Қыран баптаған қыз
Қыран баптаған қыз

«Құсбегілік өнер тек ер адамға ғана тән» деген ұйғарымды жоққа шығарған Айшолпан Нұрғайыпқызының есімі бүгінде төрткүл дүниеге танымал. Бүркітші қыз Моңғолия жерінде дүниеге келіп, ес білгелі құсбегілікті жанына серік еткен.

Әлемнің үздік жоғары оқу орындары – Гарвард пен Окс­фордтың шақыртуынан бас тарт­қан Айшолпан бүгінде Алматы облысы, Қарасай ауданында ор­на­ласқан Сүлеймен Демирель уни­верситетінде білім алады. Қазақ­­станды әлемге әйгілі еткен өр Алтай­дың өжет қызы жайлы жал­пақ жұрт одан әрі тани түссін деген ниет­пен қалам тербеуді жөн санадық.

Айшолпан Нұрғайыпқызы Моңғолияның Баян-Өлгей айма­ғында қарапайым отбасында тәрбиеленген. Жеті атасынан бері жалғасып келе жатқан құс­бегілікті ол да бойына сіңіріп, ұлт­тық өнерді ұлықтауды жөн санаған. Ата-әжесінің қызы бол­ғанымен, құс баптаудан сол аймаққа танымал әкесін үлгі тұтады. Атакәсіпке отбасының әрбір мүшесі жақын. Өзінен үлкен ағасы да, артынан ерген інісі мен сіңілісі де бүркітті қол­­ға үйретудің қыр-сырын мең­герген.

Бүркітші қыздың бесігі тербелген Баян-Өлгей өлкесі – тау-тастың мекені. Бұл жерде қазақ­тың салт-дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Мұнда оны кейінгі ұрпаққа дәріптейтін қалың қан­дас тұрады. Олардың ұлттық өнерге деген ықыласы ерекше болғаны, бәлкім, қазақ қызының осы жолға түсуіне себеп болған да шығар. Жайлауы жасыл, тұмса табиғаты бар аймақта Айшолпан еркін құсты өз ырқына көндіріп, алты жасында атқа мінген. Осы кезден бастап құс ұшыруға деген ынтасы оянып, өзінің жеке қыраны болғанын қалапты. Кейін әкесі Нұрғайып қызының беті­нен қақпайын деп оны өзімен шың басындағы бүркіттің ұясына алып барған. Айшолпан осылайша алғаш түз тағысының ба­ла­панын өз қолына алып, оны баптап, жан досындай се­рік етіп, «Аққанат» деп ат қо­йып­ты. Бүркіт екеуінің етене тарт­қаны соншалық бір-бірін алыс­тан таныған. Тіпті, қыран құс Айшолпанның әр қадамына құ­лақ түріп, жүрген жүрісін танып, дыбыс шығаратын әдеті болған.

Айшолпанның бүркітшілер бәсекесіне түсуі 13 жасынан бас­талған. Қарсыластарына дес бер­мейтін қазақ қызының олжалы оралатыны жиі болған көрінеді. Үнемі үздік атанса да өзінің жолын қарсылас ағаларына береді екен. Айтуынша, бұл жарысқа қатысушы ер адамдарға деген сыйластықтың белгісі.

Әлем таныған Айшолпан Нұр­ғайыпқызының танымал бо­луы кездейсоқ десек бола­ды. Бірде оның ауылына Из­раиль­ден фотограф Ашер Сви­денский келіп, ауылдың көрі­нісін, Айшолпан мен оның бүр­кітін суретке түсіріпті. Ол оны әлеу­меттік желілерге салып, ғалам­тор қолданушыларымен бө­ліс­кен. Бұл фотосуреттерді амери­калық режиссер Отто Белл алғаш байқап, Айшолпан мен оның өмірі жайлы фильм түсі­ру ойына келген. Осы идеясын жүзеге асыру үшін арнайы Моң­ғолияға барған. Осылайша қы­рағы АҚШ режиссерінің туын­дысы екі жарым жыл ішінде тас­паланып, 2014 жылы жарыққа шықты. Деректі фильм «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деп аталыпты. Тағы бір айта кетерлігі, бұл туынды америкалық ең үздік киножүлде болып табылатын «Оскар» сыйлығына үміткер 15 фильмнің қатарына енген.

