Сәләфиліктің доктриналық және канондық негіздері
Сәләфиліктің доктриналық және канондық негіздері

Сәләфилік идеологияның доктриналдық және канондық негіздерін ХІІІ ғ. өмір сүрген исламдағы ханбали мәзһабының ғалымы Тақиуддин ибн Тәймийә қалаған. Қазіргі сәләфилік қозғалыстың философиялық және құқықтық дүниетанымы осы Ибн Тәймийәнің теориялық мұрасынан бастау алады.[1]

Ибн Тәймийәнің философиясы өз дәуірінде ешқандай қолдауға ие болмағандықтан, жалғасын тапқан жоқ. Дегенмен, оның сәләфилік ілімі ХVІІІ ғ. Сауд Арабиясы Корольдігінің қалыптасу кезеңінде Мұхаммедибн Абд әл-Уаһһаб әт-Тәмими (1703-1792) бастаған діни-саяси қозғалыстың идеологиясы ретінде қабылданды.

Сәләфилік идеология тоқырау мен соғыс жағдайында туындаған Ибн Тәймийәнің діни көзқарастарынан ғана емес, сондай-ақ, харижилердің[2] де діни-саяси идеяларымен толықтырылып, қалыптасты.[3] Сондықтан сәләфилікті ұстанушылардың арасында өзге дін өкілдері мен сәләфиліктен басқаша діни ұстанымдағы мұсылмандарды күпірлікпен айыптау (тәкфір)[4], оларды дұшпан санау, діни негізде отбасылық қатынастарды бұзу[5], өзге мәдениет пен өркениет мұраларына төзімсіздік таныту[6], Құдайдың заңымен реттелмейтін мемлекет пен қоғамнан оқшаулану[7] көріністері жиі байқалады.

Мұндай көріністерді алғашқы сәләфилердің де іс-әрекеттерінен көруге болады. Көптеген тарихи деректерге сәйкес, сәләфилік қозғалыстың мүшелері Араб түбегінде ықпалды саяси күшке айналған кезде елдегі зияратшылар мен қажылыққа барған адамдардың өмірлеріне қастандық жасау, Осман империясымен соғысу, кесене-қабірлерді қирату және өздерінің діни сенімін күштеп насихаттау әрекеттерін жүзеге асырған. Сәләфилер әлемдегі мұсылмандардың арасына жік түсіріп, көптеген елдерде діни алауыздықтардың орын алуына себеп болды.

Бүгінгі күнде әртүрлі саяси және геосаяси жағдайларға байланысты сәләфилер көптеген қозғалыстар мен ағымдарға, ұйымдар мен жамағаттарға бөлініп кетті. Олардың ішінде кейбірі саясатқа араласып, кейбірі мемлекет парламентінде толыққанды партия ретінде белсенділік танытып жатса[8], кейбірі өздерін басшыға бағынатын, тек діни ілімді насихаттаушы ұйым[9] ретінде танытуға әрекеттенуде.

Алайда, сәләфилік сонымен қатар ислам атын жамылған экстремистік ұйымдардың басым бөлігінің идеологиялық тінін құрап отыр. Олардың ішінде мысалы тәкфіршіл экстремистік ұйымдар: «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Ат-тәкфір уәл-хиджра», «Лашкар-е-Тайба», «Әл-Каида»[10] және оның Ирактағы қанаты «Ан-Нусра фронты», «ДАИШ», «Кавказ Имараты» жатады. Аталмыш ұйымдардың барлығы соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдар деп танылған[11].

Жалпы, шетін көзқарастардың белсенді таралуы және содырлық әрекеттердің іске асырылуы көбіне салафилікті ұстанушылардың арасында орын алатындығының өз себептері бар. Мұны осы идеологиядағы топтардың жамағатішілік ұстанымдары мен қағидаттарынан көруге болады. Шетін діни көзқарастар сәләфилік діни-саяси қозғалыстың негізін қалаған Мұхаммедибн Абд әл-Уаһһабтың әртүрлі кітаптары мен шығармаларында кездеседі.

