Қытайдағы алғашқы ислам университеті
Қытайдағы алғашқы ислам университеті

Батыс елдерінің ХХ ғасырдың басындағы панисламизм мен пантүркизм идеясынан қатты шошынғаны белгілі. Бұл идеяның бой көрсетуін «ұйқыда жатқан алыптың оянуы» деп бағалаған империалистер, панисламизм мен пантүркизмді жөргегінде тұншықтыруға әрекеттенді. Сол дәуірде ислам және түркі әлемінде тұғырын жоғалтпай, дербестігін сақтап қалған жалғыз мемлекет — Осман империясы болатын.

ХХ ғасырдың басында Осман империясы құлдырау кезеңін басынан кешіріп жатқанымен, ислам және түркі әлемінің бірлігін сақтап қалуға қал-қадерінше күресіп бақты. Осман империясы қоян-қолтық араласып жатқан туыс елдермен ғана емес, сонау шығыстағы Цинь империясымен де дипломатиялық байланыс орнатып, ондағы тегі бір, діні бір бауырластарының мүддесін қорғау мақсатында ислам университетін ашқан еді.

1901 жылы 28 маусымда Ыстанбұлдан шыққан түрік кемесі Измир мен Александрияны басып өтіп, Қызыл теңіз арқылы Үнді мұхитын кесіп өтіп Қытайдың Шанхай айлағына келіп тоқтады.

Осман империясынан келген кемені көру үшін Қытай мұсылмандары айлаққа қарай ағылды. Батыс қана емес, бүкіл әлем баспасөздері Осман мемлекетінен Қытайға келген тоғыз адамдық делегация жөнінде жарыса жазып жатты.

Цинь патшалығы Осман делегациясын ерекше құрмет көрсетіп, салтанатпен қарсы алғанмен, ол кезеңде аспан асты елі Батыс алпауыттарының ықпалында болатын. Батыс имериалстері ІІ Абдулхамиттің жіберген бұл елшілері қандай мақсатпен Қытайға сапар шеккенін білу үшін  тыңшыларына арнайы тапсырма берді. Әнуар Паша (бұл төңкерісшіл Әнуар Паша емес) бастаған елшілік құрамында оның екінші әйелі, екі хатшы, екі ғалым, екі сақшы және өзгеде қызметшілер болды. Батыстың жансыздары олардың әрбір басқан адымын аңдыды. Әнуар Паша Қытайға бейбітшілік қарым-қатынас жасауға келгенін айтқанмен, бұл сапардың басқада сырлары бар-тын.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Цинь патшалығы Батыс алпауыттарының қолжаулығына айнала бастады. Отаршылдардың озбыр қылықтарына төзе алмаған халық бірнеше рет көтеріліске шықты. 1901 жылы Боксер көтерілсінде Пекиндегі Германия Елшісі Кетлер қаза тапты. Германия императоры Кайсер ІІ Вилгельм сол кездегі одақтасы Осман императоры ІІ Абдулхамиттен Қытайдағы жағдайға байланысты көмек сұрады. ІІ Вилгельмнің мұсылман патшасынан көмек сұрауының себебі, қытай көтерілісшілерінің көпшілігі мұсылмандар болатын. Батыс алпауыттары ІІ Абулхамитті дін бауырластарына басу айтқызумен мәселені бейбіт түрде шешкісі келді. Көтерілістерді күшпен жаңшып, мұсылмандарды қырып салатын болса, исі бүтін мұсылман әлемін өздеріне қарсы қойып алатын еді.

Бізге жеткен деректерге сүйенсек Қытайда сол кездері 50-60 миллион мұсылман болған. Ал, мұқым әлемде шамамен 500 миллион мұсылман болды.

Батыс алпауыттары осыншама мұсылман қауымының бір тудың астында бірігуінен қатты сескенді. Алпауыттар мұсылмандар теперіш көрген сайын, панисламистік қозғалыстың күшіне мінетінін де түсінді. Батыс шым-шытырық осы қиын жағдайдан саңлау тауып шығу үшін Осман қолымен от көсегісі келді. Бірақ, Батыс алпауыттарының Қытай мұсылмандарына ұстанған саясаты олардың көздегендеріндей кәдеге аса қоймады.

ІІ Абулхамиттің Қытайға елшілер жібергендегі мақсаты дипломатиялық қарым-қатынас орнатумен, ондағы мұсылмандардың бетін Ыстанбұлға бұрғызу болатын. Шейхусилам Жамаладдин Әпендінің мақұлдауымен Сұлтан белгілі дипломат Әнуар Паша, офицер Назым мырза, дін ғұламасы Мұстафа Шүкір бастаған «насихат делегациясына» осындай зор міндетті жүктеді. Әнуар Пашаға Цинь патшалығының һәм Пекиндегі Германия өкілінің де көңілінен шығу арқылы ондағы мұсылмандармен тығыз байланыс орнату тапсырылды. Оларға қазынадан 500 лира ақша бөлінді.

