Қайызғақтан қалай арылуға болады?
Қайызғақтан қалай арылуға болады?

Шашынан қайызғақты байқағанда, көбісі сусабын мен шаш күтіміне арналған құралдардан мін іздей бастайды. Бірақ мұнда косметианың еш қатысы жоқ деуге болады. Қайызғақтың пайда болуына көзге көрінбейтін саңырауқұлақтар жауап береді. Олар бастың шашты бөлігінде тіршілік етеді. Теріде пайда болған уақытында саңырауқұлақ адамға ешқандай жағымсыз әсер тудырмайды. Алайда организмде азғантай ақау орын алса, олар белсенді түрде көбейе бастайды. Нәтижесінде қайызғақ пайда болады.

Көбеюіне ықпал ететін не нәрсе?

Саңырауқұлақтың көбеюіне организмдегі кез-келген ақау ықпал етеді. Мысалы:

Гормондық бұзылыс. Қайызғақтың жасөспірімдік кезеңде пайда болып, жыныстық жетілген уақытта жоғалуы кездейсоқтық емес. Себебі гормондық теңгерімсіздік теріге әсер етеді. Өз кезегінде ол шамадан тыс майланады не құрғайды. Ал оның қайсысы болмасын саңырауқұлақтардың көбеюі үшін жағымды орта туғызады.

Күйзеліс. Организмге түгелдей әсер етеді, тіпті, иммунитетке де. Ал организмнің қорғаныс жүйесі әлсірегенде, түрлі «ластықтар» пайда бола бастайды. Оның ішінде түрлі саңырауқұлақтар да бар.

Кейбір дәрі-дәрмектер. Саңырауқұлақтардың көбеюіне көп жағдайда антибиотиктер кінәлі болып жатады. Олар бас терісіндегі қалыпты микрофлораны жояды. Салдарынан пайдалы микробтар «зиянкеске» төтеп бере алмайды.

Тері аурулары. Қайызғақ пайда болуы себорейлі дерматитпен байланысты болуы мүмкін. Бұл дерттің екі түрі бар – құрғақ және майлы. Майлы себорей орын алғанда май бөлінуі артып, бет пен арқада безеулер, ал бас терісінде шаш түбіне жабысқан майлы қабыршақ пайда болады.  Құрғақ себорей дертінде тері шектен тыс құрғап, бас терісінде құрғақ қайызғақ пайда болады.

Дәрумен жетіспеушілігі. Шаш үшін ең маңызды дәрумендер – аскорбин қышқылы, бета-каротин,  D және Е дәрумендері. Сонымен қатар селен, цинк, күкірт сынды микроэлементтер де маңызды.

Шаш сәндеуге арналған күшті құралдар, ыстық фенмен әуестену. Ол бас терісінің жағдайына әсер етеді және саңырауқұлақтардың көбеюіне сеп болуы мүмкін. Алайда байқағаныңыздай, қайызғақтың пайда болу себептерінің тізімінде косметика соңғы орынды еншілейді.

Қалай емделу керек?

Қайызғаққа қарсы кәдімгі сусабындар уақытша ғана әсер етеді. Және оған таңданудың қажеті жоқ. Олардың әсер ету қағидасы теріде қайызғақтың қабыршақтануына мүмкіндік бермейтін қорғаныс қабатын түзумен шектеледі. Десе де сусабынды қолдануды доғарған кезде қабат шайылып, қайызғақ одан да көп мөлшерде пайда болады. Сондықтан шынымен де әсер ететін құрал алу үшін дүкенге емес, дәріханаға барып, саңырауқұлаққа қарсы емдік сусабын алғаныңыз жөн. Ал сатып алар алдында трихолог не дерматолог мамандармен кеңескеніңіз одан да жақсы болмақ.

Қосымша шара ретінде бас терісі қан айналымын жақсартатын емдік шаралар жиі қолданылады. Олардың ең көп таралғаны – криомассаж (бас терісіне суық арқылы әсер ету) және тез ауыспалы қуатты тоқпен емдеу әдісі (төменгі жиіліктегі ток әсері).

Ал үй жағдайында жасалатын құралдардың тиімдісі – шашты сірке су ерітіндісімен (1 л суға 1 ас қасық 9%-дық сірке суы) шаю. Қайызғақтың пайда болуына әсер ететін саңырауқұлақ қышқыл ортада тіршілік ете алмайды.

Шашқа арналған емдәм

Шаш жағдайын жақсартып, қайызғақ пайда болуының алдын алуға мына өнімдер көмектеседі:

1. орамжапырақ пен лимон құрамында күшті иммунитет үшін қажет С дәрумені бар. Демек саңырақұлақтардың көбеюіне жол бермейді;

2. сәбіз бен болгар бұрышында бета-каротин көп. Оның жетіспеушілігі қайызғақ пайда болуына алып келеді;

3. өсімдік майлары – Е дәруменіне бай. Ол теріге табиғи ылғалдылықты сақтауға көмектесіп, құрғақ қайызғақтан арылтады.

Stan.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
8 лет назад 3585
0 комментариев