Бұл кітаптардың бірқатары бүгінде Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған әдебиеттердің қатарын толықтырып отыр[12].

Әдістемелік тұрғыдан алғанда сәләфилік идеологияға негізделген ағымдар мен ұйымдар іс-әрекеттерінің ерекшеліктеріне қарай алуан түрлі болып келеді[13]. Дегенмен, исламдық емес немесе зайырлы қоғамға қауіптілігі жағынан бір-біріне ұқсас ортақ көзқарастарға ие.[14]

Сәләфилік ағымдардың діни көзқарастары ибн Тәймийә, Ибн Қайим әл-Жәузи, Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб және басқа да әйгілі сәләфилік авторлардың діни еңбектеріне негізделіп, жаңа заманда саудиялық абд әл-Азиз ибн Бааз, Мұхаммед Насруддин әл-Албани, Мұхаммед ибн Салих ибн Усаймин, әл-Фаузан, египеттік Ясир Бурхами, Ахмад Хутайба, Мұхаммед Хассан, Мұхаммед Хусайн Яғқұб, Абу Исхақ Хуайни және басқа да идеологтардың пәтуаларымен қалыптасты.

Сондықтан бұл ұйымдардың діни ұстанымдары мен көзқарастары бір-біріне өте ұқсас келеді. Олардың идеологиялық ұстанымдары ортақ еңбектерге – Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың және саудиялық дін ғалымдарының кітаптарына негізделеді[15].

Сәләфилік идеологиясының дәстүрлі исламнан (ханафи мәзһабы[16], матуриди сенімдік мектебі[17]) айырмашылықтары әдістемелік негіздерден тұрады. Мұнда әсіресе сәләфилік идеологтардың дәстүрлі мәзһабтарды мойындамайтындығын ерекше атап өту қажет[18].

Сәләфилікті насихаттайтын тұлғалар мұсылмандарды дәстүрлі исламды үйрететін мешіт имамдарын тыңдамауға шақырады[19]. Сондай-ақ өз жамағаттарындағы адамдарды ақпараттық оқшаулау мақсатында сәләфилер оларға да мешіт имамдарының уағыздарын тыңдауға тыйым салады.

Сәләфилер өз ішінде әртүрлі діни-саяси мақсаттарды көздейтін топтарға бөлінген. Сондықтан олардың арасында туындалған мәселелерге қатысты шариғи үкімдер жүйесіз әдістермен, көбіне дербес түрде қабылданады. Сәләфилік жамағаттар арасында бірдей мәселелерге қатысты түрлі көзқарастардың туындауына байланысты олардың ішінде діни негіздегі бөлінушіліктер мен араздықтар жиі орын алады. Дегенмен, сәләфилік жамағаттар мен топтар мүдделес істерде ұжымдасуға әр уақыт дайын тұрады[20].

Сәләфиліктің тармақтары

Сурурилер, мадхалилер, тәкфіршіл-жиһадшылар – өздерін таза мұсылман санайтын сәләфи ағымының өкілдері. Сурурилер – Сауд Арабиясы билігінің елге Америка Құрама Штаттары әскерлерін кіргізу шешіміне қарсы шығып, оларды кәпір ретінде айыптаған мәдиналық сәләфилер жамағаты. Сурурилердің басшысы Сириялық Мұхаммед әс-Сурури болып табылады. Сәләфилік ағымының екінші бір идеологы Насруддин әл-Албани оларды «сурурилер» деп атап, харижилер (мұсылман жамағатынан бөлінген тұңғыш діни-саяси топ) қатарына жатқызған.