Осман делегациясы 1901 жылы бір айға жуық уақыт жүріп  Шанхайға ат басын тіреді. Негізгі дені мұсылмандар қарақұрым халық дін бауырласатарын құрмет көрсетіп, құшақ жая қарсы алды. Шанхайдан кейін мұсылмандар көбірек шоғырланған өзге өңірлерге де сапар шекті. Осман делегациясы жүрген жерінде ІІ Абдулхамиттің мұсылмандардың халифасы екенін айтып үнпарақшалар таратты. Жұма күндері мешіттерде ІІ Абдудхамиттің атына құтпа оқытты. Батыстың тыңшылары бұл жағдайды Пекиндегі өз елшілеріне жеткізгенде, олар Осман делегациясының көтеріліске басу айту үшін емес, Қытай мұсылмандарын ІІ Абдулхамиттің халифалығын мойындатуға келгенін көріп, бірден теріс айналады. Тіпті, Әнуар Пашаны арнайы күтіп алуға тиісті Германия елшісі Осман делегациясының маңайына да жуымай қояды.

Сол кездегі Францияның Пекиндегі Елшісі Парижге жазған хатында, Осман делегациясының үндеулерінен кейін жер-жердегі Қытай мұсылмандарын толқытып, Қытайдың Шанхай, Гуондонь, Гуанджоу қалаларында панисламистік қозғалыстар пайда болғанын хабарлады.

Әнуар Паша бастаған Осман делегациясы төрт айға жуық уақыт Қытайда болып, ақыр-аяғында қаражат тапшылығын көре бастады. Осындағы Ресей елшілігі оларға көмек көрсетті. Ресейдің де Осман делегациясына қол ұшын созуында саяси астар жоқ емес-тін. Ресей сол кезеңде Батыс мемлекеттерімен Азиядағы отар елдер үшін бәсекелес болатын. Осы алаңдағы тартыста Ресей жалғыз еді. Ал, Османия секілді Ислам әлемін уысында ұстаған алып күшпен одақтасу Ресейге қай жағынан алып қарағанда пайдалы-тын. Ресеймен қатар Осман делегациясына көмек қолын созған Пекиндегі Австрия елшілігі еді. Вена өкілінің оң қабақ танытуына Әнуар Пашаның жұбайының австриялық болуы себеп болды.  Әнуар Паша сапарын сәтті аяқтап елге оралар сәтте Ресей Патшалығы Осман делегациясын теңізбен емес, құрлық арқылы Ресей жерімен Ыстанбұлға шығарып салуға уәде берді. Сөйтіп, Қытайға алғаш сапар шеккен Осман делегациясы аман-есен елге оралады.

Батыстың отаршылдық саясатына қарсы тұру үшін ІІ Абдулхамит ислам елдерінің көмегіне арқа сүйегісі келді. Әнуар Паша орнатқан Қытай мұсылмандарымен байланысты одан арықарай дамыту үшін 1902 жылы Мұхаммед Али атты кісіні жасырын аспан асты еліне аттандырады. Мұсылманша киім киген турист Мұхаммед Али Қытайдың түкпір-түкпірін аралап, ондағы мұсылмандармен Осман империясы арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға бар күшін салады. Оның араб және ағылшын тілін білуі, көздеген мақсатына жетуіне көп көмегін тигізеді. Қытай мұсылмандарының балаларын Ыстанбұлда білім алуына мүмкіндік тудырып, Осман империясынан келген қаржылай көмекті мұндағы мұсылмандарға таратумен шұғылданды. Сұлтан ІІ Абдулхамитке Қытайдағы 50-60 миллион шамасындағы мұсылманды Осман империясына қосып алу аса маңызды еді. Осы кезде Мұхаммед Али Қытай мұсылмандарының ішінде зор беделге ие Имам Ванг Хаоренді өзіне тартып үлгерді. Имам Ванг Хаорен ІІ Абдулхамиттің стратегиясын қос қолын көтеріп қолдады.

Имам Ванг Хаорен Қытай мұсылмандарына жәдидшілік ілімді насихаттап, медреселерде зайырлы білімді енгізуге күш салып жүрген болатын. Бұрын тек ислам пәндері және араб тілін ғана үйрететін қытай медреселері Иман Ванг Хаореннің реформасынан кейін, дүниелік ғылымдарды да білім жүйесіне енгізді. Қытай мұсылмандары Имам Ванг Хаоренді «Құрлықтарды жалғаған ағартушы» деп атайтын.

