Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ол қазақ ұлтының ресми құжаты. Қазақстандық ұлттардың тағдыр маңдайына жазылған төлқұжат. Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің ұлттық мұраты бірталай асулардан өтіп, қиын кешулерді бастан өткерді. Бүгін қазақ тілі – кеңсе тіліне айналып келеді. Ұлт зияткері С.Сейфуллин «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай – бағы жанбайды» деп бүгінгі тілдік түйіткілді анық айтып кеткендей. Қазақ тілі мемлекеттік құзырлы органдардың қадағалауымен кеңсе тіліне еніп, қолданыс аясы кеңігенімен, тек қана орыс тілінің ғана аудармасы статусында қалып келеді. Өйткені, кез келген ресми іс қағаз болсын, оқулық болсын, жарнамалық билборд болсын, қазақ тілінен бұрын орыс тіліндегі нұсқасына көз жүгіртіп алатын ғадетіміз бар. Өйткені, сіздің қолыңызға түскен тағамның, не болмаса дәрілік заттың құрам-қолданысын түсіну үшін орыс тіліндегі түсініктемесін шолып барып, қазақ тіліндегі аудармасын оқысаңыз ғана түсінетін жағдайға жеттік. Қазақ тілі орыс тілінің аударма, көшірмелік статусынан өсе алмай жатқан осындай жағдайда, қазақ тілінің жоғын жоқтаудың, ұлт тілінің құнарын насихаттаудың сыңар қанатсыз кейпін анық көресіз. Қазақ тілі өзінің тілдік үстемдігін өсіру үшін әуелі орыс тілінің көлеңкелік нұсқасы болудан бас тарту керек. Яғни, қазақ тіліндегі кез келген оқулық, ақпарат көздері орыстілді континеттен аудару ісінен бас тарту ләзім. Кез келген саланың терминологиялық аудармасының өзі орыс тілінен, не шет тілінен аударылып отырғандықтан, мұндай тілдік еркіндікке жету ауылы алыс секілді. Ал, қазақтілді аудармашының өзі орыс тіліндегі контекстік мазмұнынан қашықтап, қазақ тіліндегі түсінікке қолай аудару үшін – қазақша ойлау білуі тиіс. Қазақша ойлау дегеніміз не? Біз отаршылықтың рухани езгісінен толық құтыла алмаған, саналық тұрғыда, рухани тірегінен ажырап қалған ұлтпыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осы олқылықтың орнын толтыруға зор себеп болмақ. Ол қалай толтырылмақ? Өткен ғасырда қазақ тілінің түпнегізіне балта шабу үшін екі рет әріп ауыстырылғаны аян. Бірінші төтеше жазудан латынға, латыннан кирилшеге. Міне, осы кирилшеге өту барысы қазақша ойлаудың негізі - ұлттық кодымызды өзегінен балталап, тектегі тілдік түйсінімге ақау түсірді. Қазірде қазақша ойлаудың қиынға соғып, тіл күрмеліп, ойымыз жетпей – орыс тілінде ойлауға оңай берілуіміз осының дәлелі болса керек. «Қазақ тілінің дамуы әріптік таңбалауға тікелей байланысты ма?» деген сұрақ қазіргі қоғамдағы үлкен пікірталасты тудырып отыр. Неге жапон, корей, қытай секілді ұлттардың бүгінгі заманауи жазулары байырғы иероглифтік таңбалардан тұрады? Ойлап көрдіңіз бе? Әр таңбасы әр ұғымды, әр түрлі әрекетті білдіретін, тек жапон ұлты түсінетін мазмұн мен мәндер — жапон ұлтының дәстүрі мен ұлттық ерекшелігін сақтауға зор ықпалы бар. Егер ол таңбаның көзін жойса, ол ұлт әрине, ұлттық тілдік түйсінімінен, ойлауынан безінеді. Демек, ұлт тілінің өз таңбасы, өз құжаты болуы тиістігі енді айқындалып келеді. Елбасының латын әрпіне көшу туралы ұсынысы бірнеше жыл бойы көтеріліп келеді. Латын әрпіне көшуді біршама ғалымдар бірауыздан қолдауы құптарық жайт. Өйткені, латын әрпіне көшу арқылы өз ұлттық негізімізге біртабан жақындаймыз. Хош, қазақша ойлау үшін не істеу керек? Қазақша ойлау – қазақ тілінің нағыз бағын асыратын, күрмеуін шешетін негізгі түйткіл. «Тілі екеудің – діні екеу» деп аузы дуалы Ә.