Мұхаммед әс-Сурури өткен ғасырдың 50-60 жылдары «Ихуан-Мүслимин» («Мұсылман бауырлар») саяси ұйымының белсенді мүшесі болған. Сайд Құтбтың «әділетсіз басшыға қарсы шығу керек» деген идеяларын жалғастырып, сол кездегі ихуандарды дәстүрлі сунниттік бағытты ұстау жолында реформа жасауға шақырды. Сириялық ихуандар болса, өзге ағымдарды жамандау ихуандардың жағдайын әлсіретіп, халықты билікті құлату үшін көтеруге кедергі келтіреді деп санаған.

Сурурилерге «байсалды» деп анықтама беру негізсіз, олар төзімсіз діни ағымға жатады. Саудиялық сурурилер бес уақыт намаз оқымаған мұсылманды кәпір деп есептейді. Сондай-ақ мемлекет билігінің кәпір елдермен қарым-қатынас жасамауы қажет деп санайды. Бұл топ Ибн Тәймийә мен оның идеяларын саясиландырып жалғастырған Мұхаммед Абд әл-Уаһһабтың көзқарастарын ұстанады. Саудиялық сурурилер «Араб көктемінің» басталуына идеологиялық тұрғыдан дайындық жүргізген белсенділер қатарынан болып табылады.

Сурурилердің шетелдік идеологтары қатарында Насыр әл-Омар, Сүлеймен әл-Ауда және Аид әл-Қарни сияқтылар болса, орыс тілділер ішінде Э. Кулиев, Надир Әбу Халид, Абу Умар Саситлинский және т. б. бар.

Мадхалилер – Рабиибн Хади әл-Мадхалидің көзқарастарын ұстанған мәдиналық сәләфилер. Таяу Шығыста 1991 жылы Сауд Арабиясы территориясына Америка әскерлерін кіргізуге байланысты мәселеде екі пікір қалыптасады. Сурурилер әскер кіргізуді күпірлік деген болса, мадхалилер билік қолдаған кез келген жүйені жақтаған.

Эфиопиялық Мұхаммед Аман әл-Жами өкіметтің ұстанымын қолдап, қарсы шыққандарды «харижилер» деп жариялаған. Бұл Фахд ибн Абдул Азиз ибн Абдуррахман әс-Сауд басқарған Саудия билігіне ұнап, өкіметтің қолдауымен сурурилер өздеріне қарсы шыққандардың бәрін адасқан, бидғатшыл және өкіметке қарсы шығушы деп кінәлайды.

Осы ұстанымды әрі қарай Раби әл-Мадхали жалғастырады. Оның ұстанымы «Мұсылман бауырлар» және Сайд Кутбтың көзқарасына қарсы реакция ретінде пайда болған. Ол Сайд Құтбтың «әділетсіз басшыға қарсы шығу керек» деген ұстанымына қарсы шыққан. Мадхалилер сурурилерді көп жағдайда «ихуан», «құтбшылдар» немесе «харижилер» деп атап, өздерін жақсы жағынан көрсетуге әрекет етеді.

Олардың негізгі ұстанымы қандай жағдай болмасын мемлекет басшысына бағыну болғандықтан, мадхалилер кейбір араб-мұсылман елдерінің билік өкілдеріне ұнап, белгілі бір дәрежеде қолдау табуда. Олар өздерін мадхали деп атамайды және тақлид (еліктеу, ұқсау, біреудің ісін қайталау, біреудің жолымен жүру) жасауды дұрыс деп санамайды. Дегенмен өз шейхтарына тақлид жасай береді.

Өздерін нағыз салафи, әхли сунна уәл жамағат жолында деп санап, өзгелерді адасуда деп ойлайды. Негізгі идеологтары – ибн Тәймийә, ибн Қайим, Мұхаммедибн Абд әл-Уаһһаб, Абд әл-Азиз ибн Бааз, Мұхаммедибн Салих әл-Усаймин, Салих әл-Фаузан, Насруддин әл-Албани, Абд әл-Мухсин ибн Бадр әл-Аббад, Раби ибн Хади әл-Мадхали және т. б.

Мадхалилер сырттай байсалды болып көрінуге тырысқанымен, олардың әрекеттері конспиративті ұстанымда екенін байқауға болады.

