Қазақстанда әрбір үшінші ерлі-зайыпты ажырасып жатыр. Неке тіркеу бөлімі қызметкерлерінің мәліметіне қарағанда, қазақстандықтардың некесі көбіне тұрмыстық жанжал, отбасындағы зорлық-зомбылық, бала тәрбиелеудегі түсініспеушіліктер мен қаржы қиындықтарынан бұзылып жатады. Ажырасудан кейінгі күйзелістен бөлек, материалдық жағынан да көп мәселелер туындайды. Ерлі-зайыпты ажырасқанда мүліктік үлестер қалай беріледі және неке бұзылғанда меншік қандай талаптар бойынша бөлінеді? Ал ипотека немесе балалар болса ше? Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне отбасы құқықтары жөніндегі адвокат Сергей Жұмабеков айтып берді. Сондай-ақ, адвокат қазақстандықтардың мүлік бөлісу кезінде жіберетін қателіктерін атады.
Ипотеканы екеуі де төлейді
ҚР "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" заңының 38-бабына сәйкес, ерлi-зайыптының ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн бөлу кезiнде әрқайсының үлесi тең деп танылады. Бірақ, бұл олар жасасқан шартта өзгешеліктер болмаған жағдайға ғана. Ал егер пәтер ипотекада болып, ол ерлі-зайыптының ортақ мүлкі саналса, ажырасқан соң екеуі тең үлеске ие болуы керек. Ипотеканы да дәл солай екеуі бірдей төлеуі қажет. Төлеу мерзімі аяқталған соң мүлік ортақ шешім бойынша сатылып, ол ақша тең бөлісуі тиіс", - дейді Жұмабеков.
Маманның айтуынша, мүлікті бөлісу туралы өтінішті үш жыл ішінде беру керек. Яғни бұл норма ерлі-зайыпты ажырасқан сәттен бастап заңды күшіне енеді.
Қандай мүліктер бөлуге жатпайды?
Осы ретте маман ажырасқан соң кейбір мүліктердің бөлінбейтініне тоқталды.
"Некеге тұрғанға дейін ерлі-зайыптының бірінің жеке мүлігі болса, оны ешкім бөле алмайды.
Сондай-ақ, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" заңның 35-бабына сәйкес, ерлі-зайыптының жеке меншігіне мыналар жатады:
- некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) дейiн ерлi-зайыптының әрқайсына тиесiлi болған мүлiк;
- ерлi-зайыптының некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi;
- некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде ерлi-зайыптының ортақ қаражаты есебiнен сатып алынса да, қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, жеке пайдаланатын заттары (киiм-кешек, аяқкиiм және басқалар);
- Некенің іс жүзінде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезеңде ерлi-зайыптының әрқайсы жинаған мүлiк.
Адвокаттың айтуынша, сот мұның барлығын әрқайсының меншiгi деп таниды.
Балалардың үлесі қандай?
Бұдан бөлек, Жұмабеков неке бұзылған соң балалардың үлесі қалай берілетінін айтып өтті.
"ҚР қазіргі заңнамасында ата-анасы ажырасқан кезде баланың үлесін реттейтін нормалар жоқ. Заңда ол мәселе туралы қарастырылмаған. Мысалы, ажырасып жатқан ерлі-зайыптының бір баласы болса, ол оған ешқандай басымдық бермейді. Яғни, пәтердің үлесі екі адамға беріледі. Кейбір жағдайларда - отбасында 2 немесе одан да көп бала болса және сот мұны ескеретін болса, ол әйелдің жағдайын түсініп, (балалардың әрі қарай онымен тұратынын ескерсе) әйелдің үлесі көбейтіледі. Бірақ, балалар ескерілмесе, пәтер 50/50-ге бөлінеді. Заңда көрсетілгені тек осы - судья балаларды ескеру қажет деп санаса, ол әйелінің үлесін көбейтіп, сәйкес шешім шығарады", - деп түсіндірді маман.
Сондай-ақ, маман өзінің тәжірибесіне сүйене отырып, қазақстандықтардың мүлік бөлісуде жиі жіберетін қателіктеріне тоқталды:
- Заңды білмеуі, сауатсыздығы;
- неке дауын сотқа жеткізбей реттеу мүмкіндігін қолданбауы;
- ажырасу процесі кезінде заңгерлер мен адвокаттардың көмегіне жүгінбеуі;
- шамадан тыс қызбалық пен реніштер, нәтижесінде іске айқын баға берілмейді;
- ерлі-зайыптының бірі екіншісіне қысым көрсету мақсатында ортаға баланы салып, түрлі айлаларға барады.