Рамазаннан кейінгі 6 күндік нәпіл ораза жайлы не білеміз?
Рамазаннан кейінгі 6 күндік нәпіл ораза жайлы не білеміз?

Тәннің саулығы, жанның азығы болған ораза құлшылығы ислам шариғатында бірнеше санаттарға бөлінеді. Алла-Тағала Құран Кәрімде Рамазан айында ораза тұтуды бұйырғандықтан осы мезгілде ауыз бекіту мұсылмандар үшін парыз болып есептіленеді.

Егер, мұсылман адам белгілі-бір қайырлы істі көздеп, сол үшін ораза тұтуға уәде (нәзір) берсе, оны орындау және нәпіл оразаның кәффаратын жасау уәжіп (міндетті) болып саналады. Ал, Ораза айт және Құрбан айт күндері, Жұма күні және шариғатта ұнамсыз деп танылған т.б. күндері ауыз бекітуге, шариғатта мәкрүһ деп үкім кесілген. Сондай-ақ, аптаның Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері, әр айда үш күн ораза ұстау, Арапа күні, Шәууәл айында алты күндік ораза ұстау, Ашура күні және Шағбан айында ауыз бекіту нәпіл оразаға жатады.

Жалпы, құлшылық амалдар парыз, уәжіп, нәпіл болып бекітілуіне байланысты сауабы да әртүрлі деңгейде болады. Нәпіл ораза тұтқан мұсылман парыз және уәжіп оразалардың сауабын ала алмағанмен, бұл ғибадат пендені Аллаға жақындататын қайырлы амалдардың бірі болып есептелінеді. Мұсылман нәпіл оразаны ұстауға міндетті емес. Дегенмен, нәпіл оразаны шын ықыласпен ұстаса, оның сауабы телегей-теңіз. Алла Елшісі ﷺ өзінің мүбәрак хадисінде: «Қандай да бір пенде  Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Жаратушы сол күннің құрметіне оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады», – деп нәпіл оразаның мәртебесін ұлық етіп көрсеткен.

Алла Елшісі ﷺ өзі нәпіл оразаға ерекше ден қойып, бұл ғибағатты ынты-шынтымен атқарған. Айша (р.а.)  анамыз жеткізген бір хадисте: «Хақ Елшісі ﷺ Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері ауыз бекітуге ерекше мән беретін еді», – (Тирмизи, Саум, 44) деп айтады. Сонымен қатар, діни деректерде адамдардың жасаған амалдары Хақ Тағалаға осы күндері ұсынылатындығы баяндалады. Сондықтан да Пайғамбарымыз ﷺ Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері аса ынтызарлықпен нәпіл ораза ұстаған.

Сахабалар Алла Елшсінен ﷺ Дүйсенбі және Бейсенбі күндері ораза тұтудың хикметін сұрағанда, Ол ﷺ: «Ол күндері мен туылдым және маған алғаш рет уаһи келді» (Ахмад: Уасика) деп жауап берген. Алла Елшісі ﷺ басқа бір хадис-шарифінде: «Жұмақтың есіктері Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері ашылады» (Муслим: Саум) деп бұл күндердің артықшылығын айтқан. Одан басқа да Алла-Тағаланың осы күндері пенделерінің күнәларын кешіретіндігін баян еткен хадистер бар. Яғни, аталмыш күндері нәпіл ораза ұстаудың мәні өте зор.

Әрбір айдың 13, 14, 15 күндеріндегі ай толған мезгілде ораза тұту да Алла Елшісінің ﷺ сүйікті амалдарының бірі-тін. Арабтар осы мезгілді «Әййәмул-биид», яғни жарық күндер деп атайды. Мухаддис Әбу Дәуіттің «Сунанында» осы күндері ораза ұстағандардың сауабы он есе еселенетіндігі айтылады (Әбу Дәуіт. Сунан). Осы тұста қаперге алар жайт: үшті онға көбейтсек – отыз күн, яғни мұсылман адам нәпіл оразаға ниет етіп, айдың үш күнінде ауыз бекітсе, онда айы бойы, әрбір айда осылай жалғастырса, онда жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады.