Тәкфіршіл-жиһадшылар ислам діні жөніндегі мәселелерде өзінің ұстанатын діни түсінігі мен бағыт-бағдарына сәйкес келмейтін кез келген адамға (әсіресе мұсылманға) «кәпір» деген айып тағу арқылы оны діннен шыққан деп есептейді. Олар өздерінің идеологияларында сәләфилік діни түсінікке сүйенеді. Дәстүрлі исламды ұстанатын өзге мұсылмандарға «дінсіз» деп үкім береді.

Тәкфіршіл-жиһадшылар «біз тек Құран мен сүннетті басшылыққа аламыз, ал Құран мен пайғамбар сүннетінде мәзһабтар туралы ештеңе айтылмаған, ондай түсінікке дінде орын жоқ» деген идеяны алға тартады. Олар дәстүрлі исламда бұрыннан қалыптасқан мәзһаб түсінігіне қарсы шығып, дінге сенушілер арасында іріткі салып адастырады.

Тәкфіршіл-жиһадшылар әулиелерді құрметтеуді, бейіт басына құран бағыштауды, жұлдыз-жорамалды, ырым-нанымдарды, ұлттық салт-дәстүрлерді «бидғат» яғни дінге жаңашылық енгізу деп есептейді. Ал дінге жаңашылдық енгізген адамға «муртад» – діннен шыққан деген айып тағып, кәпір деп санайды.

Тәкфіршіл-жиһадшылар мұсылман елдеріндегі билік басшыларының, сондағы құқық қорғау органдары мен құрылымдарының әрекеттері өздерінің идеологияларына қайшы келсе, оларға қатысты «тәкфір» үкімін жариялап, ондай мемлекетті «тағұт» (пұтқа табынушылар) деп атайды.

Айналадағы қоғамды толығымен кәпірге шығарып, «тағұт» деп айып таққан соң, тәкфіршіл-жиһадшылар екі әдістің бірін қолданады: «кәпір» атанған өзінің тұрып жатқан жеріне «жиһад» (соғыс) жариялайды немесе ислам жеріне «хижра» (көшу) жасайды. Олардың бұл әдістері дәстүрлі ислам қағидаттарына сәйкес келмейді.

Kazislam.kz

[1] Тақиуддин Абул-Аббас Ахмад ибн Абдулхалим ибн Мадждиддин ибн Абдуссәләм ибн Тәймийә (1263/1328 миләди) моңғол-татарлардың мұсылман мемелекеттеріне шапқыншылық жасаған кезеңінде өмір сүрді. Осыған орай, ол бұл тоқыраудан шығу және исламның жер бетіндегі басымдылығын қайта жаңғырту мақсатында сәләфилік идеяға негізделген доктринасын өрбітті.

[2]Харижилер (араб тілінен аударғанда – «бөлініп шығушылар», «тастап кетушілер») VII ғасырда ресми билікке қарсы шығып, мұсылмандардан бөлініп шыққан ислам тарихындағы тұңғыш діни-саяси топ.

[3]Сәләфилік идеологиясында харижилердің «ат-таухид әл-хакими» (Үкімді тек Алла береді) қағидаты бар. Бұл қағидат бойынша барлық үкімдер тек Алла тарапынан қабылданады. Ал егер үкім Алла түсірген заңмен шығарылмаса, олардың сенімі бойынша бұл «күпірлік» деп саналады. Осыған орай сәләфилік идеологы Салих Әли Шейх Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың «Үш негіз» трактатына түсіндірме жасай отырып, исламға жатпайтын кез келген заңдар мен құқықтық жүйелерге жүгінуді күпірлік, ал оларға негізделе үкім етушілерді кәпір деп атап өткен: «Егер кімде-кім Алланың түсірмеген заңымен басқаруға болады деп басқаратын болса, расында ол тағұт болып саналады», «Зайырлы немесе исламдық емес заңдармен басқару үлкен күпірлікке жатады, өйткені ол шариғатты өзге шариғатпен ауыстыруда. Ислам шариғатының орнына Францияның, Еуропаның, Англияның, Американың заңдарын басшылыққа алып отыр». (Салих ибн Абд әл-Азиз Әлі Шейх. «Шарх саләсат иль-усуль уа адилләтуһу» (Үш негіз және оның дәлелдері еңбегіне түсіндірме), «Дар уль-Мұстафа» баспасы, Каир – ЕАР, 2011 ж., 160 бет.

