұлғайтып, соның есесiнен адами құндылықтардан айырылуда. Қоршаған ортаға орасан зиян келiп, жалпы қоғамның күйреу процесi жүрiп жатыр. Ата-бабалар қалыптастырған рухани тiршiлiкке оралу қажет" дейдi жазушы. Наканоның ойынша "сэйхин" (пролетариат) дегенiмiз кедейлiк емес, мейлiнше таза тiршiлiк ете отырып, рухани бай болу. Яғни, қанау, озбырлық, ашкөздiк, тойымсыздық, ұрлық, тонау, алаяқтық, т.б. азғындықтың болмауы.

Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
8 лет назад 3197
0 комментариев