Түбі «арафа» етістігінен шығатын білу мағынасын білдіретін Арапа күні ауыз бекіту де нәпіл оразаға жатады. Алла Елшісі ﷺ: «…Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін…» (Сахих Муслим. Саум), – деп Арапа күні ауыз бекітудің қаншалықты маңызды екеніне тоқталған. Тағы бір хадисінде: «Алла Тағала арапа күніндей адамдарды тозақ отынан азат еткен күні болған емес» (Мүсілім Хажж,436 ), – деп, Арапа күні ауыз бекіткен жанның күнәсі кешірілетінін ескертеді.

Рамазан айынан кейінгі келетін Шәууәл айында да алты күн ораза тұту  нәпіл оразалардың қатарына кіреді. Алла Елшісі ﷺ: «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – (Сахих Мүслим) деп, бұл нәпіл оразаның рухани салмағы зор екенін паш еткен. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір ізгі іс істесе, оның он есе қайтарымы беріледі» (Әнғам, 160), – деп бұйырады. Нағында, Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күнді қоссақ – отыз алты күн болады. Сонда, отыз алты күндік оразаны онға көбейтсек – үш жүз алпыс күн (айт күндері есептелмейді), яғни, біз жыл бойы ораза ұстаған боламыз. Демек, Шәууәл айында алты күн ауыз бекітудің сауабы өте мол деген сөз.

Ислам шариғаты бойынша Мухаррам айындағы Ашура күндері ауыз бекіту де нәпіл оразаның санатына енеді. Абдуллаһ ибн Аббастың айтуына қарағанда Хақ Елшісі ﷺ Мәдинаға келгенінде яһудилердің Ашура күні (Мухаррам айының оныншы күні) ауыз бекіткендерін көріп, мұның мәнісін сұраған. Олар: «Бұл күннің маңызы зор. Алла бұл күні Мұсаның ﷺ қауымын құтқарды. Перғауын мен оның патшалығын жойды. Мұса ﷺ осы күні шүкіршілік ретінде ораза тұтты. Бізде сол үшін ораза тұтамыз» деп жауап берген. Сонда Алла Елшісі ﷺ «Мұсаға сіздерден қарағанда біз жақынбыз» деп, өзі осы Ашура күні ораза тұтып, сахабаларды осы күні ораза ұстауға шақырған. Осыдан кейін мұсылман қауымы Ашура күндері ауыз бекітуді дәстүрге айналдырды. Алла Елшісі ﷺ: «Ашура күні пайғамбарлар ораза тұтқан. Сендер де ораза тұтыңдар», (Бұхари, Саум) – деп мұсылмандарға бұл оразаның түпкі мәні тым әріден басталатынын баян қылған.

Жалпы, парыз және уәжіп оразаларға қарағанда нәпіл ораза түр мен мазмұнға бай. Оның бір дәлелі жылдың әртүрлі мезгілінде шариғат бекіткен атаулы күндері нәпіл оразаны ұстауға болады. Мысалы, Рамазаннан бұрынғы Шағбан айында да мұсылмандар нәпіл ораза тұтады. Шағбан айы – Алла Елшісінің ﷺ сұлу сүннетін берік ұстап, күнбе-күн дембіл-дембіл ауыз бекітіп, алдағы Рамазан айына рухани және психологиялық тұрғыда дайындық жасауға мүмкіндік беретін шұғылалы шақ. Хадистерде Хақ Елшісінің ﷺ  Шағбан айында көбірек ораза ұстағаны айтылады. Бұл хақында мүміндердің анасы Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісі ﷺ өзге айларда Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтпайтын еді»(Мүслим. Саум) – деп риуаят еткен.

Нәпіл ораза міндетті емес, ерікті түрде жасайтын құлшылық. Дегенмен, нәпіл оразаға ниет етілсе, ол себепсіз бұзылмауы керек. Себебі, Құранда: «Бастаған амалдарыңды бұзбаңдар» (Мұхаммед, 33), деп бұйырады. Егер, нәпіл ораза белгілі бір себептермен  бұзылатын болса, оның қазасын өтеу – уәжіп болып саналады. Яғни, нәпіл оразаға ниет етілген ләмді жұтпай, орындай білу – біздің мұсылманшылдығымызға сын. Олай, болса, мұсылман қауымға Аллаға жақындата түсетін нәпіл оразаларды шариғат бекіткен мезгілде мекем тұтуды жазсын!

Ермек Мұқатай, ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы

stan.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
7 лет назад 4470
0 комментариев