[4]Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб өзінің «Науақид уль-Ислам» (Исламды жоятын себептер) атты трактатында: «Кім мүшріктерді кәпір деп айтпаса, ол  кәпір болады» деген секілді тұжырымдарды жиі насихаттаған. Нақ осы тұжырым бүгінде сәләфилік негізінде туындаған радикалды идеологияның басты ұйытқысы болып отыр. Себебі, экстремистік ұйымдар мұндағы «мүшрік» атауын өздерімен келіспейтін немесе өздері ұнатпаған адамға, қоғамға, үкіметке немесе өзге бір саяси режимдерге қатысты еркін қолдана береді.

[5]Сәләфиліктің идеологы Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб өзінің «Үш негіз» атты кітабында діни төзімділікті жоюға әрі діни негізде отбасылық, туыстық қатынастарды үзуге үндейтін идеяларды белсенді насихаттаған. Мұны оның: «Кім Алланы жалғыз деп танып, пайғамбарының артынан еретін болса, Аллаға және пайғамбарына бойсұнбағанды дос тұтуына болмайды. Тіпті, ол оның ең жақын туысы – әкесі, анасы, бауыры, әпке-қарындасы, туысқаны болса да онымен дос болуға болмайды» деген ойларынан көруге болады.

[6]Сәләфилік идеологиясы өзге өркениеттің діни және тарихи-мәдени жәдігерлерін бұзуға үндейді. Мұны Сауд Арабиясының белгілі сәләфилік идеологы Салих ибн Фаузан әл-Фаузанның 2001 жылы Ауғанстандағы тәліптердің Будда мүсінін бұзу оқиғасына қатысты білдірген ұстанымынан байқауға болады. Осы мәселеге байланысты берген сұхбаттардың бірінде: «Пұттар мен мүсіндерді бұзу – міндетті іс! Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар да, Меккені басып алған Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар да осылай жасаған. Қолында билігі бар, мұндай істі жүзеге асыра алатындар үшін мүсіндерді қирату – міндетті амал. Алайда ең алдымен қабірлердегі зиярат орындарын бұзу қажет! Талибан қабірлердегі зиярат орындарын бұзды ма?! Егер олар зираттарды бұзып барып, мүсіндерді қиратқан болса – тамаша болғаны» деп өз ойын жариялаған. (http://www. 4shared. com/audio/2VgoRDFw/Fauzan-Taliban-tamasil. html).

[7]Сәләфиліктің идеологы Салих ибн Фаузан Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың «Китаб ут-Таухид» атты еңбегіне түсіндірме жасай отырып, кітабында діни емес қоғамдық-саяси элементтерді күпірлік ретінде айыптаған: «Кәпірлердің атеистік ағымдарына жататын коммунистік, зайырлы, демократиялық, капиталистік және басқа да тараптарын қолдау – ислам дінінен бас тартуды білдіреді. Егер аталмыш ағымдардың жақтастарының бірі өзін исламды ұстанатындығын жарияласа, бұл оның үлкен екіжүзділік танытқанын көрсетеді. Өйткені екіжүзділер исламға сырттай ғана жақтасады, ал іштерінен олар кәпірлермен бірге болмақ».

