Сұрақ: Мәһір үшін қажылыққа апаруды сұрауға бола ма?
Жауап: Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 4-аятында: «Әйелдердің мәһірін (қалыңын) ықыласпен беріңдер. Сонда егер әйелдер өз көңілдерінше, сендерге мәһірден бір нәрсе кеңшілік етсе, онда оны жеңдер; сіңімді, жүрімді болсын» деп бұйырған. Яғни, ер адамдар жұбайлары разы болатындай мәһірді шын ықыласымен беруі керек.
Әсілі, мәһір беру некенің рукны (негізі) емес. Некенің рукнына ер мен қыздың үйлену жөніндегі келісімі (ижаб уә кабул) жатады. Тіпті, мәһір шариғат бойынша некенің шарттарына да кірмейді. Алайда, Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 4-аятында және Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде мәһір беру (Бұхари, Никаһ, 6; Насайи, Никаһ, 62; Муатта, Никаһ, 8) туралы айтылғандықтан, ғұламалар мәһір беруді некенің маңызды үкімдерінің бірі деп есептейді.
Жалпы, мәһір деп – әйел адам ер кісіге өзін кіріптар еткендіктен, некелесу сәтінде одан талап етіп сұраған немесе өзара келісіммен болашақта алатын материалдық ақысын айтамыз. Яғни, ер адам некелесу барысында жұбайына сол замат мәһірді беруге немесе кейін өтеуге де қақылы.
Бірақ, ер адам жұбайының талап еткен мәһірін беруге разылық танытқаннан кейін оны өтеуге міндетті. Ер адам мәһірдің көлемін жұбайының келісімінсіз өзгертуіне болмайды. Әйел адам да кейін талабын өзгертіп, әу баста айтылған мәһір көлемінен артық күйеуінен мәһір сұрауға құқығы жоқ. Мәһір ретінде шариғатта тыйым салынған арақ-шарап, есірткі-апиын, ұрланған бұйымды сұрауға болмайды.
Мәһірдің орнына қажылықты сұрауға бола ма дегенге келсек, ханафи мәзһабы бойынша әйел адам мәһір ретінде тек материалдық құны бар нәрсені сұрауы керек*. Ал, Имам Ағзам құқықтық мектебінде мәһірдің ең аз көлемі он дирхам деп көрсетілген**. Мәһірдің жоғары шегіне қатысты шариғатта шектеу қойылмаған. Алайда, қарапайым адамдар үшін көбіне-көп өзі өмір сүріп отырған сол қоғамдағы әдет бойынша белгіленген көлемде мәһір*** беріледі.
Әбу Ханифа мәзһабында мәһірге материалдық құны бар нәрсені сұрау керек деген үкім берілгенмен, әйел адам мәһірдің орнына ерінен қажылық шығындарын талап етуге құқылы. Мұндай жағдайда ер адам қажылық шығындарын есептеп, оны жұбайына мәһірдің өтеуі ретінде береді. Әйел адам ол қаражатты өз қалауынша жарата алады. Алған мәһірі үшін ешкімнің алдында есеп бермейді.
Мұхан ИСАХАН
* Негізі Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде мәһірдің орнына материалдық емес нәрселер де сұралған. Мысалы, кейбір кедей сахабалар мәһірдің орнына әйеліне Құран сүрелерін үйреткен (Муслим, Никаһ, 76).
** Қазіргі уақытта 30 гр күмістің көлеміндегі қаражат.
*** Шариғатта мұны «мәһір-мисли» деп атайды.
kazislam.kz