Маңғыстаулық әжей «Газель»-мен Ақтауға жүк тасып жүр (видео)
Маңғыстаулық әжей «Газель»-мен Ақтауға жүк тасып жүр (видео)

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында көлігі көптің қажетіне жараған кейуана тұрады. Алпысты алқымдаған қария аудандағы теміржол қоймасынан Ақтауға жүк тасымалдайды. 

Әйелге тән емес кәсібін дамытып, халық құрметіне бөленіп келеді. Ауыр көлік тізгінін еркін басқаратын Несіпхан әжей қызметіне тиянақты. Қажетінше тәулік бойы жұмысқа шығуға әзір. Жолда бұзылып тұрған көлік жанынан өтіп кету – кейуанаға жат қылық. Бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ.

Кабинадан кимешектегі ананың шыққанын көрген жүргізушілердің бастапқыда абдырайтыны рас. Дереу капотты ашқызып, моторға үңілетін қария қылығына еріксіз бас шайқасады. «Сапарға құрал-саймансыз шығатын қасиеттеріңе таңданам» дейтін әжей сөзіне мәз-мейрам болысады.

Мереке күндері ел қатарлы демалудың орнына кейуана қызметіне шығады. Үйіне ертерек баруға сұранған жастардың орнын басатын мінезі тағы бар. Ұжымында сыйлы қария әрбір мейрам сайын ерекше құрметке бөленіп жүр.

Нұрия Нұрымова, Маңғыстау теміржол бөлімшесі жүк қоймасының меңгерушісі:

-Бұл кісіні біздің жүк бөлімшесінің анасы деп айтуға болады. 2007 жылдан бері бізбен бірге жұмыс істейді. Халыққа қызмет жасайды. Сапалы жұмыс көрсетіп, еңбек етіп жатыр. Қайраттылығымен, өзінің жауапкершілігімен жүк алып, жүк жіберушілердің алғысына ие болып жүрген адам.

Маңғыстауға теміржолмен жететін тауарлар осы қоймада сақталады. Пойыз кешіксе, Несіпхан әжей де жұмыста кідіреді. Тапсырыс берушіге жеткізетін жүгінің саны мен құжатының дұрыстығына көз жеткізіп алып, жолға шығады. Барған жерінде алғыстан кейін міндетті қойылар сұрақтардың болуына үйреніп алған.

Несіпхан Садирова, зейнеткер:

- Жасымды, қалай жасап жүрсің деп сұрайды. Үйде отырмайсың ба дейді, барлығы да сұрайды. Өзім жүріске үйреніп қалғанмын, үйде отыра алмаймын. Бір жағынан, денсаулық болған соң. Осы жұмысым жарайды, берекет берсін!

Жаңаөзеннен Мұнайлыға қоныс аударған әжей үш ұл мен қыз тәрбиелеп, кісі қатарына қосты. Бүгінде алты немере сүйіп отырған кейуана қазыналы 70 жасқа көлік тізгінінде жүріп жетеріне сенімді.

Хабар 24 

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
8 лет назад 3187
0 комментариев