[8]Осыған мысал ретінде сәләфилердің Египет парламентіндегі «Хизб ан-Нур» партиясы 2012 жылғы сайлауда жалпы халықтың 24 пайыз дауысын иеленгендігін атап өтуге болады. Қазіргі мемлекеттік кеңесте 20 пайыздық орын иеленген бұл партия, «Ихуан-Мүслимин» партиясынан кейінгі екінші саяси ұйымға айналған. Сонымен қатар, осы партияның атымен Палестина парламентінде өз жұмысын жүргізіп отырған партия бар. Ал Йеменде сәләфилердің «Хизб ар-рашад ас-салафи» партиясы елдің саяси өміріне белсенді ықпал етуде.

[9]ХХ ғ. соңында Сауд Арабиясы билігіне қарсы идеяларға тосқауыл қою мақсатында шығарылған «Мадхалия» сәләфилерінің пікірінше, мұсылман қоғам кез келген жағдайда ел басшысының және үкіметтің ұстанымдарына қарамай оларға сөзсіз бағынуы, әмірлерін екі етпей орындауы тиіс. Әрі басшы өзін мұсылманмын деп білсе, ол елін зайырлы заңдармен билесе де, халқы үшін рухани көсем ретінде мойындалады. Мадхалишылар мен өзге бағыттағы сәләфилердің көзқарастары осындай бірқатар пікірлерде ғана бір-бірімен қабыспауы мүмкін.

[10]Бұл ұйымдардың барлығы салафилікті ұстанады. Мысалы, «Әл-Каида» ұйымының Мароккодағы қанаты «Жамағат ус-салафия ли-дағуат уәл-қитал» діни радикалды ұйымы өзінің «әл-Мисақ» деп аталатын құрылтай құжатында ұстанатын сенімін «Ас-салафия» деп көрсеткен. (https://www. paldf. net/forum/ showthread. php?t=54607).

[11]Соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдардың тізімі // http://www. din. gov. kz/

[12]Сәләфилікті насихаттайтын материалдардың ішінде Қазақстанда сот шешімімен экстремистік деп танылған 300-ден аса мәтіндік, дыбыстық және бейне өнімдері бар. Солардың ішінде әсіресе Сауд Арабиясындағы Ғұламалар Кеңесінің ресми өкілдері әрі мүфтилерінің қаламынан шыққан Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһабтың «Үш негіз» кітабына жасалған Ибн Усайминнің түсіндірмесі, Ибн Бааздың «Әһлі сүннет ақидасы», Салих ибн Фаузанның «Ауғанстан және Шешенстандағы жиһад үкімі» секілді тұлғалардың еңбектерін мысал ретінде көрсетуге болады. Экстремистік материалдар туралы толығырақ мәліметтер ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайтында (http://pravstat. prokuror. kz/kaz) жарияланған.

[13]Сәләфилік идеологиясын ұстанатын ағымдар, ұйымдар, топтар өздері өмір сүріп жатқан елдегі діни-саяси ахуалға, өздерінің құрылу мақсат-мүдделері мен миссиясына, ұйымдық-құрылымдық ерекшеліктеріне және басқа да факторларға байланысты бір-бірінен біршама ерекшеленуі мүмкін. Олардың ішінде, мысалы Саудия королін басқа радикалды топтардың қарсы үндеулерінен қорғаштап, ақтайтын «мадхалилер», Таяу Шығыста орын алған саяси қақтығыстар нәтижесінде пайда болған «сурурилер», өзге елде өз өкілдігін орнату үшін Сауд Арабиясының бастамасымен және қолдауымен Египетте құрылған «Александрия сәләфилері», «Ансар ас-Сунна», «Әл-жамаға аш-шарғия» және т. б. көптеген ұйымдарды атап көрсетуге болады.

[14]Сәләфилердің фундаменталды еңбектерінен келтірілген дәйексөздерден аңғарылатынындай, сәләфилік идеологиясы діни негізде айналадағылармен әлеуметтік қатынастарды, әсіресе отбасылық-туыстық байланыстарды үзуге; зайырлы немесе кез келген исламдық емес заңдар аясында өмір сүріп жатқан қоғамнан оқшаулануға; ұлттық құндылықтармен және әдет-ғұрыптармен сабақтасқан дәстүрлі діни ұстанымдардан бас тартуға; көпконфессиялы қоғамда діни мәмілегерлік пен төзімділікті жоюға; сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамаларын, өзге зайырлы немесе исламдық емес елдердің заңдарын мойындамауға үндейді.