Айшолпан хақында алғаш де­ректі фильм шетелде көрсетіле бастаған соң, оған әлемнің түк­пір-түкпірінен арнайы шақыр­тулар түскен. 30 елді аралап там­санғанымен, оның асқақ арманы Қазақстанды көру еді. Оның осы мақсатын орындауға Qazaqstan ұлттық телеарнасының тілші­сі Ғабит Бөкенбай ықпал етіпті. Бүр­­кітші қыз ол кісіге әлі күнге де­йін алғысын айтады. 2018 жы­лы қазақ қызы атажұртқа қо­ныс аударып, кейін елордадағы ­Spec­trum Халықаралық мек­те­бінде білім алды.

Бүркітші қыздың өнері мен өмірі көрініс тапқан аталмыш кино бүгінгі таңға дейін әлем­нің белгілі кинотеатрларында көр­се­тіліп үлгерді. Бір өкініштісі, ­Қа­зақстан жерін әлемге әйгілі еткен Айшолпан осы фильм отан­дық кинотеатрларға әлі күн­ге дейін жол тартпаған. Мұны елі­міздің Мәдениет және спорт ми­нистрлігі назарға алады деген үмі­тіміз бар. Қазақ қызыны арманы да осы – атамекенде кино­ның көрсетілуі.

Көңілді қуантар бір жаңа­лық – жақында бұл фильм­нің Қазақстандағы тұсау­ке­­­сері Айшолпан білім алып жат­­­қан Сүлеймен Деми­рель атындағы уни­верситетте ұйымдас­ты­рыл­ды. Фильм келген қауымға ұна­ды, оң бағасын беріп, риза­шы­лық­тарын білдірді.

Қазіргі уақытта Айшолпан Нұр­ғайыпқызы жоғарыда атап өткен университеттің 2-курс сту­ден­ті. Мұнда ол «Қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі» ма­ман­дығы бойынша білім алу­да. Осы білім ордасының жатақха­насында тұрады. Жазғы демалыс кезінде Баян-Өлгейдегі ата-анасына, жақындарына баруды ұмытпайды. Аққанатына деген сағынышын басып, ара-тұра жарыстарға қатысады. Айта ке­тейік, бүркітші Айшолпан осы уақытқа дейін қыран құсымен 14 түлкі, 2 қасқыр аулаған. Олардан ішік, жамылғы жасап тұрмысқа қолданған.

13 жасында дүниежүзіне та­ныл­ған қанатты қыз Моңғолия­ның туризм саласын жандан­ды­ру­ға ерекше үлес қосқанын да естен шы­ғармаған жөн. Шетел­ден ке­­летін саяхатшылардың біра­зы Ай­шол­панды көруге келеді екен. Бә­­рінің қызығатыны – жас бүр­кітші қыздың сол кездегі тұр­мыс-тіршілігі, отбасылық өмірі.

Міне, біз білетін, мақтан ете­тін Айшолпан осындай. Әңгіме барысында алдағы арманы мен атажұрттағы өмір салты жайында сұрауды да ұмытпадық. Кейбір құпия жоспарын да айтты.

– Осы жылдың жаз мезгілінде мен жайлы кино түсірген амери­калық режиссер Отта Белл енді мультфильм дайындағалы жатыр. Мұны әлі ешкімге айтпаған едім. Сіздермен бөлісіп отырмын. Бәрі ойдағыдай болса бүркітші қыз туралы тың туынды балалар әлеміне де жол тартады, – деп келешек жоспарымен бөлісті.

Айшолпан Қазақстандағы жастардың бүгінгі жағдайына алаңдаушылығын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі жастар шетелдіктерге көп еліктейтін кө­рінеді. Бірақ барлығымен қарым-қатынасы жақсы екенін айтты. Ең бастысы ұлттық өнерді, мәдениетімізді ұмытпасақ де­ген тілегі бар. Келешекте мұға­лімдік мамандықпен қатар құс­бегілікті де қатар алып жүр­гісі келеді. Ұлттық өнердің мек­те­бін қалыптастырып, магистра­туралық білім деңгейін шет елде шыңдауды мақсат етеді.

Барлық арманына жетуіне біз тілектеспіз. Қазақтың қа­ны­на біткен төл өнерді таныт­қан бүркітші қызды әрбір қазақ­стан­дық мақтан тұтатыны сөзсіз. Бүр­кіт баптап, саятшылық сал­ты­мызды жаңғыртып, жер-жаһанға мемлекетті мәшһүр еткен Айшолпанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. 

Дидар МӘЛІКҰЛЫ, журналист 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
3 года назад 1420
0 комментариев