«Құны – 150 мың теңге»: жерлеу рәсімін бизнеске айналдырған кімдер?
«Құны – 150 мың теңге»: жерлеу рәсімін бизнеске айналдырған кімдер?

Діни басқарма жерлеуді қалай өткізу керектігін ешкімге міндеттей алмайды

Соңғы уақытта интернетте діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің жарнамасы жаңғырып тұр. Кез келген жерлеу бюросының сайтына кіріп хабар жіберсеңіз, менеджерлері бірден хабарласып, қандай қызмет көрсете алатынын тәптіштеп түсіндіріп, бағасын айтып береді. Ақшасын берсең жерлеу рәсімін толықтай ұйымдастырып беруге дайын агенттік өкілдері «өлген адамның жақындары тек дайынға ғана келеді» дейді. Айта кетерлігі, мұндай агенттіктер мұсылманша жерлеу, православ христианша жерлеу, яһудилік жерлеу рәсімдерін ұйымдастырады. Осындай агенттіктердің жұмысы қаншалықты заңды? Олардың жұмысын кім қадағалайды? Мұсылманша жерлеумен айналысатын қандай агенттік бар? Azattyq Ruhy тілшісі діни рәсім жасайтын агенттік өкілдерімен хабарласып, аталған сауалдарға жауап іздеп көрді.

ДІНИ БАСҚАРМА ЖЕРЛЕУДІ ҚАЛАЙ ӨТКІЗУ КЕРЕКТІГІН ЕШКІМГЕ МІНДЕТТЕЙ АЛМАЙДЫ

Дінтанушы Мұқан Исаханның айтуынша, республика бойынша наиб имамдардың бірі мәйітті жуындырудан бастап, қабірдің мұсылманша қазу мәселесі, молалардың тазалығы сияқты жұмыстарға қарайды. Жаназаны шығаруға қатысты әр имамның қызмет көрсетуіне берілетін бейресми ақысы болады. Бірақ жағдайы жоқ, қаражат төлеуге шамасы жетпейтін адам болатын болса, бұл қызметті олар тегін жасайды.

«Мәйітті мейрамсумен жуудан бастап кебіндеп, жаназасын шығарғанға дейін барлық қызмет әр өңір бойынша бір имамның мойнында. Қазір мәйітті жууға туған-туыстары, жолдасы, бауырларынан үш адам кіреді. Бірақ олар шариғаттағы мәйіт жуудың тәртібін білмейді. Шариғат заңы бойынша қайтыс болған адамның ішек-құрылысында нәжіс қалмауы керек. Соның бәрін тазарту керек болады. Осының ережесін имам айтып тұруы тиіс. Бір адам су құйса, екіншісі тазалайы. Ең соңында спирті жоқ арнайы сумен жуып, кебіндейді. Осының бәрін шариғатты білетін адам болмаса, жай адам істей алмайды. Істесе де шала істейді. Мәйітті көтерген және жерлеген кезде денесі бүгіледі сонда ішінде нәжіс болса, шығып кетеді. Ондай жағдайда негізі жерлеуге болмайды. Кейде шариғаттың тәртібін білмей имам шақырмай өздері жуындыру рәсімін жасай береді», - дейді теолог.

Ол өз сөзінде жерлеу рәсімін ұйымдастыратын агенттіктерді қадағаламайтын себебі, бұл қызмет түрі – ерікті. Яғни әр адамның наным-сеніміне байланысты. Осы ретте, қоғамда түрлі қарама-қайшылықтардың тууына себеп болатын жағдайлар да аз емес. Мысалы кейбір адамдар өзін қалай жерлеу керегін алдын ала жазып кетеді екен.

«Марқұм дүниеден өтер алдында хат жазып қалдырып, онда шариғаттың шартын емес, өзге діннің жоралғысы сияқты табытқа салып, мәйіттің бетін ашып қою сияқты мұсылманға жат жөн-жоралғыны айтады. Ал имамдар мұның дұрыс емес екенін айтады. Туыстары болса, өсиетте жазылғандай жерлейміз дейді. Міне осыдан барып түсінбестік туындайды. Ал жерлеу рәсімін ұйымдастырумен айналысатын агенттікке жүгінген адам мәйітті қалай жуу керек, қандай жөн-жоралғы жасау керек, ол жағын өзі қалағанындай жүргізе алады. Яғни марқұмның өсиетхатында мәйіттің беті қоштасарда ашық болсын, табытқа салып жерленсін дегенді қызмет көрсететін агенттіктер орындайды. Себебі бұл қызмет үшін ақша алып отыр», - дейді Мұқан Исахан.

Дінтанушының айтуынша, жерлеуді қалай өткізу керектігін діни басқарма ешкімге міндеттей алмайды. Бұл жерде туындап отырған түйіткілді мәселе – жерлеу рәсімін әркім өз білгенінше жасайды.

ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНІҢ БАҒАСЫ – 80 МЫҢНАН БАСТАЛАДЫ

Мәйіттерді жерлеу жөнінде қызмет көрсететін агенттік жұмысы мен қызметін білу үшін бірнешеуіне хабарласып көрдік. «Мәңгілік естелік» агенттігінің жетекшісі жерлеу рәсімін ұйымдастыру бағасы 150 мың теңге екенін айтты. Бұл бағаға табыт, тақта, мата және көлік кіреді. Егер мәйітті ауылды жерлерге жерлеу керек болса, километріне 300 теңгеден есептейді. Ал «Амон» агенттігінің жетекшісі жерлеуге қатысты барлық діни рәсімді ұйымдастыратынын, өзінде жұмыс істейтін жігіттердің діни білімін жетілдіріп отыру үшін мұсылман және христиан дінінің өкілдерімен кездесіп, барлық жөн-жоралғыларды үйрететінін айтты.

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
2 года назад 1733
0 комментариев