Ғалымдардың зерттеуінше, мұз басып немесе ядролық апаттан жер бетіндегі тіршілік толық жойылып кетсе де, оған төзетін 8 түрлі жәндік бар көрінеді. Оның алғашқысы Гималайлық секіргіш өрмекші.
4 мың метр биіктікте өмір сүретін жәндік ұсақ қоңыздармен қоректенеді. Тастан-тасқа секіріп жүріп, табиғаттың кез-келген қиындықтарын оңай еңсеретін көрінеді. Бұл өрмекшінің пайда болғанына 380 млн жыл өтіпті.
Екінші орында – улы шаян. Бұл жәндікке ультракүлгін сәуленің ешқандай әсері болмайды екен. Сондықтан, кез-келген деңгейдегі радиация оларға ешқандай әсер етпейді. Бұл шаянның кейбір түрлері ұзақ уақыт мұзға қатып, кейін, мұз ерігесін ары қарай тіршілік жасай береді. Улы шаяндардың пайда болғанына шамамен 400 млн жыл өтіпті.
Үшінші кезекте – құзғындар. Зомбилік ақырзаман орнаса – құзғындардың тойы басталды дей беріңіз. Олар мұндай жағдайда жақсылап ұрпақ өндіріп, көбейген үстіне көбейе түседі.
Өйткені, құзғындар миллиондаған жылдар бойы бойына ешқандай қауіпті індетті жұқтырмайтын иммунитет қалыптастырған. Құзғынның асқазанында бөлінетін сөл басқа аң-құсқа қарағанда анағұрлым күшті екен.
Төртіншісі – кәдімгі моллюсктер. Бұлар қос жынысты, яғни, гермофродит болып есептеледі. Көбею кезінде қалаған жынысқа ауысып кете алады. Ұлу секілді үстіне қабыршақ киіп алып, жауынан қорғанады.
Мұз басу дәуірінен аман-есен жеткен. Ал қабыршағы жауларынан қорғап қана қоймай, сыртта пайда болған химикаттарды ішке өткізбейді.
Бесінші орында – паразитті ара немесе оқалақ.
Паразит тектес оқалақ радиацияға өте шыдамды. Тұқымын тірі жәндіктің ішіне салып, көбейеді. Іште жатып жетілген оқалақ кейіннен өзіне «құрсақ» болған жәндікті жеп тауысады.
Алтыншысы – құмырсқа.
Адамдар жер бетінен жоғалып кеткен күннің өзінде, кішкентай еңбекқорлар тіршілігін жалғастыра береді. Олардың ерекшелігі сол, тұтас колония аман қалуы үшін, кез-келгені өзінің өмірін қиып жібереді. Құмырсқалар 70 градус ыстықта да қиналмай. Өздерінің денесінен 5 мың есе ауыр қысымға да шыдай береді.
Жетіншісі – кәдімгі егеуқұйрық. Бұл ақырзаманда тірі қалуы мүмкін жалғыз сүтқоректі. Олар кез-келген қиын жағдайға тез бейімделіп, түрлі кеселдерді бойына дарытпайды.
Сусыз 5 күн, ал күн сәулесі түспесе де ұзақ уақыт өмір сүреді. 15 метр биіктіктен құласа да түк болмайды. Өзінің денесінен 4 есе кішкентай тесікке емін-еркін сиып кетеді. Радиацияға тез бейімделгіш. Өмір сүруге деген ынтызарлығы соншалықты, жейтін нәрсе таппағанда өздерін өздері жей береді.
Соңғы кезектегілер – тарақандар. Олардың пайда болғанына 350 млн жыл өтіпті. Тарақандар адамға қарағанда 10 есе артық радиацияға шыдай береді. Басын кесіп тастаса да бір апта өмір сүре алады.
Ол кезде денесіндегі тесік арқылы дем алатын көрінеді. Ал су астында, ауасыз кеңістікте 40 минут шыдайды. Бұл жәндік тек, су болмаса ғана қырылып қалады. Бір айдан астам уақыт тамақсыз өмір сүре береді. Әрбір аналық тарақан үш апта сайын 50 ұрпақ өмірге әкеледі. Ғалымдардың пайымдауынша, тарақандар адамдар жер бетінен жойылған соң, тағы да миллиондаған жылдар емін-еркін өмір сүре береді.
halyknews.kz