СҮЙЕККЕ ТҮСЕТІН адам НЕНІ білуі керек?
СҮЙЕККЕ ТҮСЕТІН адам НЕНІ білуі керек?

Қандай жағдайға дайын болуы тиіс?

Қазақтың салт-дәстүрінің ішінде қалтқысыз орындалуы тиіс ғұрыптар көп. Соның ішінде қайтыс болған адамның мәйітін мәңгілік мекеніне аттандыру үшін орындалатын «сүйекке түсу» ғұрпын біле бермейтіндер де баршылық. Бұлай дейтінім, бұрындары есімде қалып кеткен бір апаның айтқаны бар еді... «...Өзімнің алдымдағы абысыным аяқ астынан қайтыс болды. Ажал қашан айтып келіп еді, ең кенжесін аяқтандырғанына аз ғана уақыт болған. Бірден жүрек тоқтап қалыпты, жатқан төсегінен оянбады. Оқыс қазадан есеңгіреп жүріп дайындық жасап жатқанбыз. Ауылдағы үлкен шешей «сен және сен кіресің» деп абысынның денесін жууға мені де қосты. Басында не істерімді білмей сасып қалдым. Өмірімде сүйекке түскен емеспін. Мәйіт көргенім болмаса денесіне кім қол тигізіп көріпті?! Қипалақтағаныма қараған жоқ, «дайындалыңдар» деді. Менен басқа кіретін құдағи тағы жөн білетін жан екен. Менің түрімнен байқады ма, ымдап шақырып алды да, түсіндіріп берді. Сол кісі түсіндірмесе, мән-мағынасын да, неден бастап, неден қою керегін де білмейді екенмін. Басында қорыққанмен, кейін денем үйренді... Сосын өзімнен кейінгілерге орайы келсе айта жүретін болдым...», - деген еді ол. Расында да әрбір адам біле жүретін-ақ ғұрып. Жөн білетін үлкендердің айтқанына кейде құлақ аса қоймай, ұқыппен тыңдамай кететін кездеріміз көп болады емес пе? Сүйекке түсетін адам нені білуі керек? Осы турасында ғаламтордағы ақпараттардан біршама ақпарат жинап көріп едім. Мәйіттің денесі хош иістендірілген арнайы ғұсыл үстелінің үстіне жатқызылады. Жүзі мен аяқтары құбылаға бағытталады. Үстінен перде ұсталған соң киімі шешіледі. Мәйіттің әуреті қолға шүберек оралып не ақ матадан арнайы тігілген қолғаппен перденің астынан жуылады. Дәрет алынатын дене мүшелерінен бастап жуу. Мұрын мен ауыз қуыстары сулы шүберекпен сүртіледі. Егер жүніп екені белгілі болса, онда қолдан келгенше аузы мен мұрны да жуылуы шарт. Мәйіттің денесіне сидр езілген жылы су құйылады. Шашы бөлек жуылып, оған хош иіс жағылады. Мәйіт сол жақ қырына жатқызылып, денесінің оң жағына су құйылып жуылады. Сосын оң жақ қырына жатқызылып, денесінің сол жағына су құйылып жуылады. Мәйітті жуындырушы оның арқасын өзінің оң иығына сүйеп отырғызып, сол қолымен ақырын ішін сипалайды. Егер артқы жыныс жолынан нәжіс шықса, орны жуылады. Ғұсыл қайталанбайды. Тағы нені білген дұрыс? Кебін туралы және оның қалай кигізілетіні туралы да білген артық болмас. Сүннет бойынша ер кісінің кебіні үшеу: изар – шалбар, қамис – көйлегі, лифафа – орамал, лыпасы. Ал, ең аз түрі изар мен лифафа болуы керек. Үзірсіз жағдайда бір ғана киіммен шектелу мәкруһ саналады. Изар басынан бастап аяқтарына дейін, лифафа да сондай болуы керек. Қамис жеңсіз, қалтасыз мойнынан аяққа дейін болады. Бұл кебіндерге кемінде үш рет әтір себіледі. Сосын лифафа орамасы төселіп, оның үстіне изар төселінеді. Жуылған мәйіт құрғатылған соң изарға жатқызылады. Басына және сақалына хош иісті әтір суы себіледі. Сәжде жасайтын мүшелер – маңдайы, мұрны, екі алақаны, екі тізесі, табандарына жұпар иісті кафур өсімдігі қойылады. Сосын қамисы кигізіледі. Содан соң сол жағынан оң жағына қарай изармен оралады. Лифафа да осылай оралады. Егер кебіннің жайылып кетуі қаупі туса екі жағынан байланады. Сүннет бойынша әйелдің кебіні кеудеше изар, орамал, орама лифафа және кеудесін байлайтын хариқа – матадан тұрады. Кеудеше қамисты білдіреді. Изар, лифафа және орамал жеткілікті түрде болуы керек. Зәру жағдайларда табылған нәрсемен кебіндейді. Үзірсіз жағдайда екі киіммен шектелу мәкруһ. Хариқаның ені төсінен санына дейін болуы шарт. Бас жабатын орамалдың ені үш шынтақтай болуы керек. Кебінделу түрі: кебіндерге тақ санмен (1-3-5-7) иіс су себіледі. Бірінше лифафа, оның үстіне изар төселініп, мәйіт жатқызылады. Кеудешесі кигізіледі. Екі шашын екі бөліп кеудешесінің сыртынан кеудесінің үстіне қояды. Сонан соң осылардың үстіне орамал қойылады. Қамистың үстіне кеудесін жабатын шүберек байланады. Алдымен бірінші изар, сосын лифафа оралады. Шешіліп кететін болса екі жағы байланады.

Жинақтаған: Қ.Сауран, ERNUR.KZ

Ернар ЕлмуратовЕрнар Елмуратов
4 года назад 1839
0 комментариев