“Осындайлардан қорқу керек”: Хиджабтағы қыздардың әңгімесі
“Осындайлардан қорқу керек”: Хиджабтағы қыздардың әңгімесі

Қазақстанның зайырлы, демократиялы мемлекет екені белгілі. Әр адамның өз таңдауы, құқығы бар. Бұл - дінге, азаматтық көзқарасқа, тіпті киім кию үлгісіне де қатысты мәселе. Дегенмен қоғамның кей мүшесі қыз-келіншектердің қысқа киіммен жүруін немесе хиджаб киюін қабылдай алмай, үнемі сынға алып жатады. Мұны әйелдердің өзі қалай қабылдайды? Baribar.kz хиджабтағы қыздардың киім үлгісіне қатысты әңгімесін ұсынады.

Фариза Мырзахан, сән дизайнері:

 “Әлі жас емессің бе?”

6 жыл бұрын намазға жығылдым, бірақ ол кезде орамал тақпадым. Біраз уақыттан соң діни сауатымды арттыру мақсатында түрлі кітап оқып, ислам әлемімен толық таныса бастадым. Сол кезде қыз бала әурет болып саналатын дене мүшесін жауып жүруі керек екенін түсіндім. Оқып-білген соң ашық-шашық киініп жүрген сияқты сезініп, өзімді жапқым келді. Содан, міне 3 жылдан бері хиджаб киіп жүрмін. Толық жабық киініп, орамал тағатын құрбыларым бар. Иә, оларға аздап қызыққан шығармын. Дегенмен ешкім мені қинап кигізген де, үгіттеген де жоқ.

Негізі анам да намаз оқиды. Сол себепті ол да, әкем де киім үлгіме аса бір қатты қарсылық танытпады. Тек алғаш ата-анамның алдына барып, орамал тағу туралы айтқанымда қатты шошыды. Себебі сол жылдары елде түрлі діни ағымда адасып жүрген адамдарға қатысты жаңалықтар көбейген еді. Әке-шешем “Не болды? Бір ұйымға кіріп кетпедің бе? Қатысып жүрген жоқсың ба?” деді. Мен оларға барлық мән-жайды түсіндіріп, сабырға шақырдым. Кейін ата-анам: “Рұқсат береміз, тек шалма (тюрбан) тағып жүр” деп айтты. Сөйтіп, біраз шалмамен жүрдім. Уақыт өте келе ақырын-ақырын мойнымның бәрін жауып тұратындай толық жабық киіне бастадым. Ата-анам да үндемеді.

Фото жеке архивінен

Алғаш хиджаб кигенімде кей туған-туысымнан “Неге орамал тағып кеттің?”, “Әлі жассың ғой” деген пікірлер естідім. Мен ол кісілерге “өзім үшін тақтым, кейін де өзім жауап беремін” деп айтатынмын. Содан кейін менің киімімді ешкім талқыламайтын болды.

Досты киіміне қарап таңдамаймын

Араласатын ортамда көбіне жабық киінетін, намаз оқитын қыздар екені рас. Бірақ қысқа белдемше киіп, боянып әдемі болып жүретін құрбыларым да бар. Олардың өмір сүру стиліне, көзқарасына еш қарсылығым жоқ. Досты киіміне қарап таңдамаймын. Ең бастысы жақсы тіл табысып кетсек болғаны. Олар да мені ешқашан алалаған емес. Киіміме бола бөліп-жарған емес.

Бірақ қап-қара киім киіп, бет-аузын толық тұмшалап алатын адамдарды аса түсіне бермеймін. Ондай адамдармен жақын араласа алмайтынымды мойындаймын. Әурет жеріңді жауып та әдемі әрі сәнді киінуге болады.

Фариза МырзаханФариза Мырзахан. Фото жеке архивінен

 Киім үлгіме бола жұмысқа алмай қойды

Қазір адамдар бұрынғыдай емес. Қалай киінсең де, қандай ұстанымда болсаң да оң қабылдай алады. Алайда елде оранған қыздарға қатысты дискриминация мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Мысалы, осыған дейін жұмыс іздеген кездерім болды. Сол кезде бірнеше мемлекеттік орын сыртқы келбетім үшін жұмысқа алмай қойған болатын. Бұл өкінішті әрі қиын жағдай…

Кішкентай қыздардың мектепте орамал тағуына қарсымын

Біреудің өміріне араласқым келмейді. Дегенмен кішкентай қыздардың мектепке орамал тағып баруына қарсымын. Сол себепті соған байланысты қабылданған заңды қолдаймын. Себебі мұндай діни мәселені кішкентай қыздар ес біліп, ақыл тоқтатқан жасқа келгенде өз еркімен таңдаса екен деймін. Ал қазір ол тек ата-ананың қалауы болып тұр. Жалпы адамның жеке басына қатысты дүниенің бәрі өз таңдауымен болғаны абзал.