Кердері бабамыз айтқандай, ешкім қазақстандықтардың тіл еркіндігін бір тілмен шектеп қоя алмайды. Өз тілінде ойлай алмайтын, өзге тілде түс көріп, өзге тілде түйсінетін адамның жан дүниесінде де екі дін жүретінін аңдатып отыр. Қазір мемлекетіміз үштілділік ұстынды негіз етіп қойды. Бұл тілдік түйсінім қабылеті мықты тұлғаның игеруі тиіс асуы. Өзі қазақ, алайда қазақ тілінде өз ойын жеткізе алмайтын ауыл баласы қалаға келіп сауаттанғасын да бұрынғы бүгежек қалпынан айрылмай қалуы ненің себебінен? Көшедегі билбордтың түгелге жуығын өзге ұлт өкілдері қолға алып аударып, жазып беріп тұрған жоқ қой? Оны арнайы жоғары білімді тіл мамандары аударып отыр. Бірақ, аудармаға көзің түскен сайын әркімнің қағындысы, қолжаулығына айналған қазақ тілінің бейшара күйіне көңіл қынжылса да, көз үйренді. Бұл жердегі негізгі мәселе – бір ғана тіл маманында емес. Бұл жалпыұлттық дағдарыс мәселесі. Мифолог Серікбол Қондыбай бүгінгі қазақ тілінің ауызекілік қолданысын – «креолдық тіл» деп атайды. Креолдық тіл – тұрмыстық деңгейге түсіп жұтаңдана бастаған тіл. Қазақ тілінің кеңселік, ақпараттық тілі қалыптасып келе жатқанымен, тұрмыстық ауызекі тілі өте күйінішті жағдайда. Өйткені, біз ұлттық тілімізде ойлаудан қалып барамыз. Қазақша ойлай білмейтін бүгінгі жұтаң санадан қазақ тілінде жұтынып тұрған аударманы талап ету жаңсақ іс емес пе? Ал, қазақша ойлау деген не сонда? Қазақша ойлау ең әуелі баба салтты дәстүрлі мәдениет көзінен бастау алады. Қазақша ойлаудың негізі – қазақша сөйлеу дағдысында. Сөйлеу мәдениеті жұтаң буынның ойлау қабілеті де кедей. Бұл дерт тек қала тұрғындарына ғана тиесілі емес, дала тұрғындарының сөйлеу мәдениеті дағдарып қалуымен де байланысты. Қарапайым ғана мысал, қазір сөйлеп отырғанда «жаңағы», «жана», «неғып», «нема», «не ғой» деп күмілжу дерті тілдің сөйлеу мәдениетінің дағдарып қалғанын көрсетеді. Тұрмыстық деңгейдегі қазақша сөйлеу мәдениетін қалыптастыру үшін қазақша ойлауға бағыттайтын іс-шаралар атқарылуы тиіс. Қазақша ойлаудың көзі – дәстүрлі мәдениетте. Дәстүрлі мәдениет дегенімізде – қазақтың мифологиялық ойлау түйсігі, нақылдық, шешендік сөздері, Батырлар жырының мазмұнында, ұлттық ойлай жүйесінде. Қазақ тілінің бағы жансын десе, «қазақ» деген алып бәйтеректің бір ғана бұтағы – қазақ тілін жеке дара дамытам деу болмас тірлік. Қазақ деген ұлттың діңі берік болса оның бұтақтары да жайқала түспек. Қазақ тілін қазақтың дәстүрлі дүниетанымынан, дәстүрлі дінінен, тектік тарихынан бөле жара қарауға әсте болмайды. Мемлекеттік тұрғыда, мұның алғашқы қадамдары жасалды деуге болады. Ол «Сакральды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы. Қазақ елінің сакральды әлемін тірілтсе болғаны, тіл мен ұлттық жадтың оянуы өзінен өзі жүретін құбылыс. Тек осы орталық жұмысын да алып бәйтеректің бір бұтағы құсатып жеке баптаудың қажеті жоқ.
Сағадат Ордашева
qamshy.kz