ІІ Абдулхамиттің жәдидшілдік реформасынан хабардар Имам Ванг Хаорен Осман елімен жақындасуды жақтап, 1906 жылы шәкірті Ма Деваомен бірге Меккеге хажылыққа барып, қайтарында Ыстанбұлға келіп Сұлтан ІІ Абдулхамиттің құрметті мейманы болды. Ванг Ыстанбұлда жүріп Осман мемлекетінің білім беру жүйесін зерттеп, ислам әлемінің мәселелерін терең түсініп білуге тырысты. Қытайға қайтып оралғаннан кейін Осман еліндегі жаңашылдықты үлгі етіп көрсетіп, мұндағы мұсылмандарды жаңа заманға сай мамандықтарды игеруге шақырды. ІІ Абдулхамит Вангқа кетерінде жәдидшілік оқудың әдістемелік құралдарын беріп, Қытайға барғаннан кейін университет ашуға кеңес берді. Осы бағытта Осман мемлекетінің Қытайдағы дін бауырластарына қаржылай көмек беретінін жеткізді.

ІІ Абдулхамит 1907 жылы Вангқа университет ашу үшін екі мұғалім аттандырды. Олар Мұхаммед Али Рыза мен Хафыз Хасан болатын. Ванг оларды Нюжие мешітіне апарып, мұсылмандарға жаңа оқудың тиімділігін жан-жақты түсіндірді. Қытай мұсылмандары жаңа оқу орнын ашу үшін Нюжие мешітінің ауласынан жер бөліп, алғашқыда екі аудиториядан тұратын оқу қорпусын салды.

1908 жылы көптен күткен Дарул Улумул Хамидия (Пекин Хамидия Университеті) ашылды. Унивеситеттің ашылуы Осман-Қытай қарым-қатынасын жаңа сатыға көтеріп, аспан асты еліндегі мұсылмандар Сұлтан ІІ Абдулхамитті өздерінің халифасы деп таныды.

Бұл туралы француз елшісі Парижге жазған хатында былай дейді: «1908 жылы ІІ Абдулхамиттің бастамасымен ашылған Осман туы желбіреген университетте қытай мұсылмандары Абдулхамиттің атына мақтаулар айтуда».

Пекин Хюзу (Қытай мұсылмандары) Тарих және Мәдениет зерттеу бөлімінің меңгерушісі Юнг Хай Хайпенг сол заманда Хамидия университетінің ашылуын үлкен жаңалық деп бағалайды. Хай Хайпенг арада 101 жыл өткеніне қарамастан, Қытай мұсылмандары Хамидия университетін аузынан тасамай айтып жүретінін, 3 курстан тұратын аталмыш оқу орнының ғимараты Нюжие мешітінің ауласында әлі сақталғанын айтады.

1908 жылдың соңына таман Осман мұғалімдері белгісіз себептермен елге оралды. Алайда, Хамидия университетінің жәдидшілдік бағыттағы білім беруі ісін қытай мұсылмандарының ішінен шыққан ғұламалар жалғастырды. Кейін қаражат тапшылығына байланысты, Хамидия университеті қарапайым мектеп деңгейіне түсті. 1949 жылы Маозының коммунистік реформасынан кейін араб тілінде білім беруге шектеу қойылып, тек қытай тілінде білім берілді. Мәдениет төңкерісі жылдары мұсылмандар бұл оқу орнын жабуға мәжбүр болды. Соңғы жылдары ғана Хамидия университеті қайтадан қолданысқа беріле бастады.

Қазір, діни білім алғысы келген қытайлықтар осы оқу орнында білім алуда. Ғимараттың тұрғызылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, қабырғалары әлі мықты. Кезінде өрнектері қасақана жойылғанмен, ғимараттың діни оқу орны екені қараған адамға бірден байқалады. Ғимараттың бірі бөлігі мұражайға айналдырылған. Бүгінгі Пекинде 200 мыңға жуық мұсылман өмір сүреді.

Қаланың Хуанфу квартылында салынғанына мың жылдан астам уақыт болған Нюжие мешіті тұр. Нюжие мешіті аспан асты елін исламға шақырып тұрса, Хамидия университетінің ескі ғимараты Пекиндегі Осман Сұлтаны ІІ Абдулхамиттің қолтаңбасын көрсетіп тұр.

Мұхан Исахан
kazislam.kz

 

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
3 года назад 1701
0 комментариев