Фото жеке архивінен

Самал Қожамжарова, журналист:

 Алғашқыда дін жолын ұстанамын деген ниетім болған жоқ

Тұрмыс құрған бірінші күннен бастап хиджабтамын. Осы үлгіде жүргеніме 1 жыл болды. Бұл  – біреудің таңдап берген жолы емес, өз қалауым. Бірақ мектеп бітіріп, университетке түскенімде хиджаб киіп, дін жолын ұстанамын деген ниетім болған жоқ. Себебі оның ешбірін білген жоқпын. Ата-анам қазақы тәрбиемен өсіргені болмаса, шариғатты түсіндіріп айтып отырмайтын.

СамалФото: Бақдәулет Әбдуалы

Қытайдан келген Әлима есімді намаз оқитын құрбым болды. Кейде діни әңгімелерін айтып, насихаттап отыратын. Ал мен уақытымның көп бөлігін ән тыңдауға, кино көруге арнайтынмын. Бірде сол құрбым Арман Қуанышбаев, Ерлан Ақатаев сынды адамдардың уағызын тыңдауға кеңес берді. Сол кісілердің сөзінен кейін жалпы діннің не екенін, не нәрсенің парыз екенін ұға бастадым. Бір сөзбен айтқанда, намаз оқып, хиджаб киюіме айналамдағы адамдар әсер етті, бірақ өз таңдауым болды.

Анам хиджаб киетінімді білмейді

Анам қыз-келіншектердің хиджаб киюін қолдамайды. Теледидардан оранған қыздарды көрсе, жақтыртпайтын. Қазір мен де сол қыздар секілді хиджаб киіп жүргенімді анам білмейді. Төркініме қыдырып барғанымда үнемі қазақтың келіні сияқты басыма орамал тағып қана барамын.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Намаз оқып бастағанда да анам қарсылық білдіріп, ұрысқан еді. Содан болар хиджаб киетінімді айтуға, көрсетуге батылым бармайды. Оның үстіне анам “Қаладан ауылға келген қыздардың өзі боянып, сыланып, күтініп жүреді. Сен ауылдан қалаға барып, өз-өзіңе қарамайсың. Неге боянбайсың?” дейді. Содан болар, ол кісіге әлі күнге дейін қалай айтарымды білмеймін. Мүмкін осы мақаланы оқып білетін шығар…

Үйде шашымды бұйралап, көзіме бояу жағамын

Адам қысқа кие ме, әлде хиджаб киіп, боянып жүре ме өзі біледі. Әркім өзі үшін жауап береді. “Дінде қинау жоқ” дейді. Дегенмен мына нәрсені ескерген жөн. Хиджабтың мақсаты – қыз баласын бөтен ерлердің көзінен сақтау. Оранғалы бері көшеде, автобуста ер адамдардың назары маған аумайтынын байқадым. Себебі бұл образ “маған қарама” деп тұрады. Ал оны киіп, адам жанарын түсіретіндей боянып алған біртүрлі. Себебі екеуі бір-біріне сәйкес келмейді деп ойлаймын. Бұл, әрине, менің жеке пікірім.

Сыртта жабық киініп, боянбай жүремін. Ал үйде шашымды бұйралап, көзіме бояуымды жағып әдеміленемін. Ұзын да, қысқа да көйлегімді киемін.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бізден неге қорқуы керек?

Негізі қоршаған ортамдағы адамның көбі менің өмірлік бағытымды, ұстанымымды, киімімді дұрыс қабылдай біледі. Дегенмен қисынсыз жайттарға да тап болатын кездер бар. Мысалы, бірде балаларға қосымша дәріс беретін оқу орталығына жұмысқа орналасқым келді. Сол кезде маған сын көзбен қарағандар болды.

Одан бөлек жастар практикасы бойынша сайтта жұмыс істедім. Бір күні офиске бір заңгер келген еді. Сыртқа шығып кеткенімде мені меңзеп “Осындайлардан қорқу керек” деген екен. Мұны маған әріптесім айтып берді. Түсінбеймін, неге арақ ішкен, темекі шеккен, ұрлық жасаған адамнан қорықпайды? Неге бізден қорқуы керек? Мен ол кісіге бірде-бір сөз айтқан жоқпын. Менің киіміме бола олай мен туралы айтуына құқы жоқ деп есептеймін.

baribar.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 3467
0 комментариев