[15]ҚР МСМ Дін істері комитеті 2011-2016 жж. аралығында сәләфилік және экстремистік сарындағы материалдарға жүргізген дінтану сараптасының қорытындыларына жасалған талдауға сәйкес САК, ЕАР, Ливан, Йемен және басқа да мемлекеттердің баспаларында әртүрлі сәләфилік ұйымдар тарапынан шығарылған әдебиеттер мен ақпараттық материалдар ортақ діни идеологтардың пікірлеріне сүйенетіндігі анықталды.

[16]Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңының преамбуласында осы Заң ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитыны атап өтілген.

[17]2015 жылдың 19 ақпанында ҚМДБ тарапынан қабылданған «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы» атты құжатында дәстүрлі ислам жөнінде келесідей түсінік берген: «ҚМДБ Ислам дінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде имам Әбу Ханифа мазһабын ұстанады. Мұсылман үмбетінің басым көпшілігіне ортақ сенім ұстанымдары мен шариғат шарттарын уағыздайды. Сенім, иман мәселелерінде имам Матуриди ақидалық мектебінің жолын ұстанады».

[18]Ибн Тәймийәнің «Әл-ақида әл-уасытыйя» кітабына түсіндірме жасаған сәләфилік идеологтарының бірі Мұхаммед Халил Харрас өзінің кітабында: «Ашарилер мен матуридилер әһлі сүннетке жатпайды. . . Расында әһлі сүннетті үшеу: сәләфилер, ашарилер және матуридилер деп айтатындар қателеседі. Бұл үлкен адасушылық» (89 б. ) деп, дәстүрлі исламды ұстанушылар жөнінде өз пікірін білдірген. / М. Х. Харрас. «Шарх уль-ақидат иль-уасытия», «Дурар ас-сания» баспасы, Заһран – САК, 2013ж.

[19]Сәләфилер өздерінен басқа фиқһтік мәзһабтар мен сенімдік мектептердің өкілдерін «әһлі сүннет» (суннит) ретінде санамайды. Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандары үшін ежелден дәстүрлі деп танылған матуриди сенімдік мәзһабын адасқан деп біледі. Осыған орай, сәләфилік идеологтар өз жамағатына Қазақстанда заңды түрде діни қызмет жүргізіп келе жатқан ҚМДБ мешіттерінің имамдарының уағыз-насихаттарын тыңдауға тыйым салған.

[20]Мұның мысалын сәләфилік топтардың 2011 жылы Египетте өткен парламенттік сайлаулардағы әрекеттерінен айқын көруге болады. Аталмыш парламенттік сайлауларда «Мұсылман бауырлар» 40% жуық дауысқа, ал сәләфилердің «ан-Нур» партиясы 24% дауысқа қолжеткізген еді. Билікті қолға алуды көздеген сәләфилер «Мұсылман бауырлар» партиясымен бірлесе отырып, екі партия жалпы 70%-ға жақын дауысқа қол жеткізді. Алайда 2013 жылдың жазында Сауд Арабиясының материалдық қолдауы арқылы жаңа келетін биліктің әрекетіне вето білдіру құқығына ие болуды көздеген сәләфилер «Мұсылман бауырлар» партиясымен ара-қатынасты бұзып, әскери үкіметтің тарапын жақтап кетті. Бұл оқиғада сәләфилер саудтықтар тарапынан бөлінген ірі көлемді қаржыға қол жеткізу және саудиялық сәләфилермен қатынас орнату үшін жергілікті әртүрлі сәләфилік ұйымдардың әлеуеттерін жұмылдырғандығын байқауға болады.

kazislam.kz

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 2